Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Мерейтойлардан мезі болған жоқпыз ба?

688 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағи­да­ларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», деп қадай айтып, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу қажеттігін, шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану екендігін атап көрсеткен болатын. Осы орайда ойланарлық мәселелер бар.

Мерейтойлардан мезі болған жоқпыз ба?

Той жасау үшін банктен кредит алып, қарызға белшесінен бататын, 200-300 орындық мейрамханалар тарлық қылып, 500-1000 орындық тойханалар салуға көшкен, жас жұбайлар мен олардың жолдас-жоралары мінген салтанатты кортежге әуеден жол бастайтын тікұшақ қосуды да шығарған ағайындарымыздың ысырапшылдығы мен даңғойлығы бұқаралық ақпарат құралдарында қанша сыналып жатса да, одан шыққан нәтиже шамалы. Бұл орайда біз әзірге той-томалақ өткізуге көршілес Өзбекстан және Тәжікстан елдері сияқты қатаң шектеу енгізу жайлы сөз қозғаудан бұрын, әуелі «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысын дұрыс орындап алғанымыз жөн сияқты.

Өйткені аталған қаулыда облыстардың, қалалар­дың, ұйымдардың және жекелеген тұлғалардың мерейтойлары жүз жылдығында, одан кейiн әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi деп, тайға таңба басқандай етіп анық көрсетілген. Өкінішке қарай, Үкімет бекіткен бұл тәртіптің сақталуын қазіргі таңда қадағалап отырған ешкім жоқ десек, жаңылыспаспыз.

Тіпті министрліктер мен жергілікті атқару­шы органдарға қарайтын мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап, 95 жылдығына дейінгі әрбір «дөңгелек» және «жартылай дөңгелек» даталары мерекеленіп келе жатқандығы мәлім. Мұндай мерейтойларды министрлер мен әкімдер тоқтатпақ түгіл, өздері де олардың төрінен табылып, мінберден қызу құттықтау білдіріп, жұмыс уақытын шығындап жүретіндігін газеттен оқып та, теледидардан көріп те келеміз.

Ол ол ма, кейінгі кезде кейбір мемлекеттік кәсіп­орындар мен ұйымдардың басшылары мен жекелеген тұлғалар өз беделдерін көтеру мақсатымен республикалық мемлекеттік органдардың басшыларына өтініш жолдап, алдағы мерейтойларына орай құттықтау хат жазып жіберуін сұрайтын әдепсіз әдет те пайда болды. Мұның өзі сондай құттықтау хаттың мәтінін дайындайтын мемлекеттік қызметшілердің қаншама уақытын босқа ысырап қылуда десеңізші?!

Бұл ретте Елбасының рухани жаңғыру бағдар­лама­сы­на сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қолдау біл­діру­ге тиісті зиялы қауым өкілдері де қанға сіңген дағды­лар мен қасаң қағидаларды өзгертуге аса құлықты емес сияқ­­ты. Мәселен, кейінгі жылдары университеттерде бел­гі­лі ға­лымдардың 70 және 80 жылдық мерейтойлары­на ар­нал­ған ғылыми-практикалық конференциялар өт­кізу дәс­түрге айналды. Тек сондай жиындар ғылымды дамы­­ту­ға қаншалықты үлес қосады? Мәселе сонда. Ал кей­бір ақын-жазушыларымыз өздерінің 70 пен 80 жасқа жету­лерін күтуге төзімдері жетпей, 60 пен 65 жасқа толуын да туып-өскен өңірлеріне барып, облыс пен аудан бас­шы­­ла­ры­н­ың қатысуымен дүркірете-думандата тойлау­ды тоқ­та­тар емес. Осындай мерейтойларды өткізу үшін әкім­­дер демеуші іздеп, кәсіпкерлерге қосымша сал­мақ сала­тындығы да белгілі.

Әрине, мерейтой жасау-жасамау – әркімнің өз еркі, өз шаруасы. Мәселен, әлпештеп өсірген балалары табысты қызмет атқарып, һәм жеке бизнесін дөңге­летіп, ақшаны күреп табатындықтан, өздері туған-туыс­тарды шақырып, той жасап, ата-аналарына құр­мет көрсетіп жатса, әке-шеше үшін ол да бір ғанибет қой. Ал мемлекеттік органдардың басшылары мен әкім­дер­ге: «Елге сіңірген еңбегімді елеп, мерейтойымды өт­кізіп бер...», деп міндетсу ұят емес пе?

Қысқасы, мерейтойлардан мезі болған жоқпыз ба осы?

Кәрібай МҰСЫРМАН,
журналист