Қазақстан • 06 Қараша, 2017

Тұрақты комиссия жұмысына қатысты

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Санкт-Петербургте ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясы тұрақты комиссияларының отырысы болып, оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Тұрақты комиссия жұмысына қатысты

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов мемлекет құрылысы және жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі ТМД ПАА Тұрақты комиссиясының құрамында «Мемлекеттік азаматтық және муниципалдық қызмет туралы» және «Стратегиялық болжау және жоспарлау құ­жаттары туралы» үлгі заң жобаларын, сондай-ақ орнықты даму саласындағы құжаттарды талқылауға қатысты.

Депутат Сергей Плотников қатысқан Экономика және қаржы жөніндегі тұрақты комиссия отырысында ТМД мемлекеттерінің үлгі Салық кодексінің тұжырымдамасы қаралды. Комиссия отырысына қатысушылар ТМД елдерінің жария-жеке әріптестігі саласындағы саясатына талдау жасап, «Инженерлік іс туралы», «Инжиниринг қызметі және инжиниринг туралы» және «Баға қалыптастыру туралы» үлгі заң жобаларының тұжырымдамаларымен танысты.

ТМД ПАА Аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының атынан сенатор Аңсар Мұсаханов қатысты. Депутаттар «Экологиялық зиян бағасы туралы» және «Экологиялық туризм туралы» үлгі заң жобаларының тұжырымдамасын, сондай-ақ Экологиялық қауіпсіздіктің ұлттық орталықтарын ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстар тұжырымдамасы мен Экологиялық саясатты қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар тұжырымдамасының жобаларын талқылады.

ТМД ПАА штаб-пәтерінде ТМД ПАА жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі сарапшылар кеңесінің отырысы, АҚТҚ/ЖҚТБ және ТМД мемлекеттеріндегі көші-қон саласындағы заңнамасына шолу әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының, мемлекет құрылысы және жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заңнамалық актілер дайындау барысында пайдаланатын терминдерінен құралған Заң сөздігін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысы болды.