Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Алашорда бланкісі

1263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бланкі дегеніміз – стан­дартқа сәйкес бел­гілі бір үлгідегі ақпа­рат жазуға арнал­ған қағаз-парақ. Блан­­кі­нің түрлері көп. Со­ның ішінде құжат блан­кісі деген бар. Оған тұрақты және ауыс­палы ресми деректемелер жазылып, қажетті нысандарға жол­данады. Құжат блан­кісін мемлекеттік ор­гандар мен мекемелер пайдаланады. 

Алашорда бланкісі

Осындай құжат бланкісі алашор­да­лықтарда да бол­ған. Яғни 1917 жылдың ая­­­ғында құрылып,1918 жыл­дың ортасынан бастап ресми іске кі­ріскен Алашорда ұлт кеңесі (үкіметі), 1920 ­жылы 9 наурызда Каз­ревком «Алаш­орда» бур­жуазиялық үкіметін жою ту­ра­лы бұйрық шығарғанға дейін бланк қол­данып, іс-қызметін жүр­гізген. 

Ресми бланкінің басына, яғни құжат ие­сі ретінде ат-атауы қойылатын орынға Алаш­орда ұлт кеңесі өзінің титулын әуелі араб әліпбиі негізінде қазақшалап «Қазақ-қырғыз хүкметі Алаш – Орда» деп жазса, орысша криллицамен «Все­­киргизскій народный советь Алаш – Ор­да» деп таңбалаған. Ресми ти­тулдың ас­тында құжаттың жолданған уа­қыты мен нөмірі тұр.

Осындай ресми блан­кіге жазылған іс-­қағаз құ­жат­­тарының дені Семей қа­­ла­­сын­дағы Қазіргі заман тарихын құ­жаттандыру орталығында сақтаулы. Атал­­­мыш мекеменің ғылы­ми-анық­та­малық және құ­жаттарды пайдалану бөлі­­­мінің басшысы Лаура Қа­ды­рованың мәліметіне қарағанда, қордағы құжат­тар: Алашорда үкіметінің, Семей облыстық және уез­дік Алашорда коми­тетінің және Алаш қайрат­керлерінің қызметіне қа­тыс­ты екен. Сонымен қа­тар бланкіге жа­зыл­ған іс-қағаздар Бүкілресейлік уа­қыт­ша үкіметі Семей облыстық және уездік басқармаларына, Семей гу­бер­ния­лық соты, төңкеріс комитеті, Алаш қа­лалық қо­ғамдық бас­қармасы, Алаш жұ­­мысшы, шаруа және қырғыз де­пу­таттары кеңесі қатарлы ұйым­дарға жолданып, алаш қайраткерлері – Ә.Бөкейханов, Х.Ғаб­басов, Р.Мәр­секов, Б.Сәрсе­нов, А.Қо­­зы­бағаров, М.Бош­таевтардың қол­таң­басы қо­йыл­ған дейді.

Бұл бланкідегі екінші бір ерекше дү­ние – құжаттың ме­кен-жайы «Се­мей облы­сы Алаш қаласы» (г. Алаш. Семи­палат. обл.) деп көр­сетілуі. Яғни, қаланың қазіргі Жаңа Семей деп ата­латын бөлігі 1917 жылдан бастап, 1927 жылға дейін «Алаш қа­ласы» деп аталғанына нақты дәлел осы құжат. 

Суреттегі бланкіден алаш­­ор­далық­тар­дың уез­дік жер басқармасына жаз­ған­ хатын оқуға болады. Уақыты «5-ші­ қа­зан 1918 жыл» делінген. Құ­жат­ нө­мі­рі – 199. Бұл хат жазылған мөлшер­де­ Алаш­­орда үкіметінің ресми іске кіріс­ке­ніне төрт-бес ай ғана болған кез. Со­ның өзінде құжат саны 200-ге иек арт­қан екен. 

 

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар