ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
– Орағаң істеген қара шаңырақ бұл! Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті туралы сөз болса қалса, мұндағы жұрт осылай мақтан етеді. Жөн-ақ, Орағаң – Оралхан Бөкеев жас кезінде осы газетте көркем очерктің көрігін қыздырып, қара сөздің хас шебері болып шықпап па еді. Оны қалай мақтан етпеске.
Алайда бұл газеттен жалғыз Оралхан ғана емес, өзге де мықты қаламгерлер шыққан. Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Ғаббас Қабышев, Қапан Қамбаров, Жүніс Ыбыраев, Кәдірбек Сегізбаев, Кеңес Юсупов, Әтина Жәкетова, Тоқтархан Шәріпжанов, Уахап Қыдырханов, Тоқтарбек Қызықбаев, Дидахмет Әшімханов, Ұлықбек Есдәулетов, Серік Ғабдуллин, Мүсілім Құмарбеков, Мұрат Әміренов, Оңдасын Елубай, Қайырды Назырбаев, Әлібек Қаңтарбаев, Ғалым Байбатыровтардың әр кездегі жарияланған естеліктері газетке деген ыстық ықылас, қимастық сезімге толы.
Міне, енді сол «Дидар» газеті биыл сексенге толып отыр. Ал той қарсаңында «Дидар» жаңа белеске шығуы керек еді. Шыққан да секілді. Заман талабы бойынша «Дидар» жаңа дидарын да тапты. Жаңа айдарлар ашылды, жаңа жобалар жасалды.
Жалпы, осы 80 жылда газетке он адам редакторлық еткен екен, қазіргі редактор Айтмұханбет Қасымұлы – он біріншісі. Біз осы мерейтойда облыстық газеттің өсіп-өркендеуіне ересен еңбек сіңірген, басылымның басшылары болған Мақсұт Тайшыбаев, Бейсек Исабеков, Бейсенғали Тәйкіманов, Мұқан Әбуғалиев, Омарбек Қайсанов, Манап Салықбаев сынды ағаларымызды кұрметпен еске аламыз. Ғұмырын осы облыстық газетке арнаған, оның ішінде жиырма бір жыл осы басылымның ұжымын басқарған, Қазақстан Журналистер одағы облыстық бөлімшесінің төрағасы Жұмәділ Әділбаев ағамызға деген құрметіміз де ерекше.
ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ. ОНЫҢ АЯҚ АЛЫСЫ ҚАНДАЙ?
2008 жылдың соңғы екі айы облыстық екі басылым – «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттері үшін өте бір жұмысбастылықпен өткен екен. Өйткені, Шығыс Қазақстандағы негізгі ақпараттық құралдарды бір ортадан басқару мақсатымен «Шығыс ақпарат» атты жаңа коммуналдық мемлекеттік мекеме құрылған.
Жаңа құрылым газетке қандай жақсылық әкелді, не бере алды? Бұған дейін облыстық, орыс тілді «Рудный Алтай» газетінің баспаханасы болып келген баспахана жеке құрылым ретінде «Шығыс ақпараттың» құрамына енгізіліп, газет бастырғаны үшін жылына ондаған миллионды көрші газетке төлеп жүрген «Дидар» одан құтылды. Бір жағы соның есебінен қызметкерлердің жалақылары өсірілді. Ал газет шығару жұмысындағы көп жылғы сабақтастыққа ешқандай нұқсан келген жоқ.
«Дидар» облыс әкімінің өткізетін іс-шараларын, тың бастамаларын жедел көрсетіп отыруға күш салып келеді. Сондай мақсатпен «Шығыс ақпарат» құрамындағы екі облыстық газет 2009 жылдың 1 маусымынан бастап кезектесіп күнде шығатын болды.
Жалпы, құрылғанына үш жыл тола қоймаған «Шығыс ақпарат» кәсіпорнының құрамына қазір екі облыстық газет, баспахана, баспа, талдау орталығы және веб-технология бөлімі кіреді. Біздің полиграфистердің қазір облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей мұрындық болуымен сатып алынған «Sitу Line Express» офсеттік рулонды баспа машиналарының арқасында жоғары сапалы газеттер басып шығаратын мүмкіндіктері бар десек, мерекелік нөмірлер бүгінде түрлі-түсті болып шығып келеді.
Соңғы екі-үш жылда басылым редакторы Айтмұханбет Қасымұлының, редактордың орынбасары Уәлихан Тоқпатаевтың, халқымыздың салт-дәстүрінен хабары мол Бодаухан Тоқанұлының, фототілші Есімхан Орынбаевтың бай тәжірибесімен, Мейрамтай Иманғали, Серік Құсанбаев, Айнагүл Бәкімбаева, Нұржан Жақыпов, Серік Әбілхан, Айжанат Иқсанова, Лаура Наурызбаева сынды журналистердің ұсыныстары, Саят Жақыпов, Марат Мұқашев, Кенжехан Жамай сынды компьютерлік беттеушілердің шеберліктерімен астасып, газеттің бет-әлпеті өзгеріп, өңделіп, ажары ашылып, мазмұны байи түсті.
ГАЗЕТ ЖАҢА МАКЕТ-ДИЗАЙНМЕН ШЫҒАРЫЛА БАСТАДЫ
Газет шығару – ұжымдық жұмыс. Сондықтан түрлі салалардағы орын алған олқылықтарды редакцияға хабарлап отыратын, облыс басқармаларына сауал қоя алатындай «Дидардың» сенім телефоны ашылды. Әрбір шағын хабарға дейін айдар қойылды. Жаттанды тақырыптарды жолатпай, жазылған материалдарға ұтқыр, тосын, оқырманды бірден өзіне тартып алатындай тақырыптар қою жөнінде қатаң талап қойылды.
Содан соң ақпарат жанрының қысқа болуына баса мән берілді. Мақаладағы сөйлемдердің де қысқа, анық, дәл, нақты болуына баса назар аударылады. Фотосуреттердің сапалы болуы, олардың динамикалық қойылымы ерекше қадағаланады.
Сөйтіп, 2009 жылдың 1 маусымынан бастап «Дидар» жаңа макетпен шыға бастады. Газеттің маңдайындағы өлшеулі орынға өңірде өткен ең маңызды шаралар жайында жазылған материалдар үлкен суретімен берілетін болды. Бір жақ қапталынан анонсқа, оң жағынан шағын хабарларға орын берілді. Бұрын да материалдар тақырыптарына, географиялық аумағына қарай іріктелгенімен, бұдан былай әр беттің шекесіне «Экономика», «Әлеумет», «Жарнама», «Руханият» деген сияқты ірі әріптермен айдар-тақырыптар жазылатын болды.
Оқырманның түрлі аудиториясын қамту үшін «Алқоңыр» деген бет ашылды. Онда «Ауылдың айтқыштары», «Сөзіне сүйсінсең, өзіне құл боласың», «Қилы-қилы қызықтар», «Көкейде жүрген бір сауал» деген айдарлар өмірге келді. Солардың ішінде «Сұраңыз, жауап береміз» айдары оқырманның қызығушылығын тудырды. Осы айдар арқылы қаншама адам түрлі сала мамандарына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап ала алды.
Өзіндік бет-бейнесі бар жаңа жобалар ойластырылды. Мәселен, «Алаштан алғаш шыққандар», «Белгілі адамдардың белгісіз қырлары», «Адамның кейбір кездері – көңілде алаң басылса», «Көне сөздер көмбесі» деген жобалардың аяқалысы жаман болған жоқ.
Бұл ғана емес, «Дидар» ұжымы «Шығыс ақпарат» баспасымен біріге отырып, тағы екі үлкен кітап шығарды. Олар «Тарихи жол» және «Шығыс Қазақстанның шынайы шежіресі» деп аталады, бұлар – «Дидар» басылымының тарихы мен қазіргі сипатына арналған, ұжым журналистерінің эсселері мен ардагерлердің естеліктері топтастырылған жинақтар.
Биыл мерейтой қарсаңында газет ұжымы алты ай жаз бірнеше ауданда болып, өзінің оқырмандарымен жүздесіп қайтты.
СЫН МАҚАЛАЛАР БАСШЫЛЫҚ НАЗАРЫНАН ЕШҚАШАН ТҮСКЕН ЕМЕС
Газетте сын бар. Ол – кемшілікті жою үшін керек. Онсыз газет – оқылатын газетке айнала алмайды. Ал енді елді селт еткізген сынның бірі алғашында Әлібек Қаңтарбаевтың «Қаладағы қазақ балалары дәретханада оқып жатыр. Гречухин мырза (сол кездегі облыстық білім беру басқармасының бастығы Н.Қ.) бұл туралы бас қатыра ма екен өзі?» деген мақаласы (2009 жылғы 3 маусым) болды.
300 мың халқы бар Өскеменнің жартысына жуығын құрап отырса да, қазақ балабақшасының, қазақ мектебінің жетімсіздігін әңгімелей келген журналист №3 мектеп ұжымы жертөлені жөндеп, үш дәретхана бөлмесін қайта жабдықтап, кабинет етіп отырғандығын, жалпы қаладағы 45 мектептің алтауы ғана қазақша екендігін ашына жазады. Осындай деректерді келтіре отырып, №36 орыс мектебі артық-ауыс бөлмесін сауда орындарына жалға беріп отырғанын да айтады.
Бұл мақаланың оқырман арасында ерекше резонанс туғызып, газет сөзінің салмағын сезіндіре түсуінің енді бір себебі – осы мақала бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың №3 мектепке барып, жағдайды өз көзімен көруі болды.
– Қаладағы мектептерді дәл бүгін-ертең шұғыл түрде аралау жоспарымда жоқ болатын. Алайда, облыстық «Дидар» газетіндегі сын мақаланы оқығаннан кейін тағат тауып отыра алмадым, – деген болатын облыс әкімі өзінің мектептерді аралау кезінде журналистке айтқан пікірінде. 860 балаға лайықталған ғимаратта 1245 оқушы екі-үш ауысымда білім алып жатқандығын, мектепті күрделі жөндеуден өткізу биылғы жоспарға кірмей қалғанын естіген әкім жөндеу жұмыстарын жарты жылға жеткізбей өткіздіріп берді.
Газетте шыққан сынның нәтижелерін қалың оқырман осылай көздерімен көріп отырды.
«Дидарға» шыққан сын мақалалар әсерімен Өскеменде қазақ мектептерінің саны артты, Сағырда, Самарда, Таврияда тұрған Ленин ескерткіштері алынып тасталды, Өскемендегі, Семейдегі көшелер түзелді, ауылдардағы бірқатар мәдениет үйлері қалыпқа келтірілді, т.с.с. Бәрін тізіп жату шарт емес, әйтсе де, «Дидардың» жақсы шыққаны, өткір болғаны – бәрімізге абырой. Нөмірдің сәтті шығуы, ол – бүтін бір ұжымның еңбегі.
«ҚАҒАЗ БЕТІНДЕГІ АЙТЫС» ЖОБАСЫ ДА ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ҰНАҒАН ЕДІ
Ұсыныстарымыз, кеңестеріміз редакциялық алқада талқыланып, дәстүрлі айдарлар жаңартылып, жаңа жобалар батыл енгізіліп «Алқоңыр» бетінде «Тылсым дүние», «Керек кеңес», «Адамның кейбір кездері – көңілде алаң басылса», «Сөзіне сүйсінсең, өзіне құл боласың», «Иманшарт», «Езу тартар», «Көнерген сөз көмбесі», «Алаштан шыққан алғашқылар» сияқты көптеген жаңа айдарлар ашылды.
Мәселен, «Белгілі адамның белгісіз қырлары» деген айдармен ашылған жобадан оқырман қауым эстрада әншісі Сырым Исабаевтың кәсіпкерлікпен айналысатынын, ал әнші Мәдина Сәдуақасованың психология маманы екендігін, заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов бос уақытында ағаштан таяқ жонғанды ермек еткен болса, ақын Серік Ғабдоллаұлы мүштік, жазушы Дидахмет Әшімханов галстук жинаумен айналысатындығын, Бауыржан Момышұлы – банкир, Талғат Бигелдинов – омарташы, Тоқтар Әубәкіровтің атбегі екендігін қызыға оқыды.
Оқырман көңілінен шыққан 2009 жылғы тағы бір жоба – алты айға созылған «Қағаз бетіндегі айтыс» айдары болды. Оны ұйымдастырып, жүргізген журналистер – ақын, Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Бодаухан Тоқан, танымал айтыскер-ақын Серік Құсанбаев, газеттің руханият бөлімінің меңгерушісі Азамат Қасым болды. Ақпан айы бойы өскемендік Абаш Кәкенов пен ұландық ақын Нұртай Тілеужанов өтірік айтыс бәйгесіне түссе, наурыз айында өскемендік Серік Бақтыбаев пен ұландық Дарын Нұрсапаров қайым айтысында күш сынасты. Одан соң жұмбақ айтысқа түскен Мұратхан Кенжехан мен Есімжан Нақтыбайдың, әзілдесе айтысқан Еділ Майзақов пен Құмар Зиятхан, өтірік айтыста бақ сынасқан Аян Өрібаев пен Оңал Мизамханның, Абаш Кәкенов пен Құралай Әлкенбаеваның тамаша өнерлерін оқырман қауым мұқият қадағалап, редакциямен хабарласып, өз пікірлерін білдіріп отырды.
«Дидардың» қырық адамнан тұратын ұжымдық еңбегін қалың оқырман газет бетінен көріп, осы күнге дейін лайықты бағасын беріп келеді.
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің директоры, жазушы, публицист, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты.