Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Алматыда Тамара Дүйсеноваға «Ерте араласу» жобасы таныстырылды

565 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Алматы көпір құрылысы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Алматыда Тамара Дүйсеноваға «Ерте араласу» жобасы таныстырылды

Кездесу барысында Еңбек кодексі мен ұжымдық еңбек шартын сапалы жүзеге асыру, кәсіподақ қозғалысындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды. Алматы қаласындағы Халықты жұмыспен қамту орталығында болған Тамара Дүйсенова, Орталықтың жаңғырту алдындағы жұмысымен танысты.

Бейімдеу және оңалту орталығындағы «Кеңес» мүгедектер қоғамдық бірлестігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне «Балалар денсаулығы дамуының бұзылуына ерте араласу – сәбилердің ауыр мүгедектігі мен ерте жетім қалуының алдын алудың кепілі» атты қанатқақты жобаны таныстырды.

Қанатқақты жобаны сынақтық жүзеге асыру барысында тәрбиесіндегі бала дамуында ерекшелігі бар 520 отбасы маман кеңесін алып үлгерді. Орталық мамандарының болжамы бойынша, жобаға қатысқан балалардың 70%-дан астамы, болашақта балалар бақшасы мен жалпы білім беретін мектептердегі қалыпты ортаға араласып кетуге толық дайын болады.

«Кеңес» орталығы психоневрологиялық ауытқуы бар балалар мен олардың отбасыларының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік жобалар мен бағдарламалардың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Тамара Дүйсенова орталықтың жұмыс нәтижесіне оң бағасын беріп, еліміздің өзге де өңірлерінде дәл осындай орталықтарды ашудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында, Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің қатысуымен әлеуметтік-еңбек саласының мәселелері бойынша жиын өтті. Өз сөзінде Т.Дүйсенова министрліктің әлеуметтік-еңбек саласын жаңғырту барысындағы жұмыс нәтижелері жайлы әңгімеледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» идеясы мен  халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асады.  

Министр бүгінгі таңдағы ең басым бағыттың бірі – аз қамтылған отбасыларға шартсыз және шартты түрде берілетін жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмектің енгізілуі екеніне назар аударды.

Егер қазіргі таңда АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) табысы күнкөріс деңгейінен 40% төмен адамдар мен отбасыларға қаржылай көмек ретінде берілетін болса, жаңа жылдан бастап АӘК әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда берілетін болады.

Сонымен бірге, жаңа жылдан бастап төленетін АӘК  - қазіргі таңдағы АӘК, балалар жәрдемақысы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы секілді 3 әлеуметтік төлемнің орнына Бірыңғай жәрдемақы түрінде төленетін болады. Ең басты ескеретін жайт, жаңа АӘК мөлшері жоғарыда аталған 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасынан жоғары болады.

«Сондықтан, жаңа АӘК тек қана қаржылай жәрдемақы ғана емес, кедейлік деңгейінен шығудың кешенді шарасы болмақ. Жәрдемақының қолжетімділігі мен бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында жәрдемақыны бір терезе жүйесімен Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізу ұсынылады», - деді Министр.

Министр алда тұрған мақсаттарды ескере отырып, жұмыспен қамту орталықтарын күшейту арқылы жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде қосымша жұмыс орындарын ашып, материалдық-техникалық жабдықталуы мен маман даярлау ісіне аса мән беру керек екенін атап өтті.