Қазақстан • 06 Қараша, 2017

Жедел жеткен жауап

237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оралман мәселесінің оңтайлы шешіліп, ортамыздың туыстармен толып отырғаны – жүрегінде ұлтжандылық сезімі бар жанның бәрін де қуантады. Олардың қажетті құжаттарын заңды жолмен алып, қоныстанып жатқаны бір ғанибет.

Жедел жеткен жауап

Алайда құжат алудың «жеңіл жолдарын» ұсынып немесе аяқастынан оңай дүниені қиындатып жіберетін кейбір шенеуніктер арды жиып қойып, алыстан келген ағайынның да қалтасына да түсіп, пара алып жатқан мысалдар жоқ емес. Ондайлардың пара жолымен берген құжаттарында да шикіліктер шығып, ақыры ағайындарды әуре-сарсаңға салып отырған жағдайлар орын алып отыр. Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман осындай мәселелерге қатысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атына депутаттық сауал жолдаған еді. Соған жауап әдеттегіден жылдамырақ келді. Төменде сол сауал мен жауапты ұсынып отырмыз. 

«2015 жылы Жамбыл облысына Қытай Халық Республикасынан көшіп келген 251 этностық қазаққа қазір өздері келген көршілес елге сот арқылы күштеп шығарылу қаупі төніп тұр. Өйткені арада екі жыл өткенде олардың ықтиярхаттар алу үшін тапсырған кейбір құжаттары жалған екендігі анықталған. Ал оралман ағайындар өздерін: «Біз делдалдар мен жемқорлардың құрбаны болып отырмыз», деп санайды. Қалың жұртшылық айрықша назар аударып, әлеуметтік желілерде қызу талқылау тақырыбына айналған осы келеңсіз оқиғаның орын алу себептерін және оған кімдер кінәлі екендігін қазіргі кезде Тараз қаласы көші-қон басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты жүргізіліп жатқан қызметтік тергеу нәтижесі әділ анықтап береді деп сенеміз.

«Тас – түскен жеріне ауыр» дейді халқымыз. Атажұртым деп аңсап келген ағайындарға араша түсу – азаматтық парызымыз. Сізден Жамбыл облысындағы 251 оралман бауырымыздың жанайқайларына құлақ асып, осы өзекті мәселені өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуыңызды және қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймын» дейді депутат К.Мұсырман өзінің ІІМ-ге жолдаған сауалында.

Өзінің жауабында Қ.Қасымов былай дейді: «2016 жылғы қарашадан бастап Жамбыл облысының ҰҚК департаменті Тараз қаласының ІІБ қызметкерлеріне және басқа да адамдарға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құру, басшылық ету және қатысу, сондай-ақ заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді. Ағымдағы жылғы 28 қыркүйекте Тараз қаласы сотының үкімімен полиция қызметкерлері делдалдарымен бірге кінәлі деп танылып, сотталды.

Тергеу барысында 2015-2016 жылдары ҚХР-дан келген 251 репатриант азаматқа тұрақты тұру материалдарын қолдан жасағаны анықтал­ды. Атап айтқанда, №086 медициналық қорытынды, ҚХР бас консульдығының анықтамасы (АИТВ). Осыған байланысты, ҰҚК Департаментінің нұсқауы бойынша этностық қазақтардың тұруға ықтиярхаттары «Халықтың көші-қоны туралы» заңға сәйкес жойылды. Ал репатрианттардың пара беру фактілері бойынша қылмыстық іс материалдары жекелеген өндіріске бөлініп, тергеуге жолданды. Бүгінгі таңда 77 репатриантқа қатысты пара беру фактілері бойынша қудалау ісі қылмыс құрамының болмау­ына байланысты тоқтатылды. Қалған адамдарға қатысты тергеу жалғасуда».

Сонымен бірге жауапта: «Бас проку­ра­тураның пікірі бойынша Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет пара алу фактісін тергеумен қатар, репатрианттардың жалған құжаттарды дайындау, пайдалану фактілері бойынша да процес­тік шешім қабылдауы қажет. Осыған байланысты, тұруға ықтиярхатты қалпына келтіру репатрианттарға қатысты соңғы процестік шешімдерді қабылдау кезінде және кейіннен олар белгіленген тәртіпте медициналық тексеруден өткен кезде мүмкін болады. Осы үшін Жамбыл облы­сының ІІД әкімдікпен бірлесіп, ағымдағы жылғы 9 қазанда 41 репатриантпен кездесу өткізді және оларға тұруға ықтиярхатты қалпына келтіру тәртібін жеткізді.

Жалпы, қазіргі уақытта ІІМ өтініш­тер­д­е баяндалған проблемаларды шешу бойын­­ша мүдделі мемлекеттік органдар­дың (ҰҚК, БП, МҚІжСЖҚІҚА) СІМ, ЕХӘҚМ, ДСМ және Жамбыл облы­сы­ның әкімдігі) дәйек­ті әрекет­тері­нің алго­рит­мін пысықтады. Осы жұмыс­ты ұйымдастыру үшін жүйелі негізде Қазақ­стан Республикасының Премьер-Министрі ІІМ-ге мүдделі мемле­кет­тік органдармен және Жамбыл облысы­ның әкімдігімен бірлесіп, тиісті ведомств­о­аралық жұмыс тобын құруды тапсырды», делінген.

 

Дайындаған: 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»