Театр • 24 Қазан, 2017

Жастар театры «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты үздік қойылымдар фестивалін өткізеді

989 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық театрлар ертеңнен бастап өз көрермендерімен қайта қауышады. Осыған орай Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында жаңа театр маусымының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Жастар театры «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты үздік қойылымдар фестивалін өткізеді

Шараға Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының басшысы Айболат Сексембаев, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының басшысы Еркін Қасенов және Жастар театрының басшысы Ернар Жұматаев қатысты. Театр басшылары жаңа маусымдағы жоспарларымен бөлісіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Жиын барысында М.Горький атындағы орыс драма театры 117-ші театр маусымын ертең, яғни, 25 қазан күні А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» премьералық қойылымымен ашатыны белгілі болды. Сондай-ақ, театрдың жаңа маусымы  еліміздің ордасы – Астана қаласының 20 жылдығына арналмақ. Осы уақытта ұжым Ф.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар», А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада» туындыларының жаңа қойылымын сахналауды жоспарлап отыр.

Ал, Жастар театрына келер болсақ, жасампаз театрға биыл он жыл. Сондай-ақ оның көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай 70 жасқа келді. Осыған орай 25 қазан мен 1 қараша күндері аралығында «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты Жастар театрының үздік қойылымдар фестивалі өтпек. Театр басшысы фестиваль аясында актер шеберлігі, сахна қозғалысы, сахна тілі және вокал бағыты бойынша актерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған шеберлік сыныптары өтетінін мәлімдеді.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»