Жуырда әкім орынбасары Берік Беркімбаев коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымды басқару саласындағы француздық «Veolia» компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуда тараптар заманауи технологиялар енгізу, коммуналдық қызметтер сапасын жақсарту, қалалық инфрақұрылымды жаңартуға байланысты инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Кездесу соңында «Veolia», Шымкент қаласының әкімдігі, «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Келісім жылумен қамту, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін тиімді басқару мен жаңарту мақсаттарын көздейді.
Бірлескен жоба нәтижесінде қала инфрақұрылымы, энергия үнемдейтін технологиялар жақсарады, мегаполистің тұрақты дамуына жағдай жасалады деген болжам бар.
Жалпы «Veolia» компаниясының штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан. Еуропа, Азия мемлекеттерінде, АҚШ-та жобаларды жүзеге асырады. Экологиялық заманауи технологиялар қолдана отырып, коммуналдық, өнеркәсіптік нысандарға қызмет көрсетеді.
Егер шынымен де коммуналдық қызмет француздық компанияның сенімгерлік басқаруына өтсе, бюджетке қарасты «Қуатжылуорталық» мекемесі мен сумен жабдықтау саласындағы басқарушы компания ауысуы мүмкін. Бұл жерде әңгіме «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС төңірегінде болып отыр. Аталған компанияның сумен жабдықтау қызметін мемлекетке кері қайтару үшін қалалық әкімдік әлі күнге шейін соттасып келеді.