– Біздің ел 1929-1940 жылдары латын әліпбиін қолданып, бастан өткерді. Демек, біз латынға қайта ораламыз. Латын әліпбиі арқылы біз түркі халықтарына тілдік тұрғыдан жақындап, рухани жағымыздан кемелдене түсуге жол ашамыз. Әрине, еліміз үшін тәуелсіздік, туған жер, ұлттық құндылық қасиетті ұғымдар. Міне, бұл тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мемлекеттік, ұлттық мәселелердің шешімі айтылды. Ендеше барлығымыз жұмыла кірісуіміз керек, – деді өңір басшысы.
«Қоғамдық келісім» ғимаратында өткен облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жүргізген жиында алғашқы болып сөз алған Әміржан Қосанов М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі бір мысалды еске салды. Мұнай саласына маманданып жатқан студент «латын әліпбиінің мұнайға қандай қатысы болуы мүмкін. Пайдасы қандай?» деп сұрайды.
– Сен кириллицада қалу арқылы «Газпром», «Лукойл» секілді бірер мемлекеттерге ғана белгілі мұнай компанияларының жетістігін білесің. Ал, егер латын әліпбиін жаныңа жақын тартсаң әлемге әйгілі «Шеврон», «Амоко» сияқты мұнай компанияларының бай тарихы, тәжірибесімен танысасың. Солар туралы жазылған ғылыми еңбектер сенің игілігіңде болады», деп жауап бергенін айтты.
– Мен билікке келіспейтін тұстарымды ашық айтып жүрген азаматпын, әлі де ойымды ашық айтамын. Бірақ латын әліпбиі – үлкен идеология, рухани құндылықтың мәйегі. Біз үшін ең өзекті мәселе – мемлекетіміздің тәуелсіздігі, жер тұтастығы, Қазақстанның болашағы баянды болуы. Осындай жағдайда мен өз жүрек әміріммен латын әліпбиіне өтуімізді қолдаймын, осы жолда қолымнан келген барлық көмегімді аямаймын.
Кез келген реформа қиындықпен келеді. Және ол қиындық тек қана қалтаға ғана емес, ақшамен ғана емес, санаға байланысты. Мәселен, қытайлар, жапондар, корейлер иероглифтермен жазып жатыр. Бірақ олардың «Самсунг», «Сони» секілді ірі компаниялары әлдеқашан латынға өтіп кеткен. Сондықтан бұл қазақтың алдындағы тарихи таңдау.
Әміржан Қосанов латын әліпбиіне қатысты лингвистикалық астары, өркениеттілік мәселесі жайлы ойларын нақты мысалдармен таратты.
Ақпараттық топтың жетекшісі Ерлан Саиров мемлекетіміздің неге латын әліпбиін таңдағанына шағын талдау жасады. Әлем күрделеніп барады. Осындай жағдайда Қазақстан көштен қалып кетсе қатты ұтылады. Ғылым-білімнің тез дамып жатқаны соншалық, келешекте атом мен мұнайдың орнын алмастыратын жаңалықтар енгізіледі.
Бір компьютер отыз мың адамның жұмысын бір өзі атқаратын уақыттың тезінде тұрмыз. Әлемге әйгілі «Адидас» фирмасы күніне вагон-вагон аяқ киім, спорттық форма тіксе де шалдықпайтын робот жұмысшыларға өтіп жатыр. Осындай жағдайда біздің Отанымыздың ғылым игіліктерінен тыс қалуына жол беруге болмайды. Латын әліпбиі біздің елді сол биікке көтеру үшін керек.
Латын әліпбиінің техникасын енгізу жөнінде үлкен пікірталас болып жатыр және ол өте дұрыс. Диграфтар мен апострофтар арасында әңгіме көп. Сондай қарама-қайшылықтар тоғысқан жерде ғана біз дамуға бет аламыз.
Жуырда қол қойылған Елбасы Жарлығы латын алфавитіне көшудің дұрыстығын заңдастыру мақсатында туындады. Бірақ бұл соңғы ұсынылған үтірлі белгімен көрсетілген әріптерді түбегейлі енгізу деген сөз емес. Алфавит халық сұранысын қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс. Сонымен қатар біздің бүгінгі қабылдаған шешімімізге кейінгі ұрпақ ренжімеуі керек, деді Б.Саиров.
Ақпараттық топ мүшесі Талғат Қалиев та жақсы ойлар жеткізді. Қазақстан халқының орташа жасы 32-де. Оның ішінде қазақтар 26 жасты құрайды. Яғни, Қазақстан халқының 8 миллионы еңбекке жарамды. Көпшілігі жастар болғандықтан ағылшын тіліне таңдау жасалынып жатыр. Ғаламтор 80 пайыз латын әліпбиімен жұмыс жасайды. Латын графикасына негізделген ғылым 70 пайызға жетсе, кириллицаның үлесі 2-3 пайыздан аспайды. Міне, латын әліпбиін таңдаудың елге пайдалы жағы осы.
Жиында журналист-блогер Руслан Желдібаев та өз пайымдауларымен бөлісті.
Кездесу барысында комиссия мүшелеріне журналистер тарапынан сұрақтар көп қойылды. Орнықты жауап алынды. Соңынан топ мүшелері журналистермен және блогерлермен дөңгелек үстел басында тоқайласып, келелі мәселенің мәнісін тарқатты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы