«Көктемнің әр күні – жылға азық» деген нақылды күніне мың мәрте қайталап еңбегін кетпеніне сатқан диқан қоңыр күз кіргенше табиғатқа да қатты алаңдайды. Жанды атаулының миын қайнататын аптапта аспаннан тамшы тамбаса да қауіп, қорғасын бұлт басып апталап көз жасын сорғалатып тұрғаны – ол да қауіп.
Тәңіріне мың жалынып жүріп берекесі мол күзге де жетіп, жиын-терімін аяқтаған аудан, қалалар жыл бойы табысы жөнінде есеп беріп жатыр.
Биыл қазығұрттық диқандар әр гектардан 20 тоннадан астам өнім алған. Ауданда көп жылдық көшеттер 2300 гектарға жетеді. Ал биылғы жылы өнім берген 1200 гектар жеміс ағаштарынан орташа есеппен 24 мың тонна өнім алса, 413 гектар жүзімнен 6400 тонна өнім жинаған.
Осындай өнім көлемін арттыруға септігін тигізген кооперативтің бірі Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылындағы «Аманкелді» ЖШС базасында құрылған «Аман Агро Сервис» жемістерді сақтау және дайындау ауылшаруашылық өндірістік кооперативі.
Бүгінде кооперативке біріккен шаруалар серіктестіктің 2 мың тонналық жеміс-жидек тоңазытқышы бар қоймасын кеңейтіп, қайта жарақтандырып отыр. Мұнда сонымен қоса Еуропадан, Италия, Түркия, Нидерланд мемлекеттерінен әкелінген жаңғақ пен 15 түрлі алма сорты және жүзім көшеттері өсіріледі. Сондай-ақ кооператив мүшелері келешекте жемістерді өңдейтін цех ашуды да жоспарлап отыр.
Ал Сарыағаш ауданында биыл 8781 тонна жүзім жиналды. Шаруалар орта есеппен жүзімнің әрбір гектарынан 48,9 центнерден өнім алған. Биыл тамшылатып суару тәсілі енгізілген 450,7 гектар жүзімнің 283 гектар алқабы 1698 тонна өнім беріпті. Яғни, бағбандар жүзімнің әр гектарынан 70 центнерге дейін өнім жинаған.
Жалпы бүгінде Сарыағаш ауданында 1871 гектар алқапта жүзім өсіріледі. Оның ішінде 450,7 гектарына жаңа заманауи технология, яғни тамшылатып суару тәсілі қолданылады. 450,7 гектар жаңа заманауи технология бойынша егілген жүзімнің 92,7 – гектары асханалық, 358 гектары техникалық сорттар саналады. 2017 жылы ауданда 60 гектар егістік жерге тамшылатып суару тәсілі қолданылған.
Алдағы жылы аудандағы жүзімнің көпжылдық екпелерінің көлемі 1931 гектарға жетеді деген жоспар бар. Оның 563,7 гектары тамшылатып суару тәсілі енгізілген жүзім алқаптары болады деп күтілуде.
Бүгінде Сарыағаш ауданында жалпы көлемі 647,39 гектарды құрайтын 2530 жылыжай бар. Биылдың өзінде өңірде жалпы көлемі 56,39 гектарлық 82 бірлік жылыжай салынған.
Күздің соңғы айы Оңтүстіктің аудан, қалаларына осындай берекесімен кіріп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы