Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Тоқаев Ұлттық коалиция делегациясын қабылдады

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еурази­я­дағы еврей қауы­мын қолдау ұлттық коали­ция­­сының төрағасы Да­ниэль Рубин бастаған деле­га­­цияны қабылдады. Бұл туралы Сенаттың бас­па­сөз қызметі хабарлады.

Тоқаев Ұлттық коалиция делегациясын қабылдады

Еліміздің инвесторы әрі эко­но­микалық әріптесі қатарын­дағы АҚШ-пен қатынастарды дамы­туға Астана ерекше назар аударатындығын атап өт­кен Қ.Тоқаев көпсалалы өзара іс-қи­мыл­ды нығайтуда прези­дент­тер­дің сын­дарлы үнқатысуы зор ма­ңыз­ға ие екенін алға тартты. Сенат Төраға­сының айтуынша, Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ал­дағы сапарының ерекше мәні бар.

Сондай-ақ Парламент жоғар­ғы палатасының басшысы АҚШ Конгресі мен өзара іс-қи­мыл­ды тереңдету және парламен­т­аралық ынтымақтастық тетіктерін нығайту жайын да сөз етті.

Сауда-экономикалық байланыстарды ұлғайту келешегі туралы мәселені талқылау барысында Джексон-Вэниктің Қазақстанға қатысты түзетулерінің күшін АҚШ Конгресі жоюы қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Қ.Тоқаев барлық этностық және діни топтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған елімізде жүзеге асы­рылған саясат туралы амери­ка­лық делегацияны хабардар етіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының барлық бес съезіне иудаизм өкілдерінің бел­сенді қатысқанын атап өтті.

Д.Рубин бейбітшіл сыртқы саясат жүргізудегі және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі нәтижелі жұмысы үшін Қазақстанға алғыс айта отырып, еліміздің этностық, діни және мәдени бостандықтар мәселелерінде бүкіл әлем үшін үлгі болып отырғанын жеткізді.

Әңгіме барысында ядролық қарусыздану, жаһандық және аймақ­тық қауіпсіздік мәселе­леріндегі Қазақстанның бастамалары да талқыланды.