03 Қараша, 2017

Бала, ата-ана және мұғалім

1557 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бала да  балапан секілді. Баули алсаң бағын ашасың, баули алмасаң өз балаңнан өзің қашасың. 

Бала, ата-ана және мұғалім

Баласына кім күйіп, жанбайды. Адамды қойып, ең аяғы жәндік те іштен шыққан «шұ­бар жыланына» қатер төнсе, жан алып, жан береді. «Торғай екеш тор­ғай да, балапанын қорғайды», деп Шона ақын (Смаханұлы)  тегін айтпаса керек.

Ендеше әлемнің иесі де, киесі де саналатын адамның ұрпағына ұқыпты болуы, бұл – тағдыршешті іс. Өзің қанша жерден аста-төк күн кешіп, аспандағы айды қолға алғандай сезім жетегінде жүргеніңмен, ұл-қызың жетесіз өссе өмірің еш кетеді. Тұзың сорға айналып, айналаңа қарай алмай жасқаншақ, жал­т­ақ боласың. Мұндай сыйықсыз тір­шілікті бастан кешкендер бұрын да бол­ған, қазір де жоқ емес. Үкілеген ұл-қыз­дың ұятының «отына» өртенгендер аз ба? 

Ендеше баланың иесі алдымен – ата-ана. Оқымаса да тоқығаны мол айтулы Ақтамберді жыраудың анау ғасырдың бір соқтықпалы кезінде ұрпағына: «Балаларыма өсиет: Қылмаңыздар кепиет, Бірлігіңнен айырылма, Бірлікте бар қасиет», деуі содан шығар. Бұл – ұлт ұлыларының сөзі. 
Ол заманда да бай-бағылан болған. Олар алдымен жер тұтастығын, ұлт бірлігін, ұрпағының берекесін алға оздырып отырған екен. Соның арқасында бізге байтақ дала, мол қазына бұйырған. 

Қазір де бай-бағыландар жоқ емес, бар. Бірақ олардың кейбіреулерінің шарапаты өзінен артыла қоймайды. Ұл-қызын жеке мектепке беріп жатады.  Кейде азат елдің ұрпағын заманның ағымын желеу етіп, бөлектей беру қалай болар екен деген ой мазалайды. Уақыт талабынан ұлт талабы зор екенін білу әр қазаққа парыз ғана емес, қарыз да. Өйткені тәуелсіз жұрттың келешегі көп жағдайда әлеуетіне қарай емес, ұлттың ұйысуына, үлгісіне тәуелді екені мәлім. Жағаласқан жаһандану дәуірінде ұлтты сақтау басты бағыт екені де белгілі. Соны көрегендікпен болжаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­ласында ұлт бірегейлігінің сақталуы жөнінде «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай  жаңғыру болмайды», деген аталы сөзін ұғып қана қоймай, бұлжытпай орындау ұлт ұланына сын болып тұр. Сол сыннан ұрпақтың сүрінбей өтуіне алдыңғы толқын септігін тигізуі тиіс.

Заманның ағымынан ұлттың ертеңі биік тұратынын еске ұстап, Абай меңзейтін заманды адам жасайтынын көкейден шығармасақ, ұлт ұланының санасы жаңғырып қана қоймайды, отаншылдық рухы асқақтап, «ел мен жердің иесі – мен» деген отты сезім болмысын жаңартып, парасат-пайы­мын кеңейтеді. Бұл – көп жағдайда зия­лыларға, дәулеттілердің алымы мен шалымына, көп халықтың қарымына, ұлт­ты ұғып, тілін терең түсінуіне қатыс­ты болып тұр.  

Иә, ауқаттылардың біразы алдағы­дай тірлік етіп жатса, жан бағудың қаре­кеті­мен жүргендер балаларын бақшаға береді, одан орын тимесе ауылдағы ата-аналарына жіберді. Баланың ата-ана бауырында болғанына не жетсін?! Осы жерде әлем таныған Шыңғыс Айтма­товтың кеңес заманында айтқан бір ойы ойға оралады. Қаламгер мектеп-интернаттардың жұмысы туралы айта келіп, бұл жүйе ата-ана мен баланың бір-біріне деген мейірім шапағатын, ізет ілтипатын әлсірететінін айтқаны бар еді. Бұл да негізсіз емес секілді.

Тағы бір шоғыр ұрпақ өсіп келеді. Олар – адасқандар мен түзу жолдан тай­ғандардан өніп-өскен ұл мен қыз. Осы жайт та қоғамның қордаланған  мәсе­лесіне айналып тұрғанын жоққа шы­ғармасақ керек. Мұның бәріне алдымен жауап беретін ата-ана. Азат елдің барлық ата-анасы ұрпақ тағдырына келгенде жікке бөлінбей, жігерлі іске ден қойып жұдырықтай жұмылса, аз ұлттың ұрпағы ала-құла болмас еді.

Сол ұл мен қыз тарыдай кезінде тау­дай үмітпен мектеп табалдырығын аттай­ды. Армандары асқақ, үміттері зор ұрпақ ұстаз алдына келгенде оның қас-қабағынан мейірім күтеді, жылы сөз ест­ісем дейді. Әрине мұғалімге жүктел­ген жүк өлшеусіз. Сол жүкті жолда қалдырмай ұл мен қыздың, ата-ананың сенімінен шығу жауапкершілігі жеңіл болмасы белгілі. Бұл үшін мұғалім бүкіл саналы өмірін осы салаға арнауы керек дейміз. Бірақ ұстаз мәртебесі, жасалатын жағдай көңілден толық шығып жатса, ұстаздар да ұлт ұрпағынан аянбасы рас.  Бес саусақтың бірдей еместігі секілді мұғалімдердің де арасында өз ісіне атүсті қарайтындар  аз-кем бар. 

Жалпы алғанда, мұғалім қасиетті мамандық. Әлем елдерінде ата-ана мен мұғалімге құрмет көрсету дәстүрі қа­лып­тасқан. Елімізде де үлгілі мұғалімдер жеткілікті. Тек соларды бағалау, айлығын көтеріп, жағдайын жасау жағы кемшін соғып жатыр. Мұғалімге жан-жақты мүмкіндік жасай алмасақ, білім сапасының артуы да екіталай. Осы ойды түйіндей келіп қайталап айтарымыз: ұрпақ тағдырын тақтайдай жолда алып жүру үшін: бала – ата-ана – мұғалім атты үштік бірлігін бекемдей түссек, қанеки. Бұл тәуелсіз елдің барлық азаматын жұмылдыратын жұмыс болып тұр.

Сүлеймен МӘМЕТ, 
«Егемен Қазақстан»