Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің халықаралық аренадағы маңызды серіктесі саналатын ЭЫДҰ-мен ынтымақтастыққа Қазақстан айрықша мән беретіндігін баса айтты.
«ЭЫДҰ елдері Қазақстан бой түзейтін бағдар болып саналады», - деді Қ.Тоқаев.
Тараптар Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі ЭЫДҰ-ның елдің бағдарламасын жүзеге асыру жайын талқылап, оның өнімділігі мен талап етілетіндігін атап өтті. ЭЫДҰ-ның Қазақстанға арналған елдік бағдарламасы экономиканың инклюзивті және тұрақты өсімі, шағын және орта бизнестің дамуы үшін жағдай жасауға, халықтың әлсіз тобына қолдау көрсетуге, сонымен қатар гендерлік мәселелерді шешуге бағытталған. Елдік бағдарлама қарастырылған жұмыстардың үштен бірі әлеуметтік мәселелерге арналған.
А.Гурриа Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары бағасын беріп, ЭЫДҰ-ның елімізге қажетті консультациялық көмек беруге дайын екендігін атап өтті. ЭЫДҰ бас хатшысы Қазақстанда Еуразия апталығын өткізуге қолдау білдіргені үшін алғысын білдіріп, ұйымның парламенттік желісі аясында ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.
Сонымен қатар ол Сенат төрағасын ұйымның парламенттік сегментігінің жұмысына қатысуға шақырды. Кездесу соңында Қ.Тоқаев Қазақстан ұзақмерзімді перспективада ел экономикасының қарышты дамуын қамтамасыз ету үшін ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің тәжірибесі мен эксперттік әлеуетін барынша пайдалануға ниетті екендігін айтты.