«Рухани жаңғырудың негізі – қоғамдық сананы дамыту» тақырыбына арналған семинарды кіріспе сөзбен ашқан Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков жергілікті жерлерде 11 діни бірлестік, 10 этномәдени ұйым жұмыс істейтінін, оның аясында адамгершілік, толеранттылық, өзара түсінушілік секілді асыл қасиеттерді насихаттауға негізделген шаралар жүйелі жүргізілетінін, ынтымақтастық, ауызбірлік басты қымбат қазынамыз, ұлттық құндылығымыз болып табылатынын жеткізді.
«Елімізде түрлі этнос өкілдері тіліне, дініне, мәдениетіне қарамастан тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елбасының конфессияаралық келісім мен діни төзімділікті нығайту бағытындағы талаптарын орындау – бәріміздің абыройлы міндетіміз», деді Болат Серікұлы.
Алқалы басқосуда «Қызылжар» орталық мешітінің наиб-имамы Қасымхан Абдоллаұлы, Рим-католик шіркеуінің приходы Томаш Якубчак, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Әсемгүл Есқожа, ішкі істер департаменті экстремизм мен терроризмге қарсы күрес басқармасының жетекшісі Руслан Мұхамеджанов, тағы басқалары қазақстандықтар бір-біріне деген мейірім, сыйластық махаббатын іс жүзінде көрсетіп келе жатқанын, мұның өзі жас буын үшін үлкен тәрбие мектебіне айналғанын, сондықтан ұрпақтар арасындағы ізгілік сабақтастығын одан әрі өркендетудің қадамдарын жүйелі қарастыру, бұл орайда, қалыптасқан тәжірибелерге сүйенудің маңыздылығын атап көрсетті. Сонда ғана татулығымызға көлеңке түспейді, елдің болашағы баянды болады, ертеңгі күнге деген сенімділік арта түседі, десті.
Сөйлеушілердің қай-қайсысы болсын діни бірлестіктер, этномәдени ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімділікке назар аударып, конфессияаралық, дінаралық татулықты одан әрі дамытудың жолдарын атап көрсетті. 1992 жылдан бері тұрақты түрде аталып келе жатқан рухани келісім күнінің маңыздылығына тоқталып, тағаттылыққа үндейтін, тұрғындарды ортақ мақсат жолына топтастыратын қайырымдылық акцияларын жиі өткізіп тұруға келісті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы