«Nationlook» топтамасында кешегі мен бүгінгінің, яғни ескі мен жаңаның жарасымды үйлесімі көрініс тапқан. Топтама 20 туындыдан тұрады. Олардың басым бөлігінде авторлық ою-өрнектер мен табиғи терілер қолданылған, әрі заманауи сән үлгісіне сай тігілген.
Шараның басты мақсаты – этностильдің халық арасында қолданылу аясын кеңейту, қазақтың ұлттық киімдерін үнді сариі немесе жапон кимоносы секілді танымалдық деңгейіне жеткізу.
Көрмеге келген осы саладағы білікті мамандардың бірі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Сергей Садыков: «Бүгін «Тұмар» деп аталатын балалар киімдерінің топтамасы көрсетілді. Бұл киімдер түрлі ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген. Ал бұл ою-өрнектердің өз мағынасы барын барлығымыз білеміз. Осы арқылы халқымыздың мәдениетін танытуға болатыны анық», – деп өз пікірін білдірді.
Көрсетілім барысында Қайролла Әбішевтің «Зекенмода» және Рахима Әбішеваның «Arujan» сән үйінің топтамалары көрсетілді.
Қайролла Әбішевтің шығармашылық бағыты негізінен заманауи жаңғыртылған топтамалардан тұрады. Жұмыстарының көпшілігі соңғы үлгіде орындалса да, ұлттық нақыштағы элементтер көрініс береді.
«Arujan» сән үйі және оның идеялық шабыттандырушысы – Рахима Әбішеваның да топтамалары өзімізге ғана емес, шетелдерге де жақсы таныс. Шебердің қолынан шыққан «Алтын құм» топтамасы Мәскеуде өткен «Жоғарғы сән» апталығында қазылар алқасын тәнті еткен болатын.
Ұлттық музейде дәстүрлі және жаңа стильдегі моданың көрсетілуі біздің ұлттық киімдеріміздің танымалдылығын арттырады. Топтамаларды көрсету шеңберінде музейдің «Шебер» және «Бейнелеу өнері студиясы» үйірмелеріне қатысатын балалардың туындыларынан да көрме ұйымдастырылды.
Талғат САДЫҚҰЛЫ