Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен мерейлі жиынға қоғам қайраткері Талғат Мамашев, бұрынғы ҰҚК төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева, ақын Серік Қалиев және мектептің ардагер ұстаздары мен түлектері қатысты. Салтанатты жиында ардагер мұғалімдерге құрмет көрсетіліп, мерейтойлық төсбелгілер табыс етілді. Жалпы, бұл білім мекемесінде ұлттық тәрбиеге басымдық берілгенін ерекше айтқан абзал.
– Қазіргі таңда мектебімізде 425 бала білім алуда. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілімен қатар, биыл түрік және қытай тілдерін енгізіп отырмыз. Республикалық мектеп-интернатқа ауылдың қарапайым қарадомалақ балалары келеді. Олар осы мектептен білім алып, дәріс алып, ел таныған тұлғаларға айналып жатады, – дейді аталған мектеп-интернаттың директоры Роза Ербозымқызы.
Бұл білім ордасы бастапқыда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген малшы қауымның, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің, көп балалы отбасылардың балаларына арнап ашылған болатын. Оқушылар мен белгілі тұлғалар арасында салиқалы сұхбат іспетті жылы жүздесулер көптеп ұйымдастырылатындықтан, тұлғатану сабағының бір жарқын үлгісі осы оқу ордасында қалыптасқан деуге болады. Сондай кездесулердің бірінде Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов балалардың өнеріне тәнті болып, «Мен мектепке машинамен келіп едім, енді ұшаққа мінгендей болып қайтып барамын. Оқушылардың әндерін естігенде филармонияда, қойылымын көргенде драма театрында, өлеңдерін оқығанда Жазушылар одағында отырғандай сезіндім», депті.
Сол сияқты салтанатты кешті мектеп-интернаттың өнерпаздары дөңгелетіп әкетті. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің құттықтауын министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ш.Каринова жеткізді. Педагогика қызметкерлерінің ішінде Ұлжалғас Ағыбаева, Сәуле Шабденова, Ләззат Назханова және Ардақ Жүсіпбекова Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен, Гүлмира Тайғарина, Салтанат Қалманбетова және тәрбиеші Рысхан Ахметова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталды.
Түлектер, әсіресе, ғұмырының 57 жылын білім саласына арнаған, «Ұстаз бақыты», «Ұстаз жүгі қашанда ауыр» сияқты көптеген кітап жазған Орынша Қарабалина-Қазыбаеваға айрықша құрмет көрсетті.
– Біздің оқушылар мектептен білім ғана емес, үлкен тәрбие алды, өздігінен ізденуге, еңбекке үйренді. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасадық. Қазіргі жаңартылған оқу бағдарламасында алған білімді өмірге жарату, пайдалану деген қағида бұл мектепте ерте кезден басталды, – дейді ұлағатты ұстаз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»