Спикердің айтуынша, Астананың туристік кластерін дамыту, оның ішінде медициналық, мәдени, білім беру және іскерлік туризмді, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту бойынша Жол картасы, сондай-ақ Астана қаласында денсаулық сақтау, жоғары білім беру, мәдениет және спорт нысандарының пайдалану тиімділігін және өзін-өзі өтеуін арттыру жөнінде шаралар әзірлеу жөніндегі Елбасының тапсырмаларына сәйкес әзірленді және олар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің сәйкес шешімдері дайындалды.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары төрт бөлім мен 33 іс-шарадан тұрады. Оған инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді шешу бойынша; көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша; қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша; ЩБКА-ның туристік әлеуетін дамыту бойынша іс-шаралар енгізілген. ЩБКА-ны дамыту жоспарының іс-шараларын іске асыруға 61,3 млрд теңге көлеміндегі қаржыландыру жоспарланған.
Астана туристік кластерін дамыту мәселесіне қатысты А. Мұхамедиұлы 2017 жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша инвестицияның ең үлкен көлемі 19,2 млрд теңге – Астанаға тиесілі екенін, бір жыл ішінде 25,9% өскенін атап өтті.
«Жылдың басты туристік магниті болған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, оның арқасында І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қонақ үйлер, отельдер мен мейрамханалар саны 16% көбейді, қонақтарды күтуге дайын бөлмелер 15% артты. Олар көрсеткен қызмет көлемі бірден 23% өсті. Астана қонақ үйлер, отельдер, және басқа да орналастыру орындары санының өсуі бойынша алғашқы үштікке кірді», — деп баса айтты министр.
Әзірленген және ҚР Үкіметіне бекітуге енгізілген Астана қаласында туризмді дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі жол картасы 24 іс-шарадан тұрады, олардың ішінде ішкі және шетел туристерін тарту бойынша; инфрақұрылымды абаттандыру және туристік қызметтер сапасын жоғарылату бойынша; Астана қаласының жоғарғы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет объектілерінің өзін өзі өтеу мен пайдалану тиімділігін арттыру бойынша; медициналық туризмді дамыту бойынша; білім беру туризмі саласындағы іс-шаралар бар.
«Аталған қаулыларды қабылдау «Астана – Еуразия» жүрегі, сондай-ақ «Табиғат және көшпелі мәдениет тұтастығы» кластерлерінде одан әрі туризмді дамытуға оң серпін береді деп сенемін», — деп түйіндеді А. Мұхамедиұлы.
Отырыс барысында сондай-ақ Ақмола облысы әкімі М. Мырзалин мен Астана қаласының әкімі Ә. Исекешевтің есептері тыңдалды.
Талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысының және Астананың әкімдеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Жоспар мен Жол картасының іс-шараларын сапалы және уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.