Кездесу барысында Қазақстандағы еврей қауымының қызметі, заманауи сын-қатерлерге қарсы күрестегі бірлескен іс-әрекет және дінаралық келісімнің қазақстандық моделі мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік хатшы Америкадан келген меймандардың жұмысына сәттілік тілей отырып, АҚШ-тың еліміз үшін маңызды стратегиялық серіктесінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған бірқатар шаралардың жемісті болғанын жеткізді.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ басшысы Дональд Трамп түрлі алаңдарда бірнеше мәрте кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Осы орайда, біз де әріптестік байланысты одан әрі нығайтып, Ақ үй әкімшілігімен қарым-қатынасымызды одан әрі берік ете түсеміз деп сенемін», деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы алыстан келген меймандарға Елбасының бастамалары жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Г.Әбдіқалықова қоғамдық сананы өркендетуге бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жөнінде сөз қозғады. Ол жаңғырудың басты талабы төл мәдениет пен ұлттық кодты сақтау екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, еліміздің Ата заңына енгізілген өзгерістер мен демократияға бағытталған батыл қадамдармен таныстырды.
«Қазақстан 2050 жылға қарай дамыған 30 мемлекет қатарына қосылу мақсатын алға қойып отыр. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған Үшінші жаңғыру басталды. Оның бастапқы нәтижелері экономиканың қалпына келуі нығайғанын көрсетеді. Биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,5 пайызға дейін өсті», деді Мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова елімізде 100-ден аса этностың тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, осыған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының жемісті жұмыс жасап келе жатқанын атап көрсетті. Оның айтуынша, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемге үлгі болады.
Соңғы халық санағы бойынша, республикада үш мыңнан астам еврей ұлты өкілі өмір сүреді. 1992 жылдан бері 20 этномәдени бірлестікті, бірқатар еврей ұлттық ұйымдарын қамтитын «Мицва» қауымдастығы жұмыс істеп келеді. Г.Әбдіқалықова Қазақстанда тұратын еврейлердің бейбітшілік пен келісімде өмір сүретінін мәлімдеді.
Осы орайда, Еуразиядағы еврей қауымын қолдау ұлттық коалициясының төрағасы Д.Рубин елімізде өзге ұлт өкілдеріне жасалған жағдайды жоғары бағалап, қазақстандық модель әлемнің көптеген мемлекеттерне үлгі болатынын атап өтті. Мұндай пікірді ұйымның вице-президенті Марк Левин де айтады.
«Қазіргі таңда Қазақстанда көптеген ұлттар бейбіт, тату-тәтті, қудалау мен кемсіту көрмей өмір сүріп келеді. Мұның бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқының арқасы. Қазақстан – антисемитизмнен ада әлемдегі санаулы елдің бірі», деді М.Левин.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»