Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Латын әліпбиі жастарды өркениетке жетелейді

782 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жыл­ғы желтоқсан айында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған кезде алғаш рет қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесін ортаға салған еді. Биыл жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылы Қазақстан бұл бастаманы то­лықтай жүзеге асыруы тиіс деген ме­же де белгіленді. Ал, бүл мақала қа­зақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне кө­ші­ру жұмыстарына жаңа серпін берді.

Латын әліпбиі жастарды өркениетке жетелейді

Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің ортақ нұсқасын жасайтын жұмыс тобын қабылдағаны белгілі. Кездесу барысында қоғамдық талқылау кезінде алынған ұсыныстар ескеріле отырып дайындалған, латын графигіндегі қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды. Жұмыс тобының ұсынысымен танысып шыққан Мем­лекет басшысы «Мен жариялаған рухани жаңғыру аясында ел болып маңызды жұмыстарға кірісіп кеттік. Соның ішіндегі мемлекеттік тілді реформалау ең негізі, жауапты мәселе болатынын өздеріңіз естідіңіздер.

Әр ұсыныс, әр нұсқа мұқият сарапталды, қаралды. Сол себепті жалпыхалықтық талқылауға түсірдік. Сөз реті келгенде айтайық, әлемнің бірде-бір мемлекеті өзінің әліпбиін енгізуде біз сияқты халықпен ақылдасқан жоқ», – деген болатын. Сондай-ақ Елбасы қазақ жазуының латын қар­піне көшірілуін жіті қадағалап отырғанын жеткізіп, бастама мұқият саралануы тиіс екендігін баса айтты. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – бүгінгі коғам талабы. Бұл бастама бізді өркениетті елдердің қатарына қосылып, болашағымыздың баянды болуына бағыттайтын бастама.

Латын әліпбиі түркі әлемінің ортақ­тығына алып баратын ізгі бас­тамалардың бірі әрі бұл қадам ар­қылы жастардың қазақ тілін меңгеруі жеңілдейтін болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған бастама рет-ретімен, біртіндеп жүзеге асатындығын, тіл реформасы ешкімді алаңдатпауы керектігін жеткізді. Ол өз сөзінде 2050 жылға дейінгі бағдарламада оған басымдық беріліп, 2025 жылға дейін қазақ тілі түгел бұл әліпбиге көшуі тиіс екендігін тілге тиек етті.

Қазіргі таңда қызу талқыға тү­сіп жатқан бұл бастама арқылы біз бі­лімнің, ғылымның, ІТ техно­логия­­ның төріне, өркениеттің өріне жетелейтін төте жолға түсуіміз керек. Сондай-ақ біздің латын қарпіне көшпейтінімізді, тек қайта оралатынымызды еске алған жөн. Бұл бастама жастардың тарапынан үлкен қолдауға ие және болашағымызды осы арқылы елестетеміз. Осы тұрғыда коғамның басты қозғаушы күші болып табыла­тын жастарды латын қарпіне қайта оралу барысында өздерінің ойларын ортаға салып, оны қолдауға ша­қырамыз.

 

 

Берік ӨСКЕМБАЕВ,

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының Жамбыл облысы бойынша төрағасы