«Қазақстан Үкіметі қырғызстандық тараптың бес түбегейлі бағыт бойынша сындарлы ұстанымына үміт артады. Бірінші: салықтық әкімшіліктендіру бойынша Қырғызстан ұлттық заңнамасының нормаларын ЕАЭО құқығымен сәйкестендіру. Екінші: заңсыз экспортқа, оның ішінде контрафактілік өнімдердің экспортына қарсы іс-қимыл», - деді Премьер-Министр Ташкентте өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қазақстандық-қырғызстандық шекара аумағындағы бақылау мәселелері жөнінде.
«Үшіншіден: ЕАЭО талаптарын сақтау үшін қырғыз тарапының тауарларды тұрақты және тиімді ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық (карантиндік) бақылаумен қамтамасыз етуі. Төртінші: Қырғызстанның экономикалық одаққа мүше елдердің көліктік заңнамасын бұзудың алдын алу және ескерту бойынша шара қабылдауы.
Бесінші: контрабанда мен қазақ-қырғыз шекарасы арқылы есірткі заттарын, қару-жарақ, оқ-дәрі және өзге де тыйым салынған заттарды заңсыз тасымалдауға жол бермеу. Осылайша, біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді ғана емес, ЕАЭО кеңістігінің экономикалық мүдделері мен экономикалық қауіпсіздігін қорғаудамыз», - деп толықтырды ол өз сөзін.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында ЕАЭО заңнамасының нормалары мен талаптарына толық сәйкес келетін тексеру мен бақылау реттілігі орнаған.
«Біз екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен шекаралық, көліктік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшіліктендірудегі өзара әрекеттестік мәселелері бойынша сындарлы диалогқа дайынбыз. Алдағы уақытта да қырғызстандық әріптестерге ЕАЭО құқығы мен нормаларына бейімделуге көмек көрсетуге әзірміз», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.