Той жасау үшін банктен кредит алып, қарызға белшесінен бататын, 200-300 орындық мейрамханалар тарлық қылып, 500-1000 орындық тойханалар салуға көшкен, жас жұбайлар мен олардың жолдас-жоралары мінген салтанатты кортежге әуеден жол бастайтын тікұшақ қосуды да шығарған ағайындарымыздың ысырапшылдығы мен даңғойлығы бұқаралық ақпарат құралдарында қанша сыналып жатса да, одан шыққан нәтиже шамалы. Бұл орайда біз әзірге той-томалақ өткізуге көршілес Өзбекстан және Тәжікстан елдері сияқты қатаң шектеу енгізу жайлы сөз қозғаудан бұрын, әуелі «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысын дұрыс орындап алғанымыз жөн сияқты.
Өйткені аталған қаулыда облыстардың, қалалардың, ұйымдардың және жекелеген тұлғалардың мерейтойлары жүз жылдығында, одан кейiн әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi деп, тайға таңба басқандай етіп анық көрсетілген. Өкінішке қарай, Үкімет бекіткен бұл тәртіптің сақталуын қазіргі таңда қадағалап отырған ешкім жоқ десек, жаңылыспаспыз.
Тіпті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға қарайтын мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап, 95 жылдығына дейінгі әрбір «дөңгелек» және «жартылай дөңгелек» даталары мерекеленіп келе жатқандығы мәлім. Мұндай мерейтойларды министрлер мен әкімдер тоқтатпақ түгіл, өздері де олардың төрінен табылып, мінберден қызу құттықтау білдіріп, жұмыс уақытын шығындап жүретіндігін газеттен оқып та, теледидардан көріп те келеміз.
Ол ол ма, кейінгі кезде кейбір мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары мен жекелеген тұлғалар өз беделдерін көтеру мақсатымен республикалық мемлекеттік органдардың басшыларына өтініш жолдап, алдағы мерейтойларына орай құттықтау хат жазып жіберуін сұрайтын әдепсіз әдет те пайда болды. Мұның өзі сондай құттықтау хаттың мәтінін дайындайтын мемлекеттік қызметшілердің қаншама уақытын босқа ысырап қылуда десеңізші?!
Бұл ретте Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасына сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қолдау білдіруге тиісті зиялы қауым өкілдері де қанға сіңген дағдылар мен қасаң қағидаларды өзгертуге аса құлықты емес сияқты. Мәселен, кейінгі жылдары университеттерде белгілі ғалымдардың 70 және 80 жылдық мерейтойларына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізу дәстүрге айналды. Тек сондай жиындар ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосады? Мәселе сонда. Ал кейбір ақын-жазушыларымыз өздерінің 70 пен 80 жасқа жетулерін күтуге төзімдері жетпей, 60 пен 65 жасқа толуын да туып-өскен өңірлеріне барып, облыс пен аудан басшыларының қатысуымен дүркірете-думандата тойлауды тоқтатар емес. Осындай мерейтойларды өткізу үшін әкімдер демеуші іздеп, кәсіпкерлерге қосымша салмақ салатындығы да белгілі.
Әрине, мерейтой жасау-жасамау – әркімнің өз еркі, өз шаруасы. Мәселен, әлпештеп өсірген балалары табысты қызмет атқарып, һәм жеке бизнесін дөңгелетіп, ақшаны күреп табатындықтан, өздері туған-туыстарды шақырып, той жасап, ата-аналарына құрмет көрсетіп жатса, әке-шеше үшін ол да бір ғанибет қой. Ал мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге: «Елге сіңірген еңбегімді елеп, мерейтойымды өткізіп бер...», деп міндетсу ұят емес пе?
Қысқасы, мерейтойлардан мезі болған жоқпыз ба осы?
Кәрібай МҰСЫРМАН,
журналист