КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі Нәзір Төреқұлов – (1928-1936 ж.ж.) кеңес тарихын, оның ішінде кеңес дипломатиясы тарихын жасаушылардың қатарына әбден қосуға болатын тұлға. Сауд Арабиясындағы кеңестің өкілетті өкілінің жарқын қызметі дипломаттардың жас буынына лайықты үлгі, ал оның ХХ ғасырдың бірінші жартысында орын алған оқиғалармен тығыз байланысып жатқан қысқа да жарқын өмірі біздің халқымыздың есінде ұзақ сақталмақ.
Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Коқанда мақта саудасымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Жас кезінде алған тәлім-тәрбиесі, бойындағы аңғарымпаз ақылы мақсаткерлік, алға жетелеген күш-қайрат секілді табиғи дарын-қабілетімен ұштасқан оның жан-жақты білімі Төреқұловты өзгеше, жарқын істерге толы болашақ күтіп тұрғанын аңғартқандай еді.
Қазақ, өзбек және орыс тілін бірдей жақсы білген ол классикалық орыс әдебиетінің үлгілерімен жас кезінен таныс болып, әкесі жаздырып алатын газет-журналдарды оқып өсті. Нәзірдің білім алуы, өзі жазғанындай, «жаңа үлгідегі дінге» ден қойған Қоқандағы «Жәдит» медресесінен басталды. Балалық шағында осылай медресенің араб әліпбиін үйренуі, оқи және жаза білуі, намазды, қасиетті «тахфиз әл-Құран әл-Кәрімнің бірқатар сүрелерін жатқа білу сияқты негізгі оқыту бағдарламасын игеруінің кейіннен Төреқұловқа исламның қасиетті мекені Сауд Арабиясында жас кеңес мемлекетінің өкілі болып қызмет еткенде көп көмегі тиді.
Діни «Жәдит» медресесінде үш жыл білім алғаннан кейін Нәзір 1902 жылы Қоқанда ашылған «орыс-түзем» мектебінің табалдырығынан аттады. Ал, екі жылдан кейін ол Қоқан коммерциялық училищесіне оқуға түсті. Бұл оқу орнының қабырғасында өткен сегіз жылда қаржы мен коммерция саласында негізгі білім алумен қатар, дүниетанымының да кеңеюі Төреқұловтың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті.
Нәзір өзінің білімін Мәскеу коммерциялық институтында жалғастырды. Бұл жерде оған француз және неміс сияқты еуропа тілдерін тереңірек білуге мүмкіндік туды. Төреқұлов оларға қоса түрік тілін де білді. Осылай ол кәсіпқой дипломаттың табысты жұмыс істеуіне аса қажет қасиет иесі – нағыз полиглот болды.
1914 жылы бұрқ ете түскен Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі аласапыранды оқиғалар балам коммерсанттық жолды таңдайды деген Нәзірдің әкесінің үмітін біржолата үзді.
1917 жылғы Қазаннан кейін және Орталық Азияда жаңа өкімет орнағаннан бастап, таптық күресте біршама шыңдалып, тәжірибе жинақтаған Төреқұловтың саяси қызмет мансабына кең мүмкіндіктер ашылды.
1918 жылғы қазанда ол большевиктер жағына шықты. РКП(б) мүшелігіне қабылданысымен, өз еркімен Қызыл армияға жазылды және Түркістандағы Атты әскер саяси басқармасының бастығы болып тағайындалды.
Осы кезден бастап оның саяси қызметінің өсу жолы күрт өрлей түсті. Оған қоса, революциялық арынның ықпалымен осы кезеңде Төреқұловтың публицистік, бұқаралық-мәдени және ағарту жұмыстарын ұйымдастырушылық қабілеті мен таланты жан-жақты көрінді. Қоқан совдепінде жұмыс істей жүріп, оның баспалық органы «Халық газетасын» («Народная газета») ашуға белсене қатынасты, Түркістан КП Орталық комитетінің органы «Инкилоб» («Революция») журналының алғашқы санын ұйымдастырып шығарды.
1919 жылы басмашылармен қарулы күрес қызған шақта Төреқұлов Облревкомға жұмысқа тартылды және біраз уақыттан кейін Түркістан ағарту комиссары болып бекітілді.
1920 жылдың жазында Түркістан Компартиясының уақытша ОК құрылып, Төреқұлов оның хатшысы болып сайланды. Міне, осы кезден бастап, ол өзін мемлекеттік деңгейдегі саяси қайраткер ретінде көрсете бастады. 1921 жылы мамырда Кеңестердің кезекті съезінен кейін Төреқұлов Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып сайланды.
1922 жылы қазанда Мәскеуге ВКП (б) Орталық Комитетінің қарауына шақыртылып, біраздан соң КСРО халықтары Орталық баспасы басқармасы төрағалығына тағайындалуымен Нәзірдің қоғамдық-саяси қызметінің мүлде жаңа және бүкілодақтық көлемдегі кезеңі басталды. Өзі 1928 жылға дейін жетекшілік еткен Орталық баспада оның баспагер, редактор және тілші-ғалым ретіндегі талантының жаңа қырлары ашылды. Осы қызметте Төреқұловтың жаңа кеңес мемлекетіндегі ұлттар мәдениеттерін дамытуға қосқан үлесі баға жеткізгісіз.
Орталық баспаның төрағасы болып қызмет істеп жүргенде-ақ Нәзір НКИД (Сыртқы істер халық комиссариатының) резервіне қойылған болатын. НКИД басшылығының Н.Төреқұловты КСРО-ның Сауд королдігіндегі өкілетті өкілі етіп тағайындау мәселесіне орай ВКП (б) Орталық Комитетінің бас хатшысы Сталинге жазған арнайы қызметтік хатында оның «мұсылман әлемі мен дүниетанымының аса ірі білгірі және Хиджазтағы біздің өкілдерімізден талап етілетін күрделі де нәзік саясатты жүргізуге барынша лайық та қабілетті екендігі» атап көрсетілді. Бас хатшы бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп, Төреқұлов 1927 жылғы 15 желтоқсанда Хиджаз, Неджі және қосылған облыстар корольдігіндегі (сол кезде Сауд мемлекеті осылай аталған) өкілетті өкіл болып тағайындалды. Тұңғыш өкілетті өкіл қазақтың ұзаққа созылған, жарқын істерге, толассыз күрес пен мазасыз күндерге толы арабия дастаны осылай басталды.
Араб жерінде КСРО-ның жаңа өкілетті өкілі ерекше құрмет және достық пейілмен қарсы алынып, 3 қазанда ол Меккеде корольдің ұлы ханзада Фейсалға өзінің сенім грамотасын тапсырды.
Корольдің кеңестік дипмиссияның жаңа жетекшісі сауд үкіметі мен монарх тарапынан «құрмет пен ізгі пейіл-қатынас» көретін болады деп сендіруі хаттама үшін жәй айтыла салған сөз болмай, Төреқұловқа расында да корольдікте болған сегіз жыл ішінде Әбдел Әзиз әл-Сауд пен оның айналасындағылардан ерекше құрмет пен ілтипат көрсетілді. Мұнда, әрине, өкілетті өкілдің корольмен және оның балаларымен шынайы достық қарым-қатынас орната білген жеке басының ұнамдылығының да айтарлықтай рөл атқарғаны сөзсіз.
Нәзір жаңа қызметіне тез үйренісіп, жергілікті ықпалды адамдармен және көпестермен достық байланыс орнатып алды. Бұған, негізінен, оның қысқа мерзім ішінде араб тілін жақсы меңгеріп алғаны жол ашты деуге болады, оны жетік үйренгені соншалықты, ол салтанатты жиындарда дипкорпустың атынан құттықтау сөз сөйлеп, жергілікті діни гұламалармен теологиялық тақырыпта пікір таластыратындай дәрежеге жетті. Төреқұловтың байланыс өрісі кеңи түсті. Барып қызмет етіп жатқан елдің ішкі және сыртқы саясатын тез меңгеріп алуы, осы тәріздес ағымдағы мәселелерді біліп отыруы тиістігі және КСРО-мен қарым-қатынастың келешегі оған әртүрлі деңгейдегі саудтық шенеуніктермен, монархтың өзімен және балаларымен жиі кездесіп, пікірлесуге мүмкіндік берді. Нәзір еуропалық әріптестеріне қарағанда корольмен және оның Хиджазтағы өкілі, ханзада Фейсалмен жиі кездесіп, пікірлесетін болды. Өйткені, Әбдел Әзиз және оның төңірегіндегі мәртебелі кісілермен кездесу негізінен Меккеде өтіп, ондай «қасиетті» мекенге басқа діндегілердің баруына рұқсат етілмеді. Ал шынайы мұсылман Төреқұловқа мұндай шектеулер қойылған жоқ. Жалпы кеңестік өкілетті өкілдің жұртты өзіне қарата білетін ерекше тартымдылығын айта кеткен жөн. Жоғары дәрежедегі бекзаттар, атап айтқанда, әр саланың министрлері, әскери шенді адамдар, тіпті, жергілікті жасырын полицияның бастығына дейін Нәзірмен жақсы қарым-қатынаста болып, қажетті мәлімет-ақпараттармен бөлісіп отырды. Ал Нәзір Төреқұловтың ұтымды ұсыныстары Мәскеуге өзінің халықаралық беделін нығайту бағытында нақты қадамдар жасауға мүмкіндік берді.
Өзі келіп жұмыс істеп жатқан елде және тұтастай алғанда осы аймақтағы өз Отанының солай беделін нығайтуды Нәзір өзінің өкілетті өкіл ретіндегі қызметінің мән-мағынасы деп білді. Ол ақыр аяғында 1930 жылы үлкен табандылықпен кеңестік дипагенттік пен бас консулдықтың дипмиссияға айналдыруға және дипкорпуста өзінің дуайен болып сайлануына қол жеткізді және мұны Орталыққа мақтанышпен хабарлады. Сыртқы істер халық комиссары М.Литвиновқа жолдаған хатында: «...дипкорпустағы ағалық жол үшін тарихи күрес аяқталып, біздің пайдамызға шешілді»,- деп жазды.
Нәзірдің шетелдік дипломаттар арасында беделінің өсуіне бір жағынан король сарайы тарапынан оған көрсетілген ерекше құрмет те ықпал етті. Кеңестік мұсылман өкілетті өкілді корольдің қаншалықты қолдап-қуаттағанын мына бір елеулі жайт та аңғартқандай: оның Төтенше және Өкілетті министр ретіндегі (қазіргіше елшінің) сенім грамотасын тапсыру рәсімі Меккеде 26.02.30 жылы жергілікті уақыт бойынша сағат 22.00-де өткізіліп, бүкіл мұсылмандар үшін қасиетті тағдырды айқындайтын - «Ләйләтүл Қадір» түнімен сәйкестендірілді.
Өкілетті өкіл де өз тарапынан риясыз қызмет етіп, монархтың отбасын және корольдіктегі «кіл мықтыларды» өз жағына тарта білді. Ханзада Фейсалдың өзі келіп малярия (безгек) ауруынан емделген дәрігерлік амбулатория ашты, Ленинградтан арнайы маман шақыртып, корольдің ат-Таиф қаласындагы жазғы резиденциясына күллі араб түбегінде тұңғыш рет монархқа Кеңес үкіметі сыйлаған автоматты телефон станциясын орнаттырып берді, Кеңес Одағынан жергілікті ақсүйектерге құранның көне қолжазбасы мен он екі кеселік шай сервизін, құлаққа киетін есіткіш аппарат, қауынның тұқымы сияқты әртүрлі сыйлықтар мен тарту-таралғылар алдыртып, сыйға тартты.
Нәзірдің жеке басының қасиет-қабілетінің арқасында оның сұсты монархпен қатынасы біртіндеп шынайы достық пен бір-біріне деген қадір-құрметке ұласты. Корольмен болған екі жақты қарым-қатынастың барлық мәселелерін қамтыған әңгімелер барынша ашық және сындарлы бола түсті.
Төреқұловтың өкілетті өкіл қызметінің аяқталар тұсына таман саудтық көшбасшының: «Мен кеңестің көмегіне мұқтажбын. Мен әскери-саяси мәселеде КСРО-ның қолдағанын қалаймын. Мейлі, Кеңестер маған басшылық жасасын. Мен, менің артымнан қарулы күштерім Кеңестердің артынан еретін боламыз. Кеңестердің мені КСРО мен арабтардың мүдделері үшін қалауынша пайдалануына болады», деп ағынан жарылуы саяси тұрғыдан терең ойды меңзегендей еді. Сөз жоқ, әл-Саудтың бұлай риторикалық сипатта сөйлеуінің әр жағында Мәскеудің сеніміне кіріп, одан тауарлық несие алу мүддесі жатқан болатын. Дей тұрғанмен, кеңестік тауарлар үшін «ерекше режімнің» және жан-жақты карым-қатынасқа басқа да кедергілердің жойылуынан кейін корольдің олай сөйлеуі, қазіргі тілмен айтқанда, екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестіктің өскендігін аңғартатын.
Сауда-экономика саласындағы мұндай табысты қадамға қолжеткізуге негізінен, Төреқұловтың жан-жақты ойластырып, Сауд Арабиясына 1932 жылы жанармайдың ірі партиясын - 50 мың жәшік бензин мен сонша мөлшердегі керосин жеткізіп беру жөнінде келісім жасаттырып, оны жүзеге асыртқан, әйгілі «бензин мәмілесі» ықпал еткен еді.
1932 жылы сол уақыттағы екі жақты кеңес-сауд қатынасының жоғары деңгейін білдіретіндей ірі оқиға орын алды. Сауд Арабиясының болашақ королі, ханзада Фейсал КСРО-ға ресми сапармен келіп қайтты.
М.Калинин, В.Молотов және Н.Крестинскийдің қатысуымен жүргізілген хаттамалық шаралар барысында екі тараптан да бір-бірлеріне деген шынайы достық пен адалдық туралы айтылды.
Өкілетті өкіл сыртқы саясатты насихаттау ісіне де ерекше маңыз берді. Кеңес Одағындағы: ұлт мәселесін шешуге, мұсылмандардың өміріне, бейбіт және әскери құрылыстарға, бірінші бесжылдықтың қорытындыларына, екінші бесжылдықтың орындалуына қатысты болып жатқан оқиғалар көптеген жергілікті қайраткерлерді қызықтыратын, сондықтан да олар Төреқұловқа осы жөнінен материалдар беру жайында өтініш білдіріп жататын. Бұл орайда өкілетті өкілдің Орталыққа саудтық ресми басылым «Уммуль-Кура» газеті бас редакторының өтініші бойынша Ресейдің оңтүстігіне XI ғасырда барған араб саяхатшысы Ибн Батутаның жүріп өткен жолының картасын жасап жатқанын, сондай-ақ, «арабтарды Ресей және оның тарихымен таныстыру» мақсатында КСРО-ның солтүстігі жөнінде араб тілінде жазба дайындап жатқанын хабарлауы қызғылықты жайт. «Барлық жағынан алып қарағанда, арабтармен бұлай ғылыми байланыс жасау пайдалы»,- деп қорытындылайды өз ойын өкілетті өкіл. 1933 жылы Сауд жағына көмек ретінде Хиджаз жерінен табылған минералдар үлгілерінің кеңестік зертханаларда зерттеліп қаралуы да Төреқұловтың араласуымен жүзеге асырылды.
Алайда, өкілетті өкілдің көп күш салуының арқасында кеңес - сауд қарым-қатынасы өзінің белгілі бір биік деңгейіне жеткен тұста Мәскеу оны қандай да бір түсініксіз саясатпен тежей бастады. Бұған қоса, Төреқұловтың жүргізілген белсенді жұмыстары Орталық тарапынан лайықты бағасын алған жоқ, тіпті өкілетті өкілге берілетін нұсқаулар барынша қатқылдана және бейтараптандырыла түсті. Міне, осыларға қарағанда, кеңестік сыртқы саясаттың біржола батыстық бағытқа ойысқаны аңғарылғандай еді.
Кеңес-сауд қатынасының тарихы секілді Төреқұловтың тағдыры да қайғылы аяқталды. 1937 жылы оған пантүрікшілдік деген сияқты жалған жалалар жабылып, қамауға алынып, НКВД қабырғасында ажал құшты.
Король әл-Саудты өзі жақсы білетін Төреқұловтың тағдыры қатты қапаландырды. «Бауыры Нәзірді» аямай жазалағандарға оның қаншалықты күйінгенін корольдің айналасындағылар көрді. Кешікпей ол дипломатиялық каналдар арқылы Кеңес одағының басшылығына басқа өкілетті өкілді көргісі де келмейтінін жеткізді. 1938 жылдың сәуірінде КСРО-ның Сыртқы істер халық комиссариаты Сауд Арабиясына нота жолдап, таяу уақытта кеңес-сауд қарым-қатынасын жақсартудың мүмкіндігі байқалмағандықтан, Мәскеу корольдікпен байланысты тоқтата тұруды және Джиддадағы өкілетті өкілдігін жабатынын мәлімдеген. Екі мемлекеттің қарым-қатынасындағы бұл үзіліс 1990 жылға дейін жалғасты.
Біршама жылдар өткеннен кейін, яғни 1958 жылдың 28 қаңтарында өкілетті өкілге қатысты үкім КСРО Жоғарғы сотының шешімімен өзгертіліп, Нәзір Төреқұловтың жарқын есімі қайта қалпына келтірілді. Алайда, Нәзір Төреқұловтың шынайы тұлғасын тану Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін жүзеге асырыла бастады.
Мен соңғы он бес жылда жарыққа шығарған ғылыми және көркем туындылар (орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдерінде) Нәзір Төреқұловтың мемлекеттік, саяси және дипломатиялық қызметін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік берді. Алғашқы жинақ «Нәзір Төреқұлов – КСРО-ның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі өкілетті өкілі» деп аталынып, онда, негізінен, Ресей Федерациясы Сыртқы саясат мұрағатынан алынған құжаттар пайдаланылды.
Осы кітаптың сүйінші данасы қолға тигеннен кейін оны Қазақстанның Президентіне ұсындық. Отанымыздың тарихындағы ақтаңдақтарды жоюға және есімдері ұмыт болған ұлт қаһармандарын халыққа қайтаруға әркез сергек қарайтын Нұрсұлтан Әбішұлы басылымға жоғары баға берді. Сөз реті келгенде, даңқты өкілетті өкіл туралы бұдан кейінгі зерттеулеріміз де Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанын айта кеткім келеді.
Бұл жинаққа жұрттың назар аударып, қызығушылық танытуы мені Нәзір Төреқұлов туралы тұтас бір еңбек жазып, оны орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдерінде шығаруға жетеледі. «Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны» деп аталған ол кітап 2001 жылы жарық көрді.
Сүйініштісі сол, Нәзір Төреқұловтың тұлғасына әйгілі «Молодая гвардия» баспасы қызығушылық танытты. Сөйтіп, Нәзір Төреқұлов ЖЗЛ-дегі қазақтың аса көрнекті тұлғаларының қатарын толықтырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып жүрген кезінде Нәзір Төреқұлов хақындағы көркем туындының ағылшынша нұсқасын Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсал ханзадаға сыйлапты. Министр кітаппен арабтың зиялы қауымы кеңінен танысуы үшін оны араб тіліне аударып шығару жөнінде ұсыныс жасады.
Жиырма мың дана таралыммен Каирдағы «Айн Шамс» баспасы жарыққа шығарған кітаптың арабша нұсқасы араб тіліндегі оқырмандарға Сауд Арабиясы дамуының, кеңестік-арабиялық, кеңестік -арабтық қатынастардың қызықты бір кезеңі жөнінде мол мағлұмат алуға мүмкіндік берді деген ойдамын.
2014 жылдың сәуір айында қалың жұртшылықты КСРО-ның даңқты өкілетті өкіліне арналған ғылыми және көркем әдебиеттермен таныстырған Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметі туралы қорытынды кітап «Познание личности» («Тұлғаны тану») оқырман қолына тиді.
Үстіміздегі жылдың 1-2 қараша күндері Түркістанда өтетін ғылыми-тәжірибелік конференция, сөз жоқ, Нәзір Төреқұловтың тарихи тұлғасын одан әрі тануға қызмет етеді.
Тайыр МАНСҰРОВ,
саясат ғылымдарының докторы