Фото: BBC
Оқиға қалай болды?
Оқиға жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 15:05-те болды. Полицияның хабарлауынша, шағын жүк көлігі велосипед жолына шығып, адамдарды қағып өткен. Мектеп автобусына соғылған соң қолында екі қаруы бар жүргізуші көліктен шығып, оқ жаудырған. Полиция күдіктіні жарақаттап, қамауға алды.
Ресми мәлімет бойынша, 6 адам оқиға орнында, 2 адам ауруханада қайтыс болған. 11 адам аса ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио журналистерге берген сұхбатында "Бұл, сөзсіз, қарапайым, еш жазығы жоқ адамдарға қарсы террорлық акті", деді.
Әзірге ешқандай террористік ұйым болған оқиғаны өз мойнына алмады. Алайда, лаңкестердің қызметіне мониторинг жасайтын SITE Intelligence Group компаниясы шабуылға дейін қылмыскер телефонына суретке түскенін, онда "Ислам мемлекеті" туының суреті тұрғанын айтты.
Күдікті кім?
Қамауға алынған 29 жастағы Сайфулло Саипов Өзбекстанда туып-өскен. АҚШ-қа 2010 жылы келген. Алдымен Флорида штатында тұрған, Кейін Нью-Джерси штатының Патерсон қаласына көшкен. Әйелі, 3 баласы бар.
Журналистер Сайфулло Саиповтың екі рет жол ережесін бұзғаны үшін қамауға алынғанын анықтады.
Дональд Трамп не деді?
АҚШ Президенті Дональд Трамп қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, "Біз террористік ұйымдардың елімізге кіруіне жол бермеуіміз керек", деп жазды.
CNN Ақ үйдің бас аппараты қызметкерлерінің бірі Дональд Трампқа оқиға туралы айтқанын хабарлады. Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс "Президент Нью-Йорктегі оқиға туралы хабардар. Жаңа ақпарат шыға салысымен, оған баядалатын болады", деді.
Осы мәлімдемеден кейін Трамп Твиттерге "Нью-Йоркте аса қауіпті адам шабуыл жасапты. Құқық қорғау орындары оқиғаны назарда ұстайтын болады", деп жазды.
Ресми ұйымдардың мәліметі
Нью-Йорк полициясының басшысы Джеймс О'Нил баспасөз конференциясында қылмыскердің "Аллаху акбар" деп айғайлағанын растады. "Саиповтың айтқаны мен жалпы жағдайға қарап бұл оқиғаның террористік әрекет екеніне көз жеткізуге болады", деді ол. Ал штат губернаторы Эндрю Куомо күдіктінің жалғыз әрекет еткенін айтты. "Бұл ұйымдасқан қастандық немесе жоспар деуге келмейді. Бұл бір адамның әрекеті", деді ол баспасөз конференциясында.
Нью-Йорктың полиция департаменті басқа күдіктілер іздестірілмейтінін айтты. Дегенмен, билік оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Саиповтың тек АҚШ-тағы емес, Өзбекстандағы таныстарын да анықтайтын болады.
Сондай-ақ қала билігі оқиғаға қарамастан Нью-Йорктегі Хеллоуинді тойлауға арналған дәстүрлі шеру белгіленген уақытта өтетінін мәлімдеді.
Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"