Қазақстан • 24 Қазан, 2017

«Егемен» өкілдері мектеп мұғалімдерімен кездесті

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы №4 Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-гимназияға барған «Егемен Қазақстан» газеті ұжымының өкіледір ұстаздармен кездесу өткізді. 

 «Егемен» өкілдері мектеп мұғалімдерімен кездесті

Шара барысында мұғалімдер мектепте қолданылатын жаңа оқу әдістерін таныстырып, республиканың бас басылымын үзбей оқитындарын жеткізді. Редакция өкілдері өз кезегінде газетке жаңа айдарлар мен арнаулы беттер қосылғанын, мектеп мұғалімдерімен өзара ынтымақтастыққа ынталы екенін айтты.

«Егемен Қазақстан» газетінде биыл үлкен өзгерістер болды. Газет көлікте, ұшақта  ұстауға қолайлы жаңа D2 еуро форматына ықшамдалды. Дизайны, макеті өзгеріп, барлық беттері түрлі-түстіге көшті. Газеттің басты оқырмандары  – мұғалімдер. Сол себепті біз «Білім» мен «Тәлім» атты арнайы беттерді аштық. Бұл айдар мұғалімдердің оқыту  әдістерін көрсетуге бағытталған, әрі білім беру саласындағы өзекті мәселелер туралы оқырмандарымызды хабардар етеді. Ұрпақ тәрбиесіне байланысты өз ой-пікірлеріңізді жазып, газетке ұсынсаңыздар болады.

Газеттің таралымы өте үлкен, Қазақстанның  барлық өңіріне, алыстағы барлық ауылдарына жетеді. 200 мыңнан астам оқырманымыз бар», деді газет  өкілдері. Мұғалімдер қауымы бұл ұсынысты қуанышпен қабылдап, республикалық газетке материал ұсыну мүмкіндігін ағарту ісін жүргізудің мықты құралы ретінде атап өтті.

«Мұғалім мамандығының қадірі қашты. Ата-аналардың шағымдары бірінің үстіне бірі келіп түседі. Біз кәсібімізге бұрынғыдай құрмет болғанын қалаймыз. Мектеп –  кішкентай бүлдіршіндердің екінші үйі. Бұл үйде бәріміз татулық мен бірлікте өмір сүргеніміз абзал. Сол себепті өзекті мәселерді қалың жұртшылыққа жеткізуде еліміздің бас газетінің көмегі құптарлық», деді осы мектепте 42 жыл ұстаздық еткен Зәбила Смағұлова.

Кездесу соңында журналистер мектеп ішіндегі Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаевқа және мектеп тарихына арналған мұражайларды аралап көрді. Кездесуге бас басылымның шығармашылық құрамынан Сүлеймен Мәжет, Қорғанбек Аманжол, Думан Анаш және Ерлан Омар қатысты.

Әйгерім ОРЫНБЕК