07 Қараша, 2017

Мұғалім қадірі

1361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қадір деген бұл болмыстың бір тегеурінді тұтқасы. Балаң күнімізден санамызға сіңген қадірлі ұғымдар бар. Ол – ата-ана, ағайын-бауыр, жасы үлкендер, жасы кішілер... Әр дүниенің жасқа да, асқа да қатысты қадір-қасиеті болады. 

Мұғалім қадірі

Ұлтымыздың ұлылығы ғой, сол әр нәрсенің қадірін бір ауыз сөзбен түйіп те, түйсіндіріп те отырады. Мәселен, «Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін, қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін, санасы жоқ жамандар ел қадірін не білсін?» деген іспетті ұлттық тұспал, этноаллегория қазақтың дүниетанымында көптеп кездеседі.

Ал біз мұғалім қадірі туралы айтпақпыз.

Аға буынның бәрі дерлік «Мұғалім келе жатқанда жол беретінбіз», «Мұғалімнің төбесі көрінгенде қарсы жүрмей, келесі көшеге қиыстап кетуші едік», «Мұғалім төбемізді ойса да тапжылмай тұратынбыз», дейді. Мұндай сөздер түрленіп, жалғаса береді. Неге? Сол замандағы мұғалімнің қадірінің бары ғой. Яки құрмет өзінің зәу биігінде еді. «Мұғалімнің баласы» деген бір ауыз сөз де үлкен жауапкершілік жүктейтін. Олар сотқар болмауға, салдыр-салақ жүрмеуге, бейбастақ сөйлемеуге тырысатын. Өйткені өзіне тағылған айдарсөздің өзінде қадір бар. Сол атқа кір шалдырмау керек.

Бұл әріден келе жатқан құрмет еді. Қараңыз, Алаш арыстарының, сол заманда ел басқарған, жұрт ісіне жұмылған қайраткерлердің қайсысы болса да бала оқытқан, оқулық жазған, газетте оқу жайының мәселесін көтерген. Сондықтан да ғой Мағжанның «Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі!», деп ұстаздықты төрге оздырып, төбеге тұтатыны. Сол мұғалімнің орны қазір қай орын, сырғи-сырғи шетқақпай болып, босағадан былай тұрған жоқ па деген бір ой келеді.

Жуырда бірқатар астаналық мектептерде болып, мұғалім сөзіне құлақ қойған едік. Сонда ұстаздар шешілді: «Қазіргі ата-аналар өте қиын. Сыныптың ортақ уатсап желісіне де, жеке өзіңізге де ұрсып кеп береді. Оқушыға үй жұмысын берсеңіз де шұқшияды. Уәжі – баласының тынығуына уақыт қалдырмайды екенбіз. Ал тапсырма бермесеңіз «бермеді» деп тағы кейиді. Қандай кінәрат болса да біз кінәлі боламыз. Балаларының бар тәрбиесін бізге артып қойғанын біле бермейді, тіпті түсінгісі де келмейді. Ата-аналар үшін баланың қарнын тоқ, көйлегін көк қылу жеткілікті сияқты. Бізді көзіне ілмейді».

Иә, ата-аналар контингенті туралы бүгінде ешқандай әлеуметтік сараптама, мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырған жоқ. Бұл мектеп мәселесінде бар ауыртпалықтың мұғалімдердің иығына артылуына тағы бір себеп. Мәселен, мына жайт әркімді ойландырса керек. «Біз тіпті «няняның» қызметін де атқарамыз,  деді тағы бір мұғалім. – Мұнда жұмыс іздеп келген түрлі жағдайдағы отбасылар көп қой. Солардың бірі 5 баласымен бір жер үйдің бөлмесін жалға алып тұрады. Біздің мектепте мұндай санаттағы отбасылар аз емес. Сол отбасы Астананың ақ боранында бүлдіршінінің сыртқа шығып, тоңбауы үшін дәретін шелекке сындыртып, бетін жабулап қояды екен. Солай әдеттенген баласы биыл мектеп табалдырығын аттаған ғой. Мектепте қысылғанында бір қағаберіс бұрышта тұрған еден жуушының шелегін көріп қалған екен... Ал әлгі әйел ылғи «менің шелегімді бұзық оқушылар былғап кетіпті», деп шағымданып жүрді. Міне, мектепте өмірдің өзін де көруге болады. Осы балаларға бірдей білім мен тәрбие беріп, бастауыш сыныпта еркелігі басылмағаны, өзін-өзі ұстай алмайтыны бар, жуындырып, тазалап отырсақ та бізге бәрі «қожайын». Ал еңбекақымыз туралы айтпай-ақ қойсақ болады. Бізге қайың сауғандай 30-40 мың теңге төлеп, 300-400 мың теңгенің жұмысын сұрағысы келеді».

Ашынса ашынғандай-ақ жағдай емес пе?! Мұғалімдер мен оқушылардың апталық оқу жүктемелерін азайту бір түйткіл болса, екінші жайт – қағазбастылық. Яғни қағаз бойынша есеп беру толастамай отыр. Жуырда Үкімет отырысында ол туралы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев «Әкімшіліктер жанынан құрылған комиссиялар саны 13-тен 20-ға дейін жетеді. Барлығы да мектептерден қағаз жүзінде түрлі ақпарат жинауды талап етеді. Бұл мәліметтер Ұлттық білім беру деректер қорында тұр. Сондықтан ҰББДҚ-ға енгізілген ақпараттарды сұратуға қатаң тыйым салыну керек», деді. Министр осы сияқты бірқыдыру мәселелер бойынша жыл соңына дейін шешімге келетіндерін айтып қалды. Бұл да болса үміт, әрине. Әйтпесе, «қадірсізден құт қашар» деп Махмұд Қашқари айтқандай, мұғалімнен құт қашқалы қашан...

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»