Күту
Кейде бір қуанышты күнді асыға күтесің. Бірақ... оған дейінгі жай күндердің бәрі де сол Бақытты күннің жолында құрбандық болып жатқандай көрінеді.
Табылмаған теңіз
Мына өмірді өзенге теңейтін болсақ, сонда оның ағып барып құятын теңізі қайда? Әлде құмға сіңіп кете ме екен?..
Тау
Ол не? Тек әшейін тастардың үйіндісі ғана ма?! Жоқ әлде, көз шырымын алып жатқан тарих па?..
Рух
Бірде біз Райымбек даңғылының бойындағы зиратқа барып, ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің қабіріне зиярат етіп, құран оқыдық.
Жо-жоқ. Сіздерге өтірік айта алмаймын. Мұхаң ол жерде жоқ сияқты. Сонда... ұлы суреткердің рухы қайда?
«Ол – «Абай жолы» эпопеясында!», дейді іштегі бір жұмбақ дауыс.
Даладан қалаға келгендер
Біздің көпшілігімізге тән нәрсе – әу бастағы топырағымыздан жел ұшырып әкетіп, бөтен жерге келіп түскен дәнге ұқсайтынымыз. Әрине ол дән жерсініп, тамыр жайып кетсе жақсы, ал егер, булығып, асфальттың жағасындағы бұтадай түтінге тұншығып, тырбиып қалса ше?!
Шыбын жан
Қу тақырға айналған кәрі кеудедегі қара шыбын: «Мен баяғыда-а-а аппақ құс болатынмын!..», дейді. Сенесіз бе?..
Соңғы күн
Адам ғұмырының ең соңғы күні. Ол да таңертеңгілік әдеттегі жай күндердің бірі болып басталар ма екен?..