Мектеп оқушылары күзгі демалыс кезінде уақыттарын тиімді өткізіп, әскери қызметкер болудың құпиясына қанықты. Әскери техникалармен танысты, сарбаз ботқасының дәмін татып, жеке құрамның жаттығуына да қатысты. Клуб мүшелері «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Дәулет Оспановпен қызықты әңгіме өрбітті.
-Әрине, бір күнде еліміздің қарулы күштерінің қатарындағы қызметпен толық танысу мүмкін емес, - дейді Д.Оспанов. – Бірақ мәлімет алуға болады. Қазақстан әскері жыл санап жетіліп келеді, техника жаңарды, жауынгерлік дайындық қарқыны жоғарылады, әскери қызметті өтеуге қажетті жағдайдың бәрі бар.
Қолбасшылықтың баспасөз хатшысы Рүстем Игісінов «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жастарды отансүйгіштікке баулу жұмыстарына ерекше көңіл бөлетінін айтады. Жасөспірімдерді қажырлы, қайратты болуға тәрбиелеп, әскери қызметтің имиджін көтеруге бағытталған шаралар алға қарай да жалғасын табады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.