Іс-шараға Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен ведомстволардың лауазымды қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ғылыми топтардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын жүргізіп отырған «Жаңару» РҚБ төрағасының орынбасары Боран Рахымбековтің айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, ауқымы жағынан да ауыз толтырып айтарлықтай-ақ. Дегенмен, жағдай түбегейлі жақсарып кетті деп айтуға әлі ерте. Мәселен, 2016 жылы 2 800-ге жуық адам сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал 2017 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып кеткен. «Сондықтан сыбайлас жемқорлықты жою үшін қоғамды тәрбиелеу керек. Тұрғындар мемлекеттік және құқықтық органдарға көмектесуі керек», деді Боран Рахымбеков.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның 11-бабында Парламент депутаттарының, мемлекеттік мекеме басшыларының, судьялардың декларация тапсыруы міндеттелген. Алайда бұл баптың орындалуы 2020 жылға шегерілді. Соған қарамастан, декларация тапсырғандар бар екен. «2015 жылғы ақпаратқа сүйенсек, 3883 мемлекеттік орган басшылары өз кірістерін жариялаған. Оның бесеуі – облыс әкімі. Олар – Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының басшылары. Лауазымды тұлғалардың ашықтығы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірден-бір жолы. Іргеміздегі Ресейдің осы тәжірибені қолданып келе жатқанына бірнеше жыл болды», деген деректер келтірді өз баяндамасында Боран Рахымбеков.
Дөңгелек үстелде Сараптама және жаңа технологиялар ғылыми-өндірістік институтының директоры Михаил Сандрачук өзекті мәселелер төңірегінде салиқалы ой қозғады. Оның айтуынша, заң жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама керек. «Мұндай сараптама бұрын болған еді. Кейін алынып тасталды. Қазір қайта ұсынылуда. Сараптама керек. Бірақ бұл іспен бұрынғыдай Әділет министрлігі емес, қоғамдық ұйым айналысуы қажет. Мәселен, бұл жұмысты «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің қолға алуына болады», деді ол.
Жалпы, елімізде 2010 жылдан 2014 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында 386 заң жобасы сараптамаға жіберілген екен. Соның 293-і
ғана қабылданған. Қалғаны сараптамадан өтпеген. «Қабылданған 293 заң жобасына да сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпелер айтылды. Ескертпелердің 74%-ы қаперге алынып, түзетілді. Қалған 26%-ы сол күйі қабылданып кетті. Үш жарым жыл ішінде сараптамаға 21 мыңға жуық нормативтік құқықтық актілер жобасы жіберілген екен. Жобалардағы сыбайлас жемқорлық белгілеріне қатысты 32,5 мыңға жуық ескертпе айтылды. Ескертпелердің 18 мыңы енгізілді. Үш мыңы сараптамадан өтпей, кері қайтарылды», деді Михаил Сандрачук.
Жиынға қатысқан халық қалаулылары да өз ойларын ортаға салды. Мысалы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайымов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте цифрлы технологияны барынша пайдалану керек десе, Сенат депутаты Марат Тағымов әлем елдерінің бұл бағыттағы озық тәжірибесіне сүйену керек деген пікірді алға тартты.
Дөңгелек үстел басында қоғам қайраткерлері Айгүл Соловьева, Зәуреш Батталова құнды ой-пікірлер, орынды ескертпелер айтты. Ал «Жаңару» РҚБ Қостанай облыстық филиалының директоры Дастан Жұмабаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте БАҚ өкілдеріне барынша қолдау көрсету керектігіне назар аударды.
Жиынды қорытқан «Жаңару» РҚБ төрағасының орынбасары Боран Рахымбеков сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып жұмыла күреспесе істің нәтиже бермесін атап өтті.
Жалпыұлттық қозғалыс еліміздегі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәртіп стандартын қабылдамақ. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстарымен айналысатын «Ағарту» қоғамын құру да жоспарда бар. Бұл ұйым азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды алдына мақсат етіп қойған. Аталған бастамалар алғаш рет көпшіліктің талқысына ұсынылды. Жиында айтылған ұсыныстар ел Үкіметіне және Парламентке жолданатын болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»