Қазақстан • 23 Қазан, 2017

Тұран-Астана университетінің ректоры: Құтты қадамды құптаймыз

884 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ тілі – тамырын тереңге жайған, сонау түркілік дүниеден желі тартып келе жатқан көне де жаңа тіл. Олай дейтін себебіміз, жеке халық, ұлт тілі ретінде қазақ тілінің зерттелу тарихы, ғылыми-теориялық негізі бертінде жасалғанмен, оның тұғырнамасы түркі тілдерінің бірі ретінде әлдеқашан қаланып қойған. Сол себепті де ол бүгінгі жаһандану әлеміне жасқанбай аттайтындай негізге ие. Өзінің методологиялық негіздемесі берік қаланған тіл алдындағы қандай биікті болсын бағындыра алады.   

Тұран-Астана университетінің  ректоры: Құтты қадамды құптаймыз

Жаһандану заманында қазақ тілін басқа бәсекелес тілдерге қар­сы тұрып, олармен иық тірестіре ала­тындай деңгейге жеткізу және оның жолдарын қарастыру – ұр­пақ алдындағы парызымыз. Осы орайда латын графикасына көшу – тілімізді сақтап қана қой­май, оны дамытуға, әлемдік аренаға халық­аралық тіл ретінде шығуы­на мүм­кіншілік жасайтын құтты қадам болып саналады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында қазақ əліпбиінің латын графикасындағы бірыңғай стан­дартты нұсқасын қабылдау керек­тігін, 2025 жылға қарай латын әліпбиі қолданысқа енетін­дігін, ісқағаздары, оқу құрал­дары, мерзімді баспасөз де латын қаріп­терімен шығарыла бастай­тын­дығын жеткізді. Сондай-ақ «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында  2025 жылдан бастап латын әліпбиіне, латын қарпіне көшу қажеттілігін атап өткен Прези­дентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуі­мізге, балаларымыздың ағыл­­шын тілі мен интернет тілін жетік иге­руі­не, ең бастысы – қазақ тілін жаң­­ғыр­туға жағдай туғызады. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргі­зу­ге тиіспіз. Тілді заманға сай үй­лес­тіріп, терминология мәселе­сі­­нен консенсус іздеу керек. Соны­мен қатар әбден орныққан халық­ара­­лық және шет тілінен енген сөз­дерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн», деген еді.

Шынында да, әліпби ауысты­ру­дың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Қазіргі жас­тар ағылшын тілі мен интернетті ер­кін меңгеріп алды, сондықтан жас­тарға латын әліпбиіне көшу қиын­дық туғызбайтыны сөзсіз. Ел­басына ұсынылған латын әліп­биінің жаңа жобасы «Тұран- Астана» университетінде кеңінен талқылануда.Оқытушылар мен студент жастар бұл бастаманы толығымен мақұлдап, латын әліпбиіне көшудің келешегі мен өміршеңдігін қолдап отыр.

Жалпы, Мәңгілік ел болып қалу тілдің мәртебесіне тікелей байланысты. Сол себепті де кезінде А.Байтұрсынов: «Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыс­пай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз. Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады», – деп айтып кеткендей, бүгінгі таңда жазу графикасын дұрыс жолға қою – уақыт талабы.

Демек, бұл – болашағымыздың алдында жауап беретін өте көкей­кесті мәселе. А.Байтұр­сын­ұлы көрсетіп кеткен шарттарды ескерген жөн. Әліпби, әуелі, тілге жеңіл, орамды болуы керек, екіншіден, таңбаның аздығы мен жазудың икемділігі ескерілуге, үшіншіден, үйренуге жеңіл болуға тиіс. Сон­дықтан болашақ әліпбиіміз тілі­міз­дің барлық заңдылықтарын сақ­тап, әрі қарай дамуына мүмкіндік бере­тіндей етіп дайындалуы қажет, яғни Абай бабамыз айтқандай, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін­дей, оралымды болуы керек. Қоғам­да ешқандай да дау тудырмауы тиіс.

Латын әліпбиіне көшу – технология мен инновацияны тез меңгерудің кілті. Қазір дамыған елдердің ғаламторын ашып қал­саңыз, теледидарын қосып қал­саңыз ақпарттар ағынын латын қарпімен оқисыз. Демек, латын әліпбиіне көшу – өмірдің қажет­тілігі, әлемдік бәсекеге қабілеттілік мәселесі.

Латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түрік әлемімен байланысы одан әрі арта түседі. Еліміздің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпал етеді. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасау да жеңілдей түсер еді. Жалпы түрік халықтарымен бірге болудың бір үлкен жолы – ортақ әліпбиді қол­данысқа енгізу. Болашақта түрік халықтарының жазуындағы бір­лік сақталатын болса, негізгі мақ­сат­тары­мыздың бірі орындалған болар еді. Тіпті өзге ұлттардың да қазақ тілін оқуға, зерттеуге деген сұра­ны­сын туғызуы әбден мүмкін.

Латын әліпбиіне көшу қазақ тілін қазіргі заманғы техноло­гия­лар­ға бейімдеп қана қоймай­ды, бо­ла­­шақта ақпараттық қол­же­тім­ді­­лік­терімізді арттырып, кеңіс­тігі­мізді ұлғайтып, көкжи­егі­міздің кеңеюіне жол ашады.

Қысқасы, латын графикасына оралу – Мәңгілік елдің Мәңгілік тілінің іргетасын бекітуге бастайтын құтты қадам болып табылады.

 

 

Гүлжамал ЖАПАРОВА,

«Тұран-Астана» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор