Тарих • 30 Қазан, 2017

«Құлпытас қояр-қоймас басымызға...»

1714 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты үш жылдан бері Батыс Қазақстан облысындағы араб жазулы құлпытастарды жүйелі зерттеумен айналысып келеді. 

 

«Құлпытас қояр-қоймас басымызға...»

– 2012-2014 жылдар аралы­ғын­да «Қазақстанның киелі жер­лері» атты ғылыми жобамен Ал­маты, Шығыс Қазақстан жә­не Ба­тыс Қазақстан өңірлерін ара­лап шыққан едік, – деп еске ала­ды Р.Сүлейменов атындағы Шығыс­та­ну институтының жетекші қыз­мет­кері, тарих ғылымдарының кан­­дидаты, құлпытастарды зерттеу жө­ніндегі жоба жетекшісі Айтжан Нұр­манова. – Сол сапарда Батыс Қазақстан облысында бәдізшілік, құлпытас қашау өнерінің ерекше дамығанын көрдік. Бұған дейін жалпы Қазақстан жұртшылығына Маңғыстау өңіріндегі тарихи ес­керт­кіштер ғана әйгілі болатын. 
Жалпы, эпиграфика ғылымы – тас­қа, металға, сазға, ағашқа жа­­зыл­ған мәтіндерді зерттейтін ғы­лым. Эпиграфиялық мәтіндер та­­рих ғылымында маңызды орын ала­ды. Бұл мәтіндердің басқа жазба­ ескерткіштермен салыстырғанда ең ­басты құндылығы – кейіннен қо­сыл­ған толықтыруларсыз, түпнұс­қа­ күйінде сақталуы.

Әрине, әлемде эпиграфикалық ескерт­кіштердің сан түрі бар. Со­ның ХVIII-ХХ ғасырларда қазақ ара­сында кең таралған түрі – араб жазуындағы қабіртас эпиграфикасы.

Дүние жүзі бойынша араб графикасымен жазылған эпиграфикалық ескерт­кіштер «Араб жазулы эпи­гра­фи­каның хронологиялық рее­стрі» («Répertoire chronologique d’épigraphie arabe. Tome I-XVIII. Le Caire: Institut français d’archéologie orientale du Caire, 1931-») атты жи­­нақта 1931 жылдан басылып келеді. Бірақ мұнда Орталық Азия мен Қазақстан ескерткіштері қам­тылмаған. Мамандардың пікірі бойынша Орталық Азия мен Қа­зақстан ескерткіштері саны жа­ғынан Ираннан кейін тұруы мүм­кін, асып түсуі де ғажап емес. 

Қазақстан жеріндегі бай эпи­графикалық ескерткіштер жеке-­жеке зерттеу нысанына айнал­ға­нымен, топтастырылған нақты эпи­графикасын зерттеу жұмысы жүр­гізілмей келді. Ғылыми айналымға «Әу­лиеата жазуы», «Сырдария жа­зуы» – кірпіш бетінде, «Ұлытау/Қар­сақпай жазуы», «Кеген жазуы», «Ұзынсу жазуы», «Есік жа­­зуы», «Бө­ріжар жазуы» атауы­мен енген эпи­графикалық ес­керт­кіштердің таңбалануы руна, кө­не ұйғыр, араб жазуларында. Эпиграфикалық зерттеулерге кезінде Ш.Уәлиханов, Ә.Ди­ваев, И.А.Кастанье, Қ.Сәт­баев, Ғ.Мұ­са­баев, А.Махмудов, Ғ.Ай­даров, А.Аман­­жоловтар өз үлесін қос­қан. Ал тәуелсіз Қазақстан кезеңін­де эпи­графикалық ескерткіштердің жү­йелі зерттелуі профессор Әшір­бек Мүминовтің есімімен байланысты. 1997 жылы Германияның (ФРГ) Сыртқы істер министрлігінің қол­­дауымен Өзбекстандағы «Шай­банилар қорымының эпиграфикасы» альбом-кітабы жарық көрген еді. Атал­ған еңбекті дайындауға Әшір­бек Құрбанұлы да қатысып, осы сала бойынша тәжірибе жинақ­тады.

Одан бері Ә.Муминовтің же­тек­шілігімен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі эпиграфикасының жаңа аудармасы орындалып, кітап үш­ тілде бірнеше рет басылып шық­ты. Бұл кітаптарда тек мазар қа­бырғасындағы жазулар ғана емес, сонымен қатар мешіттің шы­рағдандары, бұрындары оқыл­май келген, Эрмитажда, Фран­ция музейлерінде сақталған бұйым­дары, құмған, шырағдандар, ыдыс­тардың да эпиграфикасы түгел қам­­тылған.
Маңғыстау облысындағы жер­ас­ты мешіт-кешендерінде ғылыми экс­педиция жұмыстары жүргізіліп, 2009 жылы «Шақпақ ата жерасты мешіті мен қорымының эпиграфикасы» атты кітап-альбом, 2015 жылы Сисем ата қорымының эпиграфикасы жарық көрді. 

– Батыс Қазақстан облысына биыл үшінші жыл қатарынан келіп отыр­мыз. Бірнеше мың құлпытас суреті мен мәтіні жинақталып, қорға түсті. Ғылым үшін маңызы зор бірнеше көне қорымды анық­­тадық. Әсіресе ХVIII-ХІХ ғасыр­дағы ел билеушілер, хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың жатқан жері, өмір де­регі анықталып жатыр. Осы үш жыл ішінде Кіші Жүз хандары Айшуақ Әбілқайырұлының, Есім Нұралыұлының, Жантөре Ай­шуақ­ұлының құлпытасы табылды. Жәңгір хан Бөкейұлының құл­пытасы оқылып, тарихта айтылып жүргендей, оның 1801 жыл емес, 1803 жылы туғаны нақтыланды. Бұл мәтіндердің маңызы өте үлкен. Өйткені бізде мемлекет тарихы бойынша қазақ хандарының шежіресі әлі толық жинақталған жоқ.­ Бұл салада негізгі сүйенер де­рек осы эпиграфикалық мәтін­дер­ден шығады. Өкінішке қарай, біз­де сақталған басқалай жазбалар жоқ­тың қасы ғой, – дейді Айтжан Шаймерденқызы.

Осы жобаға үлес қосып жүр­­­­ген тағы бір ғалым, тарих ғы­лым­­­дарының кандидаты Дина Ме­де­ро­ва Батыс Қазақстан құлпы­тастарындағы жоқтау сарындары ту­ралы зерттеу жұмысын жазып үл­герген. 

– Өткен жылы Шыңғырлау өңі­ріндегі бір көне құлпытастан «Тәнде жаным неше күн мейман екендігін білмедім, Өтті ғұмырым, бәрісі дәурен екендігін білмедім» деген өлең жолдары кездескен еді. Осы екі жол бәйіт белгілі дін ғұ­ламасы Сәдуақас Ғылманидың жазбаларынан да кездесті. Жалпы, қазақ құлпытастарындағы Құран аяттары мен хадистер, ғибратты сөздер өз алдына зерттелуі керек, – дейді Дина Есіркепқызы.

Өңірдегі құлпытастарды жүйелі зерттеу жобасы Батыс Қазақстан облысында қолға алынғанымен, қазірдің өзінде еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың да үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Өйткені құлпытас бетінде адамның жеке басына қатысты мәліметтер ғана емес, мемлекеттік саясат та көрініс тапқан, діни, рухани идеология да қашалған. 

Биыл зерттеушілер тобы Орал қаласынан 600 шақырым қиырда жатқан Бөкей ордасына, хан зиратына сапар шекті. ХІХ ғасырдың басында құрылған Ішкі орда (Бөкей хандығы) құрылымының орталығы болған Хан ордасы ауы­лының ше­тіндегі қорымда Жәңгір хан, күй­ші Дәулеткерей, ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов секілді та­рихи тұлғалар жерленген.

Бір ғана «Хан зиратынан» 600-ге жуық көне құлпытас табылып тұр. Көпшілігі сол кездегі хан айналасы, билік элитасындағы тарихи тұлғаларға тиесілі, дейді Айтжан Нұр­манова. Бұл іске жергілікті ға­лым, тарих магистрі Гүлмару Мыр­зағалиева, «Бөкей ордасы» тарихи-мәдени кешенінің директоры Ғайса Мақымов бастаған музей ұжымы да көп қолғабыс жасаған. Соның нә­ти­жесінде құмға көмілген, жо­ғалған ескерткіштер қазылып алы­нып, фотосуретке түсірілді, нө­мірленіп, мәтіні алынды.

Қазақ құлпытастары шетел ға­лым­дарын да қызықтырып жатыр деген едік. Ислам әріптестiк ұйы­мы жанындағы Исламдық тарих, мә­дениет және өнерді зерттеу ғы­лыми орталығы (IRCICA) Батыс Қа­зақстан өңірінде соңғы жылдары жүргізіліп жатқан зерттеулерге назар аударған. Биыл жыл басында Алматы қаласында өткен «Арал-Каспий өңірінiң мұсылмандық мұ­ра­сы» атты халықаралық жо­ба бойынша ғылыми семинар ке­зінде IRCICA ұйымының бас директоры Халит Ерен: «Байырғы қазақ жерінде Ислам мәдениеті ес­керткіштері көп екеніне біздің көзіміз жетіп отыр. Сондықтан жергілікті ғалымдармен халық­аралық деңгейде бірлесе жұмыс іс­теуге ықыластымыз» деген еді. Осы келісім бойынша Батыс Қа­зақстан облысы, Ақжайық ауданы аума­ғында жатқан Мәулімберді ді­ни-ағарту орталығы, Кіші жүздің билеушісі болған Жантөре хан Айшуақұлы жерленген «Хан зираты» (Теректі ауданы) және Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір хан Бөкейұлы жерленген «Хан зираты» кешені әрқайсысы бір-бір кітап болып шығатын болды.

– Құлпытас зерттеуші ғалым­дар­дың далалық экспедициядағы бір күні архивтердегі бірнеше ай­ға азық болады. Сол үшін күннің ыс­тығына, далалық сапардың жай­сыздығына қарамаймыз. Ай­далада күркеде, киіз үйде түнеп, қо­лымызға күрек алып, жер қазамыз. Осыдан 100-200 жыл бұрын тасқа түскен әр әріптің сырына үңілеміз. Жұмбағы шешілген бір ескерткіш, мәтіні толық оқылған әр құлпытас көңілге қуаныш сыйлайды, баба тарихтың қалың кітабындағы бір ақтаңдақтың орны толды деп марқаямыз, – дейді зерттеуші Бағдат Дүйсенов. 

«Құлпытас қояр-қоймас басы­мызға, ол жағын уақыттың өзі білер!» деп ақын Жарасқан Әбдіраш жыр­­лағандай, кезінде бабалар басына қойылған құлпытастар арқылы тарихи қазынамыз толығып келеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген автор