Әдебиет • 30 Қазан, 2017

Шараның шақыруынан бас тартқан бойжеткен

455 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шерағаң, Шерхан Мұртаза айтпақшы, әр қоғамның, әр адамның «бір кем дүниесі» болатыны рас-ау. Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында тұратын бұрынғы биші, бүгінгі зейнеткер Шәкен Қабдолдинаның да көп жұрт біле бермейтін бір өкініші, «бір кем дүниесі» бар. Өнермен өрілген өміріндегі сол бір шуақты сәтті, естен кетпес кездесуді еске алған сайын көңіліне мұң ұялайды. Қалай болып еді өзі?!  

Шараның шақыруынан бас тартқан бойжеткен

«Ән салғанға, би билегенге бала кез­ден құмар болдым, – деп бастады әңгі­­месін кейіпкеріміз. – Әлі күнге дейін есімде, бір жылы ауылымызға Роза Бағланова келді. Ол кезде 6-7 жас шама­сындағы баламын. Ауылдағы шағын клубта ине шаншар орын жоқ. Әкем жарықтық мені концерт біткенше мойнына мінгізіп көтеріп тұрды. Ол кісі де өнерді сондай жақсы көретін. Содан не керек, бой жетіп, мектеп бітірдік. Кейін Зайсандағы мектепте екі жыл мұға­лім болып жұмыс істедім. Осындағы «Айдын» ансамбліне қатысып, биші болып жүрдім. Бір күні Күршім аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Қабдолла Тұраров: «Шәкен, сенің орның мәдениет үйі. Бізге келсең қайтеді», деп мені Күршімге шақырды. Сөйтіп, сондағы мә­дениет үйіне биші болып жұмысқа орналастым. Содан бір күні Мұхамеджан деген күйші бала, Қания деген әнші қыз және мен үшеуімізді Алматыға жіберді.

Мұхамеджан домбырада ғажап ойнайтын, бірден өтіп кетті. Қазір Көк­шетауда жұмыс істейді деп естимін. Қания «Гауһартасты» шырқады. Бірақ өте алмады. Менің кезегім келді. Сах­наға шықсам, комиссияда қазақтың әйгі­лі бишісі Шара Жиенқұлова отыр. Ерттелген аттай үлкен, толықша келген кісі екен. Шашын төбесіне түйіп алған. Қарапайым. Өзбек және қазақ биін билеп бердім. Көңілінен шыққан болуым керек: «Аламыз, қабылдаймыз», деді. Жөпелдемеде не айтарымды білмей сасып қалдым. Үйде жалғыз баламын. Кәрі әке-шешем бар. Екінші жағынан, мәдениет үйі мені жібере қоя ма? Барғым да келетін секілді. Шара апамыз көпті көрген сұңғыла адам ғой. Менің бір шешімге келе алмай әрі-сәрі күй кешіп тұрғанымды сезді-ау деймін, ауылға өз қолымен «Осындай оқуға түсті. Биден өзім сабақ беремін. Босатуларыңызды сұрай­мын» деп қатынас қағаз жазып бер­ді. Сөйтіп ауылға қайттық. Алып-ұшып жұмысыма келдім. Бәрі қуанып «жо­лың болсын, бар, бар, шақырған жерден қалма» деп тілектестігін білдірді. Үйге келіп, жаңалығымды айтып едім, «біз енді қайттік», «Көп-көрім жұмысың бар. Әмбе екі жыл оқиды екенсің. Бізді тас­тап қайда кетпексің?», деп әке-шешем шал­қа­сынан түсті. Бұл – эстрада-цирк сту­дия­сының ең алғаш ашылған жылы болат­ын. Бүгінгі Ж.Елебеков атындағы эстра­да және цирк колледжі. Биші мүл­де жоқ екен. Мен конкурссыз-ақ өтіп тұрған едім. Ал әнші мен домбырашы көп болды. Содан не керек, Алматыға бара алмай қалдым».

Қазақы әдептен аспай ата-анасының көңіліне қарайлаған биші бойжеткен осылайша ауылда қала береді. Біраз жылдан кейін әйгілі актер, әнші Ораз Кәкеевтің шақыруымен Марқакөлдегі мәдениет үйінде Марат Сақатов, Рах­метолда Тұрабаев, Шайқуали Есетов, Қарагөз Болатова сынды өнер майталмандарымен бірге еңбек етеді. Биін де билейді, әнін де айтады, тіпті актриса ретінде сахнаға да шығады. Марқакөлден соң отбасы жағдайымен Тарбағатайдың Тұғыл ауылына көшіп келеді. Содан көл жағасындағы көркем ауылдың Мәдениет үйінде табан аудармай 40 жылға жуық жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққанға дейін осындағы «Айдын» эстрадалық ансамблінде ән салады. Өнердегі еңбегі ескеріліп, 1970 жылы Күршімдегі бишілер сайысында бірінші орынды иеленіп, бишілер тобының солисі, 1988 жылы Бүкілодақтық екінші халықтар фестивалінің лауреаты атанады.

 «Айдын» ансамблінің құрамында талай жерді араладық. Өскеменде жыл сайын өтетін «Восток» атты облыстық байқауда сан мәрте жүлде алдық. Осы ретте менің әнші болып қалып­тасуы­ма ерекше еңбек сіңірген, мар­құм Мүр­­сәлім замандасымды айрық­ша ілти­­пат­­пен еске аламын. Қазір енді би би­леуге жасымыз келмейді. Ал ән шыр­­қамасам отыра алмаймын, басым ауыра­ды. Өлең айтсам жеңілдеп, сергіп қаламын. Сезімге толы, сөзі мағыналы лирикалық әндер­ді орындағанды жақсы көремін. Ауыл­да­ғы ағайынның бәрі мені «әнші Шәкен» деп әспеттеп жатады. Тұғыл­дағы бірде-бір концерт, бірде-бір той менің қатысуымсыз өтпейді. Кейде әртүр­лі жағдайлармен концертке бара алмай қалсам: «Әке-ау, Шәкен қайда? Өлең айтқан жоқ қой бүгін. Дауысын сағын­дық» деп халық іздеп жатады екен. Елдің ықылас-пейіліне рахмет! Одан артық құрмет, одан артық бақыт бар ма?», дейді Шара Жиенқұловадан бата алған биші. 

Шара Жиенқұлова демекші, әйгілі бишінің алдында би билеген Шәкен Қабдолдина бүгінгі қазақ биіне қатысты да ойын айтып, ұлттық биіміздің түріктің билеріне ұқсап кеткеніне қын­жылысын білдірді. «Қазақ биін бөк­семен билейтіндер көбейді. Қазақта жала­­ңаш­танып, бөксені көрсетіп билеу деген дүние болмаған. Шара апамыз қалай билейді? Түскен кинолары­нан көреміз ғой. Кигені қазақтың беш­пенті, қазақтың бүрмелі көйлегі. Аяғы да көрінбейді, жүрген жүрісі де білінбейді. Ұлт­тық биімізді ұлықтап жүрген жандар осыны ескерсе игі», дейді өнерпаз. 

Азамат ҚАСЫМ, 

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы