Қазақстан • 06 Қараша, 2017

Көшбасшылық негіздері оқытылуда

792 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «А» корпусы мемлекеттік қызметкерлеріне арналған семинар болды. Шараны Президент Әкімшілігінің қолдауымен мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы, Назарбаев Университет және АҚШ-тың мемлекеттік қызметтің жоғарғы буынының біліктілігін арттыру жөніндегі Федералдық институты (FEI) ұйымдастырды.

Көшбасшылық негіздері оқытылуда

Бес күнге жалғасатын жиында қатысушылар көшбасшылық негіздері, оның ішінде персоналды көшбасшылық пен командаға ұйытқы болу, ұйымды трансформациялау, ішкі және ұйымаралық коммуникация мәселелері қарастырылуда. Жетекшілерді оқытудың мақсаты – «А» корпусындағы мемлекеттік қыз­мет­керлердің әлеуетін қамтамасыз ету және дамыту.

Семинарды Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин, мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы Басқарушы комитетінің төр­ағасы Әлихан Байменов және Назарбаев Университеттің прези­денті Шигео Катсу құттықтау сөз­дері­мен ашты.

Әлихан Байменов өзінің сөзінде Қазақстанның мемлекеттік қыз­ме­тін жетілдіруде «А» корпусының, кәсіби мемлекеттік қызметтегі ең жо­ғары лауазымдар – жауапты хат­шы­лар мен аппарат жетекшілері­нің орны ерекше екенін атап өтті. «Мемлекеттік органдардың стра­тегиялық жоспарларға сай ырғақ­ты жұмысын қамтамасыз етіп, кадрлар қызметін үйлестіретін жауапты хатшылар мен аппарат жетекшілерінің көшбасшылық қасиеттері арқасында мемлекеттік органдарда мамандардың әлеуетін ел игілігіне жұмсауға мүмкіндік беретін тиісті ахуал қалыптасады», деді. Сондықтан ол жауапты хатшылар мен аппарат жетекшілерінің мемлекеттік органдардағы менедж­мент пен көшбасшылық бойынша озық идеяларды меңгеруі маңызды екенін сөз етті.

Семинар жұмысына «А» кор­пусының 35 мемлекеттік қызметкері – министрліктердің жауапты хатшылары мен облыс әкімдіктерінің аппарат жетекшілері қатысуда. Дәрістер кезінде қатысушылар команданың тиімділігіне әсер ететін факторларды, менеджерлер мен көшбасшылардың рөлі мен міндеттерін қарастырып, талдайтын болады. Олар басқарудағы күрделі міндеттерді орындау тәсілдерін меңгеріп, жаңа құндылықтар мен мәдениеттерге бейімделу арқылы жаһандық заманауи сынақтарға төтеп беру жолдарымен танысады.

 

«Егемен-ақпарат»