Футбол • 01 Қараша, 2017

Йорди Кройф: Кеткен есені қайтарамыз

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-тур аясында «Астана» командасын қабылдайтын «Маккаби» жасыл алаңда бар күш-жігерлерін салады. Бұл туралы командасының бас жаттықтырушысы Йорди Кройф матч алдында баспасөз мәслихатында айтты.

Йорди Кройф: Кеткен есені қайтарамыз

– Біз міндетті түрде жеңіске жетуіміз керек. Менің командам ойынға дайын. Біз Қазақстанда деңгейімізді толық көрсете алмадық. Бірақ ертең кездесу басқаша жағдайда өрбиді. Кеткен есені қайтаруға мүмкіндігіміз толық жетеді. 

– Екі апта бұрын «Маккаби» «Астанадан» 0:4 есебімен жеңілуінің себебін немен түсіндіресіз? 

– Қазақстанда өткен ойында «Астана» шабуылшылары қорғаушыларымызды әбден әбігерге түсірді. Болмашы голдарды жіберіп алдық. Бірақ, ертең ондай проблема болмайтынына сенімдімін. 

– Ірі жеңілістен кейін, алаңға шығу қаншалықты қиын?

– Шыны керек, біз Қазақстанда жеңілеміз деп ойлаған жоқпыз. Себебі, өткен жылы ғана бізде келесі кезеңге өтуге толық мүмкіндігіміз болды. Бүгінде сол межеге жетуге талпынудамыз. Әйткенмен, біздің топта кілең мықтылар жиналған. Соған қарамастан алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз.

– Ертең жеңіліске ұшырасаңыздар, сіздер үшін нокаут болма ма?

– Сол үшін жеңіске жетуіміз керек. Жігіттер оны жақсы түсінеді.

– «Астананың» артықшылығы неде деп ойлайсыз?

– «Астананың» тәжірибелі ойыншылары бар. Оның үстіне қарсылас команда жасанды алаңға әбден машықтанып алған. Кеткен кемшіліктер осы жолы қайталанбас үшін жұмыс жасадық. Ертең – соның жемісін көретін кез. 

Естеріңізге сала кетейік, 2 қарашада Нетания қаласында УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-тур аясында «Маккаби» мен «Астана» командалары жасыл алаңға шығады.

Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан» –
Нетаниядан (Израиль)