Қоғам • 02 Қараша, 2017

Қоғамның қолдауы қажет

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласында «Жаңару» сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы жалпыұлттық қозғалыс» респуб­ли­калық қоғам­дық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Респуб­ли­касының сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы стратегиясын іске асырудағы мемлекет пен қоғамның рөлін арттыру: ағарту, стандарттар, айқындық» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Қоғамның  қолдауы қажет

Іс-шараға Сенат және Мә­жіліс депутаттары, қоғам қай­раткерлері, мемлекеттік органдар мен ведомстволардың лау­азымды қызметкерлері, үкі­меттік емес ұйымдардың же­текшілері, ғы­лыми топтар­дың өкілдері қа­тысты. 

Дөңгелек үстел жұмысын жүр­гізіп отырған «Жаңару» РҚБ төрағасының орынбасары Боран Рахымбековтің айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқа­ры­лып жат­қан жұмыстар аз емес, ауқымы жа­ғынан да ауыз толтырып айтар­лық­тай-ақ. Дегенмен, жағдай тү­бе­гейлі жақсарып кетті деп айтуға әлі ерте. Мәселен, 2016 жылы 2 800-ге жуық адам сы­байлас жемқорлық бойын­ша қылмыстық жауап­кер­ші­лікке тартылған. Ал 2017 жыл­дың тоғыз айында бұл көр­сеткіш 3 мыңнан асып кет­кен. «Сондықтан сы­ба­йлас жемқорлықты жою үшін қоғамды тәрбиелеу керек. Тұрғындар мемлекеттік және құ­қықтық органдарға көмектесуі керек», деді Боран Рахымбеков. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы күрес туралы» заңның 11-бабында  Парламент де­пу­тат­тарының, мемлекеттік ме­ке­ме басшыларының, судья­лар­дың декларация тапсыруы міндеттелген. Алайда бұл бап­тың орындалуы 2020 жылға ше­герілді. Соған қарамастан, дек­ларация тапсырғандар бар екен. «2015 жылғы ақпаратқа сүйен­сек, 3883 мемлекеттік орган басшылары өз кірістерін жариялаған. Оның бесеуі – облыс әкімі. Олар – Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе об­лыс­тарының бас­шылары. Лау­азымды тұлға­лар­дың ашықт­ы­ғы – сыбайлас жем­қор­лықтың ал­­дын алудың бірден-бір жо­лы. Іргеміздегі Ресейдің осы тәжірибені қолданып келе жат­­­қа­нына бірнеше жыл болды», де­ген деректер келтірді өз баяндамасында Боран Рахым­беков. 

Дөңгелек үстелде Сарап­та­­ма және жаңа технология­лар ғылыми-өндірістік инс­ти­ту­­тының директоры Михаил Сан­драчук өзекті мәселелер төңірегінде салиқалы ой қозғады.  Оның айтуынша, заң жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама керек. «Мұндай сараптама бұрын болған еді. Кейін алынып тасталды. Қазір қайта ұсы­нылуда. Сараптама керек. Бірақ бұл іспен бұрынғыдай Әділет министрлігі емес, қоғамдық ұйым айналысуы қа­жет. Мәселен, бұл жұмыс­ты «Жа­ңару» қоғамдық бір­лес­ті­гінің қолға алуына болады», деді ол. 

Жалпы, елімізде 2010 жыл­дан 2014 жылдың бірінші жар­­ты­жылдығы аралығында 386 заң жобасы сараптамаға жібе­ріл­­ген екен. Соның 293-і
ғана қа­был­данған. Қалғаны сараптама­дан өт­пеген. «Қа­был­­данған 293 заң жо­ба­сына да сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы ескертпелер айтылды. Ескертпелердің 74%-ы қа­перге алынып, түзетілді. Қалған 26%-ы сол күйі қабыл­да­нып кетті. Үш жарым жыл ішін­де сараптамаға 21 мыңға жу­ық нормативтік құқықтық ак­тілер жобасы жіберілген екен. Жобалардағы сыбайлас жем­қорлық белгілеріне қа­тыс­ты 32,5 мыңға жуық ес­кертпе айтыл­ды. Ескерт­пе­ле­р­­д­ің 18 мыңы ен­гізілді. Үш мы­­ңы сараптамадан өт­пей, ке­рі қайтарылды», деді Михаил Сандрачук. 

Жиынға қатысқан халық қа­л­а­у­лылары да өз ойларын орта­ға салды. Мысалы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайымов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте цифрлы технологияны барынша пайдалану керек десе, Сенат депутаты Марат Та­ғымов әлем елдерінің бұл ба­ғыттағы озық тәжірибесіне сүйену керек де­ген пікірді алға тартты. 

Дөңгелек үстел басында қо­ғам қайраткерлері Айгүл Со­ловьева, Зәуреш Батталова құнды ой-пікірлер, орынды ескертпелер айтты. Ал «Жа­ңару» РҚБ Қос­танай об­лыс­тық филиалының ди­ректоры Дас­тан Жұмабаев сы­байлас жемқорлыққа қарсы күресте БАҚ өкілдеріне барынша қолдау көрсету керектігіне назар аударды.

Жиынды қорытқан «Жаңа­ру» РҚБ төрағасының орын­басары Боран Рахымбеков сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып жұмыла күреспесе істің нәтиже бермесін атап өтті. 

Жалпыұлттық қозғалыс елі­­міз­­­дегі мемлекеттік орган­­дар­дың бірінші бас­шы­­ларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәр­тіп стандартын қабыл­да­мақ. Сон­дай-ақ, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы ағарту жұ­мыс­тарымен айналы­сатын «Ағарту» қоғамын құ­ру да жоспарда бар. Бұл ұйым азаматтық қоғамның бел­сен­ді­лігін арттыруды алдына мақсат етіп қойған. Аталған бастамалар алғаш рет көпшіліктің талқысына ұсынылды. Жиында айтылған ұсыныстар ел Үкіметіне және Парламентке жолданатын болады.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»