Жәнібек селосындағы аудандық мешіт ауласынан салынған су жаңа ғимаратта ұл балалар мен қыз балалар діни сауатын ашатын сынып бөлмелері бөлек жабдықталған. Одан бөлек үлкен зал бар. Медресе ғимаратын салуға кәсіпкер 8,5 млн теңгедей қаржы жұмсапты.
Діни сауат ашу орталығының ашылу салтанатына жиналған жамағат алдында Нұр-Мүбәрак ислам университетінің түлегі, ұстаз Ізбасар Мақсотов қирағаттап Құран сүрелерін оқыған соң, ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтанов пен кәсіпкер Есқайыр Елемесов ғимараттың тұсаукесер рәсімін жасады.
– Жәнібек аудандық мәслихатының депутаты, «Символ» ЖШС директоры Есқайыр Елемесов бұрыннан қайырымдылық істерімен ел алғысын алып жүрген азамат. Өзі де намазын қаза қылмайтын иманды жан болашақта мешіт пен сауат ашу орталығына қыста жылытатын қазандық салып беруді жоспарлап жүр, – дейді бізге жәнібектік әріптесіміз Ахмедияр Батырханов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы