Бір емес, бірнеше Олимпиадаға, әлем чемпионаттарына барған жиһанкез журналист ең әуелі өзі туып-өскен Саржыра ауылындағы мектепте елді мекен жұртшылығымен, білім ордасының ұстаздарымен және оқушылармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды.
«Қайда жүрсем де Саржырамды аңсап тұрамын. Бала кезімізде мына іргедегі Мөжік өзеніне барып суға түсетінбіз», деп балалық бал шағын сағына еске алып, мектеп кітапханасына өзінің және басқа да ақын-жазушылардың 50 кітабын сыйға тартты. Бір жылдары ауыл мектебіне жабылу қаупі төнгенде әріптесіміз білім ордасын аман сақтап қалуға үлес қосқан екен. Содан да болар перзенттік парызына адал қаламгерді ауылдастары құшақ жая қарсы алып, жылы лебіздерін білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Ал алақандай ғана ауыл Саржыраның оқушылары кездесуді үш тілде жүргізіп, шалғайда болса да өркениет көшінен қалмай келе жатқандықтарын аңғартқандай болды.
Туған ауылынан кейін журналист Зайсан қаласындағы М.Дәуленов атындағы орта мектепте аудан жұртшылығымен жүздесіп, шығармашылығының есте қаларлық сәттерінен сыр шертті. Сидней Олимпиадасында желдей жүйткіген жеңіл атлет Ольга Шишигинаның жеңісіне елімізден барған делегация ішінен жалғыз өзі куә болып, ең алғаш болып құттықтағанын тебірене еске алып, университетте оркестр құрамында жүргенде Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжановтан дәріс тыңдағанын әңгімелеп, қолына домбырасын алып, күмбірлетіп күй тартып берді. Журналиспен Өскеменнен бірге келген қол күресінен әлемнің үш дүркін, Азияның 10 дүркін чемпионы, еліміздегі қол күресі мен гір спортының негізін қалаушы Мұқан Ағзамов кездесуде оның спорт саласына сіңірген еңбегінің зор, мұның жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол екендігін тілге тиек етті.
Жылы рәуіште өрбіген жүздесуде сөз алған аудан әкімі Темірбек Қасымжанов тағылымды шараның Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырғанын айтып, жыл бойы Зайсаннан шыққан елге танымал тұлғалардың қатысуымен бірқатар кездесу ұйымдастырылғанын жеткізді. Кездесу барысында О.Елубайдың биыл Алматыда өткен қысқы Универсиада жайында сыр шертетін «Алатауды дүбірлеткен 11 күн» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы