Қоғам болған соң, балама пікірдің болуы да заңды. Арасында сынның да айтылатыны бар. Дегенмен, түптің-түбінде Мемлекет басшысы бастамаларының дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеп беріп жатады. Сондай бастамалардың бірі, латын әліпбиіне көшуге жол ашқан Елбасы Жарлығының жария болуы деп санаймыз. Жарлықтың жарық көруі тәуелсіз қоғамдық сананың рухани жаңғыруының ерекше маңызды кезеңін тудырды.
Тіл саясаты – ел басқарудың ерекше бір тетігі. Тарихтан белгілісі, отарлаушы елдердің басым бөлігі жазба мәдениеті дамымаған халықты өз ырқына икемдеу арқылы олардың санасын биледі. Ресей патшалығы, кейінгі большевиктік билік жағдайында қазақ елі де оны бастан өткерді. Қазақ тілі мектепте пән ретінде, сауат ашу ретінде қолданыста болды да, мамандық алу үшін жастарымыз арнайы, жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқуға мәжбүр еді. Бұл саясат қоғамның бар саласын қамтыды. Сөйтіп қазақ тілі кеңестік саясат негізінде тұрмыстық деңгейде, фольклор төңірегінде қалып, оны дамытуға ынта барынша төмендетілді.
Осының аясында үстем үкімет алдында жарамсақтану арқылы олардың тіліне жағымпаздану алдыңғы қатарға шықты. Бұл жөнінде қарымды қайраткеріміз Әбіш Кекілбайұлы: «Үстем тілге әсіре жағыну мен әсіре табыну метрологиялық бюрократияның алдында жақсы атануды көрсетеді. Ұлттық элита өз мәдениетін, өз тілін өзі қомсынып, сол арқылы өз халқын өзі кемсітуге әдеттенді. Өзі болып өмір сүруге арланып, өзге болып көрінуге тырысатын сырты жалтырақ, іші қалтырақ рухани алыпсатарлық, міне, осылай қалыптасады. Өзі ұлттық элитаны ұлтқа қызмет етпейтін үстем мәдениеттің жағымпаз жандайшабына, неден де болса тайынбайтын тілалғыш қолбаласына айналдырады» – деген еді.
Кириллица әліпбиі ұлт санасындағы басқаға тәуелділіктің деңгейін айқын бейнелесе, енді латын қарпі сана тәуелсіздігінің де деңгейін айқын көрсетеді деп ойлаймын. Өйткені латын таңбасының енуі тіліміздің ұлттық реңіне қарай жаңғыруы болмақ. Осындай үрдістер арқылы өзіміздің ұлттық сипаттарымызды басқаларға мойындата бастаймыз. Кезінде кеңестік биліктің жалғыз әділетті мемлекет, қалғаны жан-жақтан қоршаған қатыгез капиталистік қоғам деуінен бойымызға сіңген әлемдік қауымдастыққа үрке қарау қасіретімізден толыққанды арылуға мүмкіндік туды.
Сонымен қатар, өз болмысымызды жаңғырта отырып, ұлттық шектелуден шығып, жалпы адамзаттың ақыл-ой жетістіктеріне бойлай енуге жол ашылды. Ықылым заманнан келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың адамзат құндылықтарымен тең дәрежеде ықпалдасуына қол жеткіземіз. Сол арқылы әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде өз-өзімізді сезініп, басқаға ұлтымызды таныта түсеміз. Яғни, ресми тәуелсіздігімізді сана тәуелсіздігімен нығайта аламыз.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық
мәслихатының хатшысы