«Тауарих-тамшылар» жинағынан оқырман қазақ халқының қалыптасу және этностық атауымен мемлекеттігін құру тарихы, бір орталықтандырылған күшті хандық жасақтауға талпынған әрекеті, сондай-ақ отарлану кезеңдері, патшалық тұсындағы азаттық аңсаған көтерілістер, кеңестік дәуірдегі ұлттық-мемлекеттік межелеу шындықтары, тоталитарлық кезеңнің қылмысы және алаштық идеяның өміршеңдігі жайында автордың әр жылдары жазып, мерзімдік баспасөз беттерінде жариялаған зерттеу мақалалары мен сұхбаттарымен таныса алады.
«Тұлғалар түзген тауарих» жинағындағы қазақ тарихында елеулі орны бар Мақаш әкім, Балуан Шолақ, ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан Шәйке молда, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан, кеңес заманындағы мемлекет, ғылым, өнер қайраткерлері Жұмабек Тәшенов, Рамазан Сүлейменов, Сауық Тәкежанов, Ахмет Жұбанов секілді белгілі тұлғалар, Байсейіт және Дінмұхамед Әділовтер, Хансұлтан Сүйінішәлин тәрізді саяси репрессия құрбандары, сондай-ақ тоталитаризм дәуірінде орын алған саяси қуғын-сүргін табиғаты, басталғанына биыл 80 жыл толған Үлкен террор, оның қасіретті салдарлары туралы зерттеу мақалалар еліміздің күрделі шежіресінің маңызды беттерін құрайды.
Ұзақ жылдарға созылған отарлық заманнан соң қазақтың елдігін тұңғыш жаңғыртқан Алашорданың 100 жылдығына орай жарық көріп отырған бұл кітаптар зерттеушілерге, тарихшыларға, студенттер мен оқушыларға, барлық Отан тарихымен әуестенетіндерге, көпшілік қауымға арналып отыр.
«Егемен-ақпарат»