Парламент • 27 Қазан, 2017

Парламент Сенатының жалпы отырысында қандай мәселелер талқыланды?

307 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілік етуімен жалпы отырыс өтіп, онда бірқатар халықаралық маңызға ие құжаттар ратификацияланды. 

Парламент Сенатының жалпы отырысында қандай мәселелер талқыланды?

Сонымен қатар Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалдарында сенаторлар Қытайдағы қандас бауырлардың бүгінгі жай-күйіне өз алаңдаушылықтарын білдіріп, судан келер қауіп-қатер мен оған деген тапшылықтың тауқыметін сөз етті. Ал сенатор Әли Бектаев болса мемлекетіміздің мүмкіндігі жете тұра әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысының аздығына көңіл аудару қажеттігін айтты.

Күн тәртібіне сай Сенат депутаттары алдымен Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялады.
Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин таныстырған бұл Келісім әрбір уағдаласушы мемлекеттің өзінің аумағында жүрген, ұстап беруге әкелетін қыл­мыстар үшін күдік кел­тірі­летін, айыпталатын немесе сотталған кез келген адамды қыл­мыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау мақ­саттарында ұстап беруіне бағыт­талған. Сол себептен де Келісімде адамды ұстап берудің және одан бас тартудың негіздері көзделген.
Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім ратификацияланды. Құжат сотталған адамдардың аза­маттығы жағынан тиесілі қоғам­ға қайта араласуына жәрдем көрсетуге, әлеуметтік оңалтуға, сотталған адам азаматы болып табылатын мемлекетте жазаны өтеуді жалғастыру мақсатында барынша ынтымақтасуды жүзеге асыруға бағытталған. 

Келісімнің ережелеріне сәйкес, тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа оның аумағында екінші тараптың кез келген азаматына қатысты шығарылған, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін, соттың заңды күшіне енген үкімдері туралы дереу хабарлауға міндеттенеді.

Сенаторлар талқылаған үшін­ші мәселе − Ұстап беру тура­лы конвенцияны ратифика­ция­лау. Конвенцияға 1933 жыл­ғы 26 желтоқсанда Монте­видео қаласында (Уругвай Респуб­ликасы) қол қойылған. Конвен­ция айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды әлеуметтік оңалтуға жәрдемдесу мақсатында оларды ұстап беру саласында ынтымақтастық орнатуды, сон­дай-ақ сотталған адамдар үшін жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігін жасауды көздейді.

Заң жобасы жөнінде баян­дама жасаған Бас прокурор орынбасарының түсіндіруінше бұл Конвенцияның ережесіне сәйкес, оған қатысушы мемле­кеттер өздерінің аумағында жүр­ген айыпталушыларды немесе сотталған адамдарды қылмысы үшін қылмыстық қудалауды және сот үкімін орындауды жүзеге асыру үшін беруге міндеттенеді.

Айта кетейік, Конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақ­стан Республикасы Конститу­циясының 11-бабына сәйкес Конвенцияның 2-бабы бойынша өздерінің азаматтарын ұстап бермеуі туралы, сондай-ақ 15-бабы бойынша іздестіріліп жатқан адамның мүліктерін тәркілеу және беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімдеме жасау ұсынылады.

Сондай-ақ Палата Инвес­ти­ция­лар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Са­ғыновтың таныстыруымен «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы № 2967-KАZ Қарыз туралы ке­лі­сімге (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвестициялық бағдарламасы [Маңғыстау об­лы­сындағы учаскелер] – 2-жоба) түзетулерге қатысты Қазақстан Рес­публикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» заң­ды қабылдады. Құжаттың негізгі мақсаты ОАӨЭЫ 2 Дәліз инвес­тициялық бағдарламасының 1-қосымшасымен Маңғыстау облысындағы ұзындығы 73 шақырым «Жетібай-Жаңаөзен» жолын реконструкциялауды қаржыландыру болып табылады.

«Жоба Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім аясында «Шетпе-Ақтау» жобасы бойынша үнем­дел­ген қаражат есебінен жүзеге асы­рылады. Сонымен қатар, Келісім-хатты ратификациялау Қазақстан автомобиль жолдарын дамыту және реконструкциялау бойынша шығындарды тиімді басқаруға бағытталған. Осы жоба­ның іске асуы Қазақстанда көлік дәліздерін дамытуға негізделген және көлікке жәрдемдесу сала­сындағы шараларды жақсартуға бағ­дарланған көлік саясатын қалыптастыруға ықпал ететін болады», деді З.Сағынов.

Қандастар күйіне алаңбыз

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, Сенат депу­таттары әдеттегідей өз құзы­рет­тері шеңберінде Үкімет бас­шы­сының атына сауалдарын жолдады. Сенатор Нұрлан Қылышбаев Қытайдағы қандас бауырлардың бүгінгі жай-күйіне алаңдаушылығын білдірді.

«Қытай Халық Респуб­ликасының Шыңжан-Ұйғыр автономды аймағында тұратын қазақ ұлты өкілдерінің заңды құ­қықтары қысым көріп жатқаны туралы шілде айындағы Дү­ниежүзі қазақтарының құрылтайында көтерілген болатын. Содан бері ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілерде Шыңжанда қоныс тепкен бір жарым миллионнан астам қандастарымыздың заңды құқықтарының шектелуі жөніндегі әңгіме кеңінен таралып келеді. Бұл ақпарат қан­ша­лықты шындыққа жанасады және Сыртқы істер министр­лігі мәселені зерделеп сараптау үшін қандай жұмыстар атқар­ды, дипломатиялық жолдар ар­қылы Қытай тарапымен келіссөз­дер не болмаса консультация­лар жүр­гізілді ме?», деді Н.Қы­лыш­баев.
Ал өз кезегінде сөз алған депутат Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыс­тарында топтық су құбырларын қайта құру үшін қаражат бөлу қажеттілігін көтерді.

«Өткен ғасырдың 60-80-жыл­дарында салынған су тарт­қыш­тардың жалпы ұзындығы 2 920 шақырымды құрайды, бүгінгі күні олардың 965 шақырымының пайдалану нормативтік мерзімі бар, қалған 67%-ы немесе 1955 шақырымы өзінің нормативтік мерзімін 2 есе өткерген және толығымен тозған. 2012 жылдан бастап 4 топтық құбырлар бойынша 8 022 апат орын алған. Магистралды құбырлардың қатты тозуына байланысты тасымалдау кезінде суды жоғалтудың жалпы көлемі 65%-ды құрайды. Бұл жағдай суды өндірушілер мен тұтынушылар шығындарының ұлғаюына әкеліп соғуда және біздің мемлекетіміздің тұщы су сынды құнды және жаңартылмайтын табиғи ресурсын сақтау стратегиясына қайшы келеді. Аталған мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескеріп, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының топтық су құбырларын реконс­трук­циялау үшін Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің «Қаз­сушар» ШЖҚ РМК-на қаржы бөлу мәселесінің оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз», деді Е.Сұл­танов Премьер-Министр Б.Сағын­таевтың атына жолдаған сауалында.

Жаңа мамандық жарға жықпайды

Әріптесінің бұл ойын құптай түскен сенатор Дархан Кәлетаев болса, гидротехникалық қа­да­ғалауға қатысты және зіл­заладан қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды шұ­ғыл шешумен қатар, еліміздегі жо­ғары оқу орындарында жаңа ма­мандық иелерін даярлау қажет­тігін алға тартты. 

«Бүгінде елімізде су гидро­тех­никалық құрылыстарына (ГТҚ) бақылау жұмыстарын ешкім жүргізбейтіні анықталды. Қа­зақстанда қолда бар 1 665 гидро­техникалық құрылыстың 392-і шұғыл жөндеуді қажет етеді. Осы күні шағын ГТҚ-лар үл­кен проблемаға айналып отыр. Өйткені, олардың жартысы қа­раусыз қалған, иелері жоқ не­месе пайдалану қызметі көрсе­тіл­мейді. Сол сияқты Қазақстанда жер сілкінісіне төзімді құрылыс саласында ҚазҚСҒЗИ және Сейсмология институты сияқты құрылымдар жұмыс істейді. Бұл институттар өз қызметін жекеленіп және қалдық қағидаты бойынша толық емес көлемде қаржыландырып жүзеге асырады. Қазіргі уақытта, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-тың инженерлік-сейс­мо­­метриялық қызметінің 12 стан­­сасының 8 аналогты аспап­тары ескірген. Жалпы, сейсмо­логиялық бақылаулар саласында 63 сейсмикалық стансалардан 57-сі жұмыс істейді. Осындай се­бептерден жер сілкінісі туралы деректер уақтылы өңделмей және ол туралы төтенше жағдай­ларды басқару органдарына шұғыл ақпараттар кешіктіріліп жеткізіледі. 

Мәселен, жер сілкінісі ке­зінде төтенше жағдайлар орган­дары шетелдік дерек көз­дердің мә­ліметтерін пайдалана­ды. Өйткені олар 7 минут ішінде жедел және шынайы ақпаратты береді, ал біздің стансалар бұл ақпаратты 15 минуттан кейін алады. Осыған байланыс­ты, мұндай институттарды жаң­ғырту үшін оларды қазіргі за­манғы аппаратурамен бағдар­ламалық қамтамасыз ету және байланыс құралдарымен толық қайта жабдықтау туралы шешім қабылдау керек. Сонымен қатар сейсмикалық қауіпсіздік және геологиялық саланы білікті кадр­лармен қамтамасыз ету мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-де «Сейсмология» ма­­мандығы бойынша магистратура мен докторантура және «Гео­физикалық іздеу әдістері және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» саласы бойынша маман даярлау ісіне көмек көр­сету қажет», деді Д.Кәлетаев өз сауалында.

Әлеуметтік қорғау, ден­сау­лық сақтау, білім беру салалар­ын­дағы медициналық, арнайы әлеуметтік мекемелерде қызмет жасайтын орта және кіші буын ма­ман­дардың жалақыларының төмен­дігін сөз еткен сенатор Әли Бектаев олардың арасында кадр тұрақтамайтындығын алға тарт­ты. Сонымен қатар істеп жат­қан орта және кіші буын ма­ман­дарының көпшілігінде білімі орта, категориясы жоқ, еңбек өтілі аз екендігі де айтылды.

«Біз әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау меке­ме­леріндегі орта және кіші буын мамандар мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде 2 есеге көтеру қажет деп есептейміз. Осы салаларда еңбек етіп, бар тау­қыметті көтеріп жүрген 200 мыңнан астам орта және кіші буын қызметшілердің жала­қысына тағы да 50 мың теңгеден қосылғанда шамамен 10 млрд теңгенің көлемінде қаражат қажет. Мұндай шешімге біздің мемлекетіміздің саясаты да ту­ра келеді, мүмкіндігі де жетеді. Оған қоса бұл саладағы қызмет­кер­лердің басым көпшілігі қыз-келіншектер мен аналар», деді Ә.Бектаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласына қарасты әлеуметтік-медициналық мекемелерде 
8 434, білім беру саласындағы ар­найы интернаттарда 6 050, денсаулық сақтау мекемелерінде 194 089 орта және кіші сатыдағы қыз­метшілер жұмыс істейді екен.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»