Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Жамбыл облысында мектеп оқушысы Абайдың 200 өлеңін жатқа оқыды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел ішінде де ерекше дарындар болады. Алайда өз жанынан өлең жазып, шығарма тудырмаса да қазақтың төл әдебиетін, ұлы ақындарының шығармаларын зерделеп оқитын, көңіліне тоқитын адамдар көп емес. Ел ішінде бүгінгідей ғаламтордың дамыған заманында кітап оқудың да азайып бара жатқандығы жайлы пікірлер бар. Десе де ұлттық әдебиетке, сөз өнеріне деген құрметтің қашан да биік болатыны белгілі.

Жамбыл облысында мектеп оқушысы Абайдың 200 өлеңін жатқа оқыды

Меркі ауданы, Савва атындағы №9 орта мектептің 11-сынып оқушысы Айдана Есмағамбетова өзінің өзгеше дарын-қабілетімен ерекшеленген жас. Облыста өткен «Өлең – сөздің патшасы» атты байқауда Абай Құнанбайұлының екі жүзге жуық өлеңін, үш поэ­масы мен бес қара сөзін жатқа оқып, бас жүлдені иеленген еді. Сол уақытта қаршадай қыздың таудай талабына таңданбаған, тамсанбаған адам болмаған. Енді республика бойынша дарынды 90 үміткер қатысқан аламанда Айдана Абай Құнанбайұлының 200 және Шәкәрім Құдайбердіұлының 118 өлеңін, одан кейін үш поэма, оннан аса қара сөзді жатқа оқып, тағы да биіктен көрінді.

Айдананың ұстазы Гаухарай Жұматаева шәкіртінің есте сақтау қабілетінің өте жоғары екенін айта келе, өлеңдердің түпкі мағынасына да үлкен мән беретінін айтты. Сөйтіп ерекше дарын иесі Айдана Есмағамбетова дәстүрлі XVІІІ Абай оқулары республикалық байқауының жеңімпазы атанып, Жамбыл жерінің мерейін асырды. Ежелден ән мен жырдың мекеніне баланған Әулиеата өңірі тағы бір талантты перзентімен толықты.

Расында да үш жүзден астам өлең мен бірнеше поэманы қатар жаттау екінің бірінің қолынан келе қоймайтын іс. Сондықтан да Айдананың арманы асқақ. Енді талантты жас Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін ғана жаттап қоймай, өзге де қазақ ақындарының шығармаларын жадына тоқуды көздейді. Қазақтың әдебиетіне, ұлт ақындарының ұла­ғатты туындыларына құрметпен қарап қана қоймай, санасына сіңіріп, жадына тоқыған Айдананың әлі де алар асуы алда.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы