03 Ақпан, 2010

“ҚҰРТҚАНЫ СОНДА БІЛЕРСІҢ...”

1749 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Гүлжамал Қазақ­баева тек Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық балалар мен жасөспі­рімдер театры­ның актрисасы ғана емес, бүгінде қазақ өнерінде өз қолтаңбасы бар талант иесі. Ұлы Мұрат пен келіні Айжаннан үш немере сүйіп отыр. “...Жүрегі жақсылардың алтын сандық, Сандықты кілт болмаса кім ашады?..” демекші, кей­де кейіпкеріңнің образын аша алмай қала­сың. Кілтін таба алмайсың. Ана бір кезде Гүлжамал жайлы жазуға талпындым, болмады. Алдыртпады. Бұған себеп, алдымен оның көрінгенге көп ашыла бермейтіні болса, екінші­ден Гүлекеңмен атүсті сөйлескенім болар дей­мін. Одан кейін ұмытылып кеткен шаруаның ыңғайы енді келген сияқты. Гүлжамал Алматы облысы, Кербұлақ ауда­нын­дағы Көксай ауылында дүниеге келген. “Жер жәннаты – Жетісу” деген теңеу қандай дәл айтылған десеңші. Дүниенің қай бұрышын шарлап келсең де Жетісуға жетер жер бар ма екен?! Әсіресе, қысы қандай керемет! Ашық күндегі омбы қар, шанаға жегіліп, ауыздығын шайнаған ала айғырдың тұяғының дүрсілі мен қар бетін сызған шананың дыбысы неткен керемет. Гүлжамал шана­ға отырғанды жаны сүйетін. Бидай өңі қыза­рып, кекілін жел тарай­тын. Ал көктемде Көксай сондай құлпырып кететін. Қызыл-жасыл, ақ-сары гүлдер көздің жауын алардай. Кейде Гүлжамалды мына әлем­ге ғашық еткен осы гүлдер сияқты... Мынау аппақ дүниеге қыз көзімен қарағанда да осы гүлдер Гүлжамалдың серігі болған секілді. Шы­ғыс халқында гүл – сұлулықтың, тазалықтың, адалдықтың, пәктіктің символы. Өмірге қыз бала келгенде оның есіміне “гүл” жалғауын қосатыны да сондықтан. Көксай ауылындағы Қазақбай қария да осы дәстүрден сырт қал­маған. Немересі туғанда Жамалға гүлді жалғаған. Гүлжамалдың әкесі – Мұқажан ит жүгіртіп, құс салған. Жас кезінде додаға түсіп, көкпар да тартқан кісі. Серілік сегіз қырлы болса, соның бірі – аңшылық. Сұлу тазы, жүйрік ат, қыран бүркіт – ер жігітке қандай жарасымды. Гүлжамал осындай шаңырақта өсті. Шешесі біртоға, ерінің ісіне араласа бер­мей­тін, қолы ашық, қонақжай жан. Шығыс әйелдеріне ғана тән ұстамдылық, шыдам­ды­лық, төзімділік, дауыс көтермеушілік, еріне деген ерекше құрмет, балаларына деген шексіз махаббат, қазақ шаңырағының алтын керегесі іспетті. Гүлжамал да осындай қазақы тәрбиенің мектебінен өткен. Өмір деген үлкен универ­ситетті бала кезден көзбен көріп өскен. Халқымыздың тұрмысында неше түрлі шамдар болған. Аспалы шам, балауыз шам, білтелі шам, жайдақ шам, жиырмасыншы шам, керосин шам болып кете береді. Солардың ішін­дегі ең қадірлісі керосин шам еді. Әсіресе, оның өзінен бұрын мұрныңа жететін иісі – сол кездегі білім мен ғылымның бір белгісі сынды еді. Шамның жанында отырып... мультфильм көр­ген­дей әсерде болатынсың. Көлеңкелер көлбең­деп, бүгінде экранды жаулап алған қор­қынышты фильмдердің көріністерімен кезік­кендей күй кешетінсің. Гүлжамалдың есінде осы сурет мәңгіге қалды. Дөңгелек үстелдің басына жина­лып, сол керосин шамның жарығы сөнгенше батырлар жырын оқитын. “Алпамыс”, “Мұң­лық-Зарлық”, “Ер Қосай”, “Қыз Жібек”, “Ер Төстік”, “Қобыланды батыр”, солай кете береді. Іштей Құртқа боп, қиялымен Қобыландыға: Қош, сұлтаным, аман бол, Әлдеқандай боласың? Асқар төбе бел дерсің, Тайбурыл атпен желерсің. Жақсы-жаман қадірін Құртқаның сонда білерсің, Құртқаға сонда сенерсің... – деп іштей тіл қататын. Иә, Гүлжамал сол жырлардағы аруларға елік­тейтін. Солармен бірге қиналып, солармен бірге армандайтын. Сол арулардай ғашық болуға асы­ға­тын. Бала Гүлжамалды ертеңге, әлі белгісіз үл­кен армандарға жетелейтін. Ал кейде ауылдың сыртындағы дүкенге кино келуші еді. Бұл күні бүкіл Көксайда үлкен мереке болатын. Ауылдың тайлы-таяғы қалмай кешке сонда жиналатын. Сол топтың ортасында отырған Гүлжамал “Ботагөз”, “Амангелді”, “Шабан­доз қыз”, “Дала қызы”, “Ән қанатында” сияқ­ты фильмдердің кейіп­керіне айналып, қиялға бөгетін. Соның әсері­­нен болар, Гүл­жамал кино­ға түсуді арман­дады. Бірақ онысын ешкім­ге айтпайтын. Бұл ар­ман, бұл қиял бірте-бірте жас қызды баурап алды. Бір күні газеттен: “М. Әуезов атындағы театр актерлер дайындайтын екі жылдық сту­дия­сына талапкерлер қабылдайды”, – дегенді оқығанда, жүрегінің тулағаны-ай. Армандаған ойы осылай алдынан шыға келді. Мен де актриса болсам деген­мен, кейде айнаға қарап мұңайып та қала­тын. “Тү-у, неге аппақ, сұлу бол­мадым” – деп өкінетін де. Бірақ бұл өкіні­ші балаңдық екенін ол сонда білмеген. Дейтұрғанмен, “көрейін” деген... Иә, тәуекел түбі жел қайық. Гүлжамал сөйтіп оқуға қабыл­данды. Атынан ат үркетін үлкен актерлер қыз­мет ететін М.Әуезов атындағы әкем­театр­дың екі жылдық студиясына түсті. Содан бастап, басқа бір өмір басталды, басқа бір әлемге енген­дей күй кешті. Бұл әлем – өнер әлемі болатын. Мырзагелдімен оқуға түсуге дайындалып жүргенде танысты. Ұзын бойлы, ширақ, қараторы жігіт. Абырой болғанда екеуі де оқуға түсті. Ал­ғаш­қы кезде көп жігіттердің бірі секілді бола­тын. Бірақ, этюдты екеуі бірге жасайды, бірге дайын­далады. Сабаққа бірге келеді, бірге қайтады. Гүл­жамал сөйтіп жүр­генде өзінің бойында басқа бір сезімнің пайда болғанын алғаш сезбеген. Тек, біраз уақыт өткен соң ол сезімнің не екенін ұға бас­­тады. Бұл – жақсы көру болатын. Сонау эпос­тағы Құртқаның Қобыландыға деген, Баян­ның Қозыға деген, Жібектің Төлегенге деген сезі­мін­дей ме, кім білсін? Әйтеуір, бірте-бірте Мыр­­­за­­гелдіні іздейтінін сезді. Ол жоқта көңілі құлази­тынын байқады. Бұл – жастыққа тән, сұлулыққа тән ғашықтық еді. Екеуі екінші курста отбасын құрды. Бүкіл курстың қыз-жігіттері жатақхана­ның бір бөлмесінде шаңырақ құрғанын атап өтті. Екі жыл зу етіп өте шыққан. Алматыда қалуға мүмкіндік жоқ. Екеуі амалсыз Шымкентке кетті. Мәскеуден жаңа келген Жақып Омаров дип­лом­дық жұмысы ретінде Мұстай Кәрімнің “Ай тұтылған түн” спектаклін қойып жатқан. Гүл­жамалға бірден Зүбәржатты берген. Зүбәр­жат – сұлулықтың, тазалықтың, жастықтың, адал­дықтың символы. Зүбәржат – Таңқабике секілді ескілікке, отбасын сақтау үшін бәріне дайын әйелдік ( матриархатқа ) әлемге қарсы тұрған, дұрысы, қарсы тұра алмаған образ. Үл­кен дауыл­дың екпініне шыдамаған жас қайың­дай Зүбәр­жаттың бар арманы сүйгені Ақжігіт. Екеуі де тап-таза, жап-жас. Бірі-біріне лайық періште жандар. Екеуі біріне-бірі ғашық. Бірақ, Таңқа­бикенің үлкен ұлы соғыста шейіт болады. Шаңырақта үлкен келіні Шафақ жесір қалады. “Ерден кетсең де, елден кетпейсің” деп Есен айтпақшы, Таңқа­бике Ақжігітті жеңгесі Шафақ­қа қосады. Ол аздай Зүбәржат сұлуды жас бала Ешмұрзаға атастырады. Бұл “Ай тұтылған түн”. Башқұр халқының ұлы суреткері Мұстай Кәрімнің үлкен дүниесі. Гүлжамал сахнаға алғаш қорқып шықты. Буыны босап, әлсіреп, дауысы жарықшақтан­ған­дай. Гүлжамал-Зүбәржатқа қарай бергің келеді. Орта бойлы, сымбатты, еліктің лағын­дай... қарасаң көз тоймайды. Зүбәржатқа қарап отырып сенесің, иланасың, онымен қоса күле­сің, онымен қоса мұңаясың. Зүбәржаттың осын­дай періште екеніне бас иесің. Зүбәржат-Гүлжамалдың күй­зелісіне, қайғысына қосыла көзіңе жас аласың. Бір сәт бәрін-бәрін ұмытып, көрермен залындағы орындықтан атып тұрып Зүбәржат-Гүлжамалды құшақтағың, оның көзі­нен тамған жасын сүрткің келеді. Өйткені, Гүлжамал-Зүбәржат бейкүнә, қорғансыз, әділетсіздік пен қатігездіктің, жаман­дық пен жауыздықтың құрбаны болған бейне. Спектакльдің премьерасы өте жақсы өтті. Жұрт түрегеп қол соқты. Режиссер Жақып Омаров қайта-қайта келіп Гүлжамалды құшақ­тай берді. Бұл оның алғаш рет үлкен сахнадағы қадамы еді. Гүлжамал осы тырнақалды табы­сы­мен-ақ тек Шымкент театрына ғана емес, қа­зақ өнеріне тағы бір таланттың келгенін дәлелдеді. Гүлжамал Шымкент театрының героинасы болды. Бұлар: “Ақан сері – Ақтоқтыдағы” Ақтоқты, “Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы” Баян, “Қара Қыпшақ Қобыландыдағы” Құртқа, “Арманым – Әселімдегі” Әсел, “Ажар мен Ажалдағы” Ажар, “Асауға тұсаудағы” Бьянка актриса Г. Қазақбаеваның кәсіби деңгейінің шыңдалу, өсу, толысу, табиғи талантын ашу, тәжірибе жинау кезеңдері болатын... Қуаныш пен күйініш, жақсылық пен жамандық күн мен түндей алмасып отырады емес пе? Құдай қосқан қосағы Мырзагелді қайтыс болған соң Гүлжамал Алматыға бет алды. Ондағы ойы Талдықорғандағы әке-шеше, ағайын-туыстарға арқа сүйейін дегені. Бірақ, қай театрға барады, бұл жағы беймәлім еді. Әйтсе де, әкемтеатрға жүрегі дауаламаған. Театрға келуін келгенімен, ішіне кіре алмаған... Күнде келіп театрдың алдындағы субұрқақты айналып қайтады. Директордың кабинеті тұрмақ, театрдың ішіне кіруге дәті жетпеген. Содан ойы он бөлек, санасы сан бөлек боп сенделіп, Коммунистік (қазір­гі Абылай хан ) проспектісімен жоғары қарай жүре берген. Жастар театры ол кезде бұрынғы Калинин мен Коммунистік көшелерінің қиылысқан тұсында орналасқан болатын. Шамасы түс кезі болар, театрдың алдында 3-4 кісі сөйлесіп тұр екен. Ішінде Маман Байсеркенов те бар. Амандасып, оны-мұны сұрасқан соң Гүл­жамал келген ниетін айтқан. “Ойбай, Гүл­жамал, әкемтеатрды қайтесің!? Одан да осы ТЮЗ-ға кірмейсің бе?” – деген. Ау, бұл ой Гүлжамалға бұрын неге келмеген?!. Түстен кейін театрға кірді. Директор Сақтаған Тұрлымұратов жас актрисаны мұқият тыңдап, “арызыңды жаз” деді... Өнер ұжымдарында институтты жаңа бітір­ген жастарға қарағанда, басқа театрдан келген әртістерге көзқарас өзгеше болады. Оның үстіне бас рөлдерде ойнап үйренгендерге одан да қиын. Өйткені, әр ұжымның, әр театрдың көзге көрінбейтін, ешбір ережеде жазылмайтын өз заңдылықтары болады. Ең қиыны, сол кезеңнен өту, яғни өзіңді-өзің сол театрға, сол ұжымға бейімдеу. Гүлжамал да сол диірменнен өткен. Бұл кезде театрда Сәлима Саттарова, Роза Әшір­бекова, Әмина Өмірзақова, Бибиза Құлан­баева, Күләй Мұраталиева, Аққағаз Мәмбетова, Жамал Бектасовалардың ізін басып келе жатқан Раиса Мұхамедиярова, Ғазиза Әбдінәбиева, Ли­дия Кәденова, Таня Оқаповалар бар бола­тын. Гүлжамалға оңай тимеді. Оның үстіне, жас актри­салар көбінде орысша сөйлейді, еркін жүреді. Гүлжамалға қиыны осы болды. Не орыс­ша сөй­лей алмайды, не өзін еркін сезіне алмайды. Сөйтіп жүргенде арада 3-4 жыл өте шыққан. Көбі – кішігірім рөлдер, екінші құрам. Осы кезеңде Райымбек Сейтметов театр­ға басшы боп келді де, көп ұзамай М. Әуезовтің “Алуасын” сахнаға қоймақ болды. Гүлжамалға Алуаны берген. Мұхтар Әуезов “Алуаны” өткен ғасырдың 50 жылдарында жазған. Бұл Мұхаңның соңғы жаз­ған көлемді шығармаларының бірі. Мұнда Кеңес өкіметінің арқасында елдің елеулісі, халық­тың қалаулысына айналған Алуа Сатаева­ның өмір жолы суреттеледі. Бұл кез ұлы жазу­шы үшін тағы бір тар жол, тайғақ кешу кезең­дері болатын. Тағы да НКВД Мұхаңның соңы­на шам алып түскен шағы. Мұхаң сол тұста коммунист әйел туралы жазды. Кәмелетке әлі толмаған Алуаны Доғал бай тоқалдыққа алмақ. Қарсы тұрар дәрмен жоқ. Бірақ бұл кезде қазақ елінде Кеңес өкіметі орна­ған. Ағасы Сексектің айтуымен Алуа Доғал­дың тырнағынан босап шығады. Комсомолға өтеді. Бірте-бірте сол қаршадай қыз қоғам қай­раткері, Социалистік Еңбек Ері, үкімет мүше­сіне дейін көтеріледі. 1926 мен 1953 жылдар Кеңес өкіметінің өсу, өрлеу, коллективтендіру, соғыс уақыты, соғыстан соңғы қайта өрлеген кезеңі. Бас кейіпкер Алуа – осы қоғамның мүшесі. Яғни, баяғыша айтсақ, Кеңес өкіметі десек – Алуа, Алуа десек – Кеңес өкіметі тілге оралатын. Гүлжамал осы образды керемет ойнап шықты. Бұл эволюциялық кейіпкер, баяндауға құрылған прозалық шығарма. Сахна­лық тартыстан гөрі, радиопьеса немесе телесериалға жақын туынды. Бірақ, режиссер Райымбек Сейтметовтің қойы­лымында бұл шығарма өзінің биігіне көтеріле білді. Әрине, басты рөлдегі Гүлжамал аянбай еңбек етті. Актрисаның сымбатты тұлғасы, дауысындағы қазақы мақам, ұлы жазушының шұрайлы тілі көрермен көңілін арбап алды. Ең негізгісі, бұл орыс ертегісіндегі “Золушка”, яғни, американдық фильмдердегідей “хэппи эндге” бейімдеу дүние. Былайша айтқанда, Валентин Черных жазып, оны Владимир Меньшов қойған “Москва көз жасына сенбейді” фильміне жақын. Ол да осындай “хэппи эндбен” бітеді. Міне, Гүлжамал – Алуа соңғы сахналарда Азия Африка әйелдерінің басқосқан конгре­сінде тұр. Бір топ әйелмен бірге кеңес деле­гациясының өкілі Алуа Сатаева да адамзатқа ортақ проблемаларды талқылауда. Осындай бір кезде А. Сатаева ән бастайды. Әйел ретінде, ана ретінде, нәзіктік пен сұлулықтың символы ретін­де халық әнін шырқайды. Әне, әр-әр жерден келген делегаттар. Олар сөзін түсінбесе де әннің сазына, оның жүректі тербетер иірім­деріне елтіп қалған... Өйткені, ән баршаға ортақ болса, ән салу әйелдің жан әлемінің көрінісі. Гүлжамал бұл сахнада гүлденіп сала берді. Әр дайындықтан соң Қазақбаеваның қадамы да нығая түскен. Кейіпкері қарғадай қыз үлкен тұғырға, мемлекет қайраткеріне дейін көтерілсе, Гүлжамалдың тасы да жоғарыға өрледі. Актриса осы рөлі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бағы жанды. Тағы да “хэппи энд”... Гүлжамал бір кездері Қазақ радиосында “Сәлеметсің бе, замандас!” деген хабар жүргізді. Республиканың түкпір-түкпірінен хаттар ағылып келіп жататын. Біреулері арманын, енді бірі сүйген қызының тастап кеткенін, енді бірі оқуға түсе алмай қиналып жүргенін, т. б. жазады. Енді бір жігіт Гүлжамалдың дауысына, оның мақа­мына, әуеніне ғашық екенін жазады, айтады. Ғашық демекші, Гүлжамал Алматыға келген соң, басқа ортаға тап болды. Әсіресе, “Алуадан” соң зиялы қауым оны тани бастаған. Таныстар да, жолдастар да көбейді. Театрдан Ғазиза мен Лидия сынды құрбыларын тапты. Сондай күндердің бірінде Гүлжамалға бір жігіт өз сезімін білдірген. Гүлжамал да кетәрі емес еді. Әттең... Үйде екі балапаны бар. Бұл жігіт бүгін “күйдім-сүйдім” дегенмен, ертеңі не болмақ? Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды. Сонда екі балам жәутеңдеп қалса қайтем? Жо-жоқ... Гүлжамал амалсыздан бас тартты. Дәл бір “Қаралы сұлудағы” Қарагөздей халге түскенін байқамады. Байқаса да бұл оның өз таңдауы болатын... Г.Қазақбаеваның театрдағы тағы бір белесі – М. Әуезовтің “Қаралы сұлуындағы” Қарагөз бейнесі. Бұл Мұхаңның алғашқы шығармалары­ның бірі. Бұл шығарма сол кездегі тың тақырып болатын. Шығыс әйелдерінің бұрын айтыл­маған, жазылмаған күйі. Күйі емес, жан азабы, тән азабы. Қазақ қызының да махаббатты, жылы­лық­ты, аймалауды, біреуді жақсы көруді сағынатын пенде екенін айқайлап айтқан алғашқы қазақ “Эм­мануэлі”. Бұл шығармада секс емес – сезім, эро­тика емес – жалғыздық­тан жабығу, елегізу басым. Болат Атабаевтың қойылымындағы Гүлжамал-Қарагөз басқа қырынан осылай көріне­ді. Гүлжамалдың бұл кезде өзі де, өнері де толық­сыған кезі. Өз нәпсі­сін өзі жеңе алмаған әйел... Оның да бұл өмірге келген соң, пенде боп жара­тыл­ған соң ләззаттың отына күйгісі келеді... Бірақ... ел жұрт не дейді?.. Міне, нағыз ұлттық психология, менталитет... Қарагөз Батыс әде­бие­тіндегі Лаура, Джульетта, Кармен емес. Қарагөз өз нәпсісін, жанының арын жоғары қоя білген кейіпкер. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Гүлжамал Қазақ­баева тек Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық балалар мен жасөспі­рімдер театры­ның актрисасы ғана емес, бүгінде қазақ өнерінде өз қолтаңбасы бар талант иесі. Ұлы Мұрат пен келіні Айжаннан үш немере сүйіп отыр. Ал – театрға, өнер ордасына Гүлжамал күнде асығып келеді, асықпай кетеді. Өйткені, бұл кәсібін шыңдар мекен ғана емес, өз жүрегінің қалауы десек, алдағы биіктер Гүлжамалды қол бұлғап шақырғандай. Тағы да бала кездегі Гүлжамал тыңдаған Қобыланды еске түседі... Үйдемісің, қыз Құртқа, Түздемісің, қыз Құртқа?! Әйел болдың амал жоқ, Егер еркек болғанда Болар ең жұртқа сен тұтқа. Эпостан артық не бар дейсің... Оған не қосуың мүмкін? Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның халық әртісі, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі және директоры.