Орал қаласында «Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Еркін пікір» дискуссиялық клубының кезекті отырысы өтті.
Еркін алаңға облыстағы тіл саласы мамандары, журналистер мен жастар ұйымдарының өкілдері, сонымен қатар «Елім менің» коалициясының мүшелері қатысты.
«Елбасының биыл жариялаған бағдарламасы – ел дамуының тұтас бір кезеңінде басшылыққа алатын тұжырым, ұлт болашағына деген сенімді күшейте түсетін тарихи құжат. Латынға көшудің уақыты туды. Маңыздылығы, қажеттілігі жағынан да, тілдің болашағы үшін де бірегей міндет. Ұлттық әліпби қоғамда үлкен қызығушылық тудырды, өйткені әліпби тақырыбы ұлт зиялыларының көптен күткен әңгімесі еді,» деді дискуссиялық клубтың басты қонағы – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев.
Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік желілердегі топ атаулары мен қолданушы атауларын латын әріптеріне ауыстыру, офлайн режимде қызмет ететін ыңғайлы конвертер ойлап табу, жас тіл мамандарының ұсынысымен жастар мен үлкен топтарды оқытатын арнайы кешенді курстар жүргізу бастамасы көтерілді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»