Өткен ғасырдың 1975 жылы салынған алып су қоймасы екі жақты бірдей сумен қамтып отырғанмен, мұның қауіпті жағы да жоқ емес. Расында да табиғаттың тосын мінезі, тылсым құбылысы әрбір мезгіл сайын тұрғындарды бейжай қалдырмайтыны анық. Оған қоса аталған су қоймасынан бері қарай көп мөлшерде су түскен жағдайда халықты біраз әбігерге салатыны белгілі. Биылдың өзінде ғана секундына 150 текше метр су түсуі салдарынан өңірдегі бірқатар өзендер мен көлдер арнасынан тасып, төтенше жағдай орын алған болатын.
Мәселен, көктем мезгілінде Жуалы ауданындағы Теріс-Ащыбұлақ және Жамбыл ауданындағы Аса өзендері тасып, тіпті өзен жағалауларын шайып жіберумен қатар, Жамбыл ауданының Аса және Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылдарының тұрғындарына да қауіп төндірген еді. Бұл орайда тасқын судың алдын алу үшін Талас, Аса өзендерінің жағалауын нығайту бойынша Елбасы тапсырмасына сәйкес, биыл бірқатар жұмыс жүргізілді.
Жалпы, жыл сайын Қырғызстаннан су алу – жамбылдықтар үшін үлкен мәселе. Жамбыл облысы негізінен егістік алқаптарына суды көрші елден алады. Шабындықтардан мол табиғи шөп алу да судың деңгейіне байланысты. Сол үшін жыл сайын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев көрші Қырғыз Республикасының Талас облысына барып, тиісті басшылармен су мәселесіне байланысты келіссөз жүргізіп қайтады. Алайда судың бірде көп, бірде аз берілуі елді әуре-сарсаңға түсіріп жүргені де шындық. Жуырда ғана көршілер секундына 120 текше метр су береміз деп елді тағы бір әбігерге салған. Десе де мұның өзіндік себебі бар екен.
Қырғыз жерінде орналасқан Киров су қоймасының конус жапқышын жөндеу қажет. Бірақ олар қойманың конус жапқышын қашан жөндейтіні белгісіз. Сол үшін қырғыз жағы бері қарай әуелгіде суды көп жіберіп, кейіннен биылғыдай жағдай орын алмас үшін дер кезінде тоқтатты. Қазақстан жыл сайын Киров су қоймасынан жалпы 808 миллион текше метр су алады. Су қоймасынан бірінші болып Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, одан әрі Талас және Сарысу аудандарына су келеді. Бүгінде Қырғыз Республикасының Талас облысындағы Киров су қоймасынан Жамбыл облысына тиісті мөлшермен су жіберіле бастады.
Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Ғалия Зәрубаеваның айтуынша, бүгінгі таңда Киров су қоймасынан келер қауіп жоқ. Су арнасынан аспай, кемерінен төгілмей бір деммен жіберілу үстінде. «Киров су қоймасынан Талас су торабы секундына 264 текше метр суды қабылдап ала алады. Ал қырғыз жағы әрі кетсе сағатына 100 текше метр су жібереміз деп отыр», дейді ол. Сондай-ақ Ғалия Ғаббасқызының айтуынша, «Қазсушар» мекемесі Шу-Талас бассейндік инспекциясымен бірлесіп Қырғыз Республикасына су қоймасының конус жапқышын қашан жөндейтінін анықтау мақсатында хат жіберген екен. «Алайда өткен жұма күні жіберілген хатқа әлі жауап жоқ», дейді ол.
Мәселен, қырғыз жағы 18 қазан күні секундына 50 текше метр су жіберген болса, келесі күні су көлемі 60 текше метрге көбейген. Егер олар секундына 100 текше метр су жіберетін болса, су қоймасындағы суды бір тәулікте жіберіп бітеді екен. Сондай-ақ биылғы жылы Киров су қоймасынан 660 миллион текше метр су алу келісіліпті. Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Жұмабек Мұхатовтың айтуынша, қазір Киров су қоймасынан бізге секундына 30 текше метр су түсіп отыр. «Бұл бүгінгі таңда екі ел арасындағы су мәселесіне байланысты тұрақтылықты көрсетеді», дейді инспекция басшысы.
Сонымен қатар жыл сайын Қырғызстанмен келісім кесте арқылы жасалады. Киров су қоймасындағы судың 12 пайызын Қырғызстан жағы, ал қалғанын Қазақстан пайдаланып келеді екен. Тағы бір айта кетерлігі, Киров су қоймасын жөндеу үшін Қазақстан жағынан ақша бөлінеді. Бірақ су қоймасының конус жапқышы қашан, қай уақытта жөнделетіні тек көршілерге ғана аян.
Мәселен, Шу ауданында орналасқан Тасөткел су қоймасы жыл сайын 620 миллион текше метр су жинай алады. Ал Қордай ауданындағы Қақпатас су қоймасы 10,5 миллион және Қарақоңыз су қоймасы 8,5 миллион текше метр су жинауға қауқарлы. Бірақ Ғалия Зәрубаева аудандар мен елді мекендерге қазіргі таңда су тек сұраныс арқылы ғана беріліп отырғанын айтады. Сондықтан су қоймасының конус жапқышын жөндеу үшін ғана суды мөлшерінен көп босатып жібермесе, әзірге жағдай тұрақты.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы