Жоғары және ЖОО-дан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруді, сонымен қатар орта және мектепке дейінгі білім беруді дамытуға бөлінетін бюджет қаражатын пайдалану мәселелерінде бірқатар жүйелік проблемалардың бар екені атап өтілді.
2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде білім беру жүйесі сапасының көрсеткіштері бойынша Қазақстан позициясының нашарлауына жол берілген. «Білім беру жүйесінің сапасы», «Менеджмент мектептерінің сапасы» және «Жоғары біліммен қамту» нысаналы индикаторларына қол жеткізілмеген.
2016 жылдың қорытындысы бойынша министрлік Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жоспарланған көрсеткіштерге үш ауысымда сабақ өткізетін мектептердің үлесін төмендету және мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларының санын ұлғайту бөлігінде қол жеткізбеген.
Орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру саласында мамандар дайындау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды министрлік республика өңірлеріндегі оларға деген қажеттіліктерді есепке алмай жүзеге асыратындығы анықталды. Белгіленген өлшемшарттар мемлекеттік тапсырысты үздік оқу орындарында толыққанды орналастыруға мүмкіндік бермейді.
Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тиісті деңгейдегі өзара іс-қимылының болмауынан жоғары, ЖОО-дан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі төмен күйінде қалуда.
Кадрларды даярлау бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі жүйесін дамытуға бағытталған тиісті шаралар қабылданбауда, барлық мүдделі тараптарды тартуды көздейтін институттық тетік әзірленбеген.
Министрліктің кәсіптік білім беретін жетекші мекемелердің желісін құруды қамтамасыз етпегені атап өтілді. Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап Өскемен, Екібастұз және Шымкент қалаларында өңіраралық кәсіптік орталықтардың, 2015 жылдан бастап Астана және Алматы қалаларындағы әлемдік деңгейдегі колледждердің құрылысы тоқтатылған.
2016 жылы «Ақпараттық-талдамалық орталық» АҚ сомасы 10,4 млн теңгеге «Үштілділікті енгізу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерттеу және тілдерді үйрету әдіснамасын әзірлеу» мемлекеттік тапсырмасын орындау бойынша алған міндеттемелерінің толық және тиісінше орындалуын қамтамасыз етпеген.
Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Астана, Алматы қалаларының құрылыс және білім басқармалары, Шымкент қаласының және Сайрам ауданының құрылыс бөлімдері жалпы сомасы 208,6 млн теңгеге тауарларды жеткізуді, орындалған жұмыстарды растаудың анықтығын қамтамасыз етпеген.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша сомасы 16,9 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану – 43,2 млрд теңге және жалпы сомасы 26,7 млрд теңгеге 147 рәсімдік бұзушылық фактілері анықталды.
Мемлекеттік аудит барысында 5,9 млрд теңге қалпына келтіріліп, өтелген, соның ішінде республикалық бюджет кірісіне 285,1 млн теңге өтеліп, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарларды жеткізу арқылы бухгалтерлік есеп бойынша 5,1 млрд теңге қалпына келтірілген.
Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау тапсырылды, сондай-ақ басқа да бірқатар тапсырмалар берілді.
Мемлекеттік аудиттің бірқатар материалдары құқық қорғау органдарына және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдер қабылдау үшін жіберілетін болады, деп хабарлады Есеп комитетінің баспасөз қызметі.