Футбол • 01 Қараша, 2017

Станимир Стойлов: Астана» сенсация жасауға дайын

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертең УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-тур аясында «Маккаби» – «Астана» командалары жасыл алаңға шығады. «Астана» футбол командасының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов матч алдында журналистердің сауалына жауап берді.

 

Станимир Стойлов:  Астана» сенсация жасауға дайын

– Ертең біз үшін ең қиын ойындардың бірі болмақ. Себебі маккабиліктер Астанада кеткен есені қайтаруға білек сыбана кірісетіні белгілі. Әйткенмен, біздің жігіттер плей-офф кезеңіне шығу үшін ертең жеңіске жету керектігін жақсы біледі. Сондықтан шайқасқа дайынбыз.

– Ертең «Маккаби» ойыншылары бірден шабуылдауға көшетіні айтпаса да түсінікті. Осы тактика сіздің командаңыз үшін қолайлы бола ма?

– «Маккаби» өз алаңында есе жібермейтін команда. Астанадағы жеңілісі бізді бағаламағаннан орын алды деп ойлаймын. Әйтпесе, олар шабуылдауды жақсы көретін ұжым. Егер де тепе-теңдікті сақтай отырып, нәтижелі қарымта жауап беріп отырсақ, біз үшін оң нәтиже беретіні сөзсіз.

– Жексенбі күні «Айжайықпен» болатын ойын сіздің командаңыз үшін маңызды ма?

– Біз бірінші кезекте Қазақстан чемпионатын жеңіп алуымыз керек. Содан кейінгі мақсатымыз – Еуропа лиганың топтық кезеңінен шығу. Екі бағытта өнер көрсетіп жатқандықтан, жасыл алаңда үш күн сайын айқасуға тура келіп тұр. Алты сағат ары, алты сағат бері ұшу, екі күннен кейін қайта жауапты матчқа шығу жігіттерге ауыр тиетіні сөзсіз. Біз өзімізге ауыр жолды таңдап алдық. Өзімізге жеңіл болу үшін «Қайраттан» басым түсіп чемпион атану керек еді. Алайда, сол күні алматылықтардың жолы болды. Енді жексенбіде «Ақжайықпен» өтетін матчта да барымызды салып ойнаймыз. Бірақ, ол екінші мәселе. Бірінші кезекте ертеңгі қиын әрі жауапты кездесуде қалай да жеңіске жетуіміз керек.

–  Ертең командаңыз қандай тактиканы қолданады?

– Жеңіске жету үшін сауатты қорғанып, шабуылды нәтижелі аяқтау.

– Былтырғы жылғы еуро доданың басты қаһармандарының бірі Джордже Деспотович жарақатынан енді айығып, қатарға қосылды. Соңғы ойындарда  командаға пайдасын тигізуге талпынып жатқаны көрініп-ақ тұр. Осы серб жігіті туралы не айтасыз?

– Үш ай бойы емделіп, енді ғана қатарға қосылған футболшыдан көп ештеңе талап ете алмайсың. Қолынан келсе, Джордже команда үшін біраз іс тындыра алады. Бірақ, әзірге ол өзінің биік деңгейіне жете алған жоқ.

– Негізгі ойыншыларының бірі Юрий Логвиненконың командаға көмектесе алмайтыны сіздің жоспарыңызды өзгертпей ме?

– Юрий Логвиненконың қатардан шығып қалуы біз үшін үлкен проблема. Бірақ, оның орнында топ тебетін қорғаушыларымыз бар. Сондықтан, жоспарымыз ешқандай өзгермейді. Егер де көңіл-күйіміз, жеңіске деген ниет бәрінен биік тұрса, онда біз жеңіске жетуіміз әбден мүмкін.

– Егер де «Астана» жеңіске жетсе, сенсация деп бағалауға бола ма?

– Жалпы, еуро додада әрбір жеңісің сенсацияға бағаланады. Ал, ертең біз жеңіске жетсек, онда TOP сенсацияға жатқызуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2 қарашада Нетания қаласында УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-тур аясында «Маккаби» мен «Астана» командалары Астана уақытымен 00:00-де алаңға шығады.

 

Алмас МАНАП,

«Егемен Қазақстан» –

Нетаниядан (Израиль)