26 Қазан, 2017

Елбасы әліпбидің соңғы жобасын бекіту керектігін айтты

214 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжинді қабылдады, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Елбасы әліпбидің соңғы жобасын бекіту керектігін айтты

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

– Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық шығару қажет. Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшірудің маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар, Елбасыға мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндалды.