Парламент • 24 Қазан, 2017

Жапонияда кезектен тыс парламент сайлауы өтті

399 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жексенбі күні Жапонияда кезектен тыс парламент сайлауы болып, онда қазіргі премьер-министр Синдзо Абэнің либералды-демократиялық партиясы (ЛДП) айқын басымдылықпен жеңіске жетті. «Жаңа Комэйто» партиясымен бірігіп консервативтік коалиция құрған бұл партия енді парламенттің төменгі палатасындағы 465 орынның 311-не иелік ететін болады деп күтілуде. 

Жапонияда кезектен тыс парламент сайлауы өтті

Сөйтіп премьер-министр Синдзо Абэ өзінің позициясын барынша нығайтып алды. Оның негізгі қарсыласы, Токио қаласының басшысы Юрико Коикэ ханымның «Үміт партиясы» тек 50 орын шамасында ғана депутаттық мандатқа ие болды. Партия басшысының өзі бұл нәтижені «өте нашар қорытынды» деп бағалады.

Экономикалық қуаты жөнінен әлемде үшін­ші орында тұрған бұл мемлекеттің ішіндегі ты­ныш­тық пен тұрақтылық Қазақстан үшін де маңыз­ды. Өйткені Жапония Қазақстанның үлкен эко­но­­ми­калық әріптестерінің қатарына жататын мем­лекет.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Синдзо Абэ парламенттің төменгі палатасын тарату туралы бастама көтеріп, оған император қол қойып, мерзімінен бұрын өткізілетін жаңа сайлауды 22 қазанға белгілеген болатын. С.Абэнің партиясы парламентте онсыз да көпшілік болатын, алайда премьер-министр жаңа салық саясатын енгізу мен солтүстіккореялық қауіптің ұлғаюына байланысты халықтың молырақ қолдауына ие болуым керек деген мақсатты алға тартып, төменгі палатаны қайта сайлауға құлшыныс білдірген. Бір жағынан бұл үлкен тәуекел де еді, өйткені соңғы айларда жапон электораты арасында жүргізілген салмақты сауалдарға қарағанда, либералды-демократиялық партияның рейтингі біршама төмен екені анықталған.

Ал премьер-министрді қолдаушылар үлесі 70 пайыздан 23 пайызға дейін құлдыраған. Шілде айында өткізілген Токио қалалық жиналысының сайлауында ЛДП 127 депутаттық мандаттың 23-не ғана ие болған. Бұл партия тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Осы сайлаудан кейін, тамыз айында С.Абэ үкіметті толықтай отставкаға жіберіп, министрлер кабинетін қайта жасақтаған болатын. Онда барлық 19 министрдің бесеуі ғана орынтақтарын сақтап қалған. Бұл мәселе де электораттың көзқарасына теріс ықпал ететін факторлардың бірі.

Алайда, премьер-министр осындай тәуекел­дерге қарамай жаңа сайлау болғанын қалап, онда өзінің саясатын халықтың қолдайтындығына анық көзін жеткізіп, парламенттің үштен екі дау­сына ие болды. Енді ол өзінің көздеген мақ­саты­ның бірі – тұтыну салығын 8-ден 10 пайыз­ға дейін арттыратын болады. Халық өзінің қола­йына жаға қоймайтын бұл шараға бейілділік таны­тып отыр. Өйткені арттырылған салықтан түс­кен қаражат солтүстіккореялық қауіптің өсіп отырған жағдайында ұлттық қауіпсіздікті ны­­ғай­та түсуге қолданылатыны премьер-министр тарапынан бұрын анық айтылған. Әрине Син­дзо Абэ өзінің қазіргі жағдайында да ұлттық қауіп­­сіздікті нығайту қажеттігін алға тартып, салық­ты өсіруге шамасы келетін.

Бірақ өз ісіне ха­лық сенімінің қаншалықты дәрежеде болатынын көруді көздеген саясаткер өз партиясы мен же­ке басының биліктен айырылып қалу тәуе­келіне қара­май осындай қадамға барды және өзінің саяси бағытының дұрыстығына халықтың көзі жетіп отырғанын көрді. Енді ол ұлттық қауіпсіздікті нығайту бағытына батыл кірісетіні сөзсіз. Сайлау алды мәлімдемелерінде С.Абэ бірнеше рет Солтүстік Кореяға қатысты батыл және қатаң сая­сат ұстанатынын айтқан болатын.

Жалпы, парламент сайлауына барлық элек­тораттың 52,7 пайызы ғана қатысты. Деген­мен Жапонияның заңдылығы бойынша мұндай жағдайда кворум бар деп есептеледі.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»