Шыны керек, ауылда ашылған заманауи қасапхананың маңызы өте зор. Өйткені ауылдағы мал баққан шаруа енді бірлі-жарым малын саудалау үшін қалаға барып сандалып жүрмейді. Оның үстіне мал сою бекеті жанында болашақта өңдеуші кәсіпорындар – шұжық цехы, ет және тері өнімдерін өңдейтін қосалқы шаруашылықтар құрылуы мүмкін. Қасапхана шағын болғанымен, мән-маңызы үлкен болғандықтан, оның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Арыстан Арсланбаев қатысып, кәсіп иелерін нысанның ашылуымен құттықтады.
Жаңа мал сою бекеті Зеленов ауданында биыл көктемде құрылған «Николай и Ко» ауылшаруашылық кооперативіне тиесілі. Жергілікті шаруалардың басын біріктірген кооператив құрамында бүгінгі таңда 22 мүше бар. Осы 22 шағын қожалықтың жетеуі биыл «Береке» бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жалпы көлемі 36 млн теңге несие алған. Ол қаржыға 171 бас ірі қара сатып алыпты. Бүгінде кооператив мүшелерінде 300-ден астам ірі қара мал бар.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын қарқынды дамытып, ел экономикасының драйверіне айналдыру керектігі туралы айтқан болатын. Елдегі қолға алынып жатқан игі бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың аясында көптеген жетістікке қол жеткізіп келеміз. Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес биылдан бастап барлық өңірде ауылшаруашылық кооперативтері құрылуда. Осы кәсіпорындар арқылы өндірілген сүт, ет өнімдеріне демеуқаржы төлеу қарастырылған. Бүгінгі ашылғалы отырған мал сою бекеті осы бағыттағы жүргізілген жұмыстардың оң нәтижесі. Осындай ауқымды істі қолға алған кооператив мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.
Жаңадан пайдалануға беріліп отырған модульді мал сою бекетінің құрылысы екі ай бұрын басталған. Тез құралатын қабырғалардан тұрғызылған қасапханада тәулігіне 10 ірі қара союға болады. Ет сақтайтын тоңазытқышы және бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ұсынған кепілсіз несиенің көлемі – 19 миллион теңге. Оның тең жартысы, яғни 9,5 млн теңгесі мемлекеттік демеуқаржы есебінен өтеледі. Ауылдағы шаруаға бұдан артық қандай қолдау керек?!
– Бүгінгі таңда мемлекет ұсынып отырған жеңілдетілген несиелер біз сияқты кооперативтерге үлкен мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бастаған ісіміздің болашағы зор екенін байқап отырмыз. Өйткені біздің өнімімізге көршілес Ресей Федерациясынан тапсырыс түсіп жатыр. Ресейлік кәсіпкерлер біздің ауданға келіп, малдың бағылуы, бордақылануы мен сойылу процесінің барлық стандартқа сай екендігін өз көзімен көрді. Енді олар айына 20 тоннаға дейін сиыр етіне, 18-20 тонна қой етіне тапсырыс беріп отыр, – дейді «Николай и Ко» АӨК төрағасы Николай Супрун.
«Николай и Ко» ауылшаруашылық кооперативі географиялық жағынан өте қолайлы аймақта – Орал қаласына жақын орналасқан. Модульді мал сою бекеті облыс орталығынан 50 шақырым-ақ жерде. Сондықтан кооператив өз өнімін «Орал шұжықтары» қайта өңдеу кәсіпорнына, сондай-ақ сауда желілеріне жеткізуді де жоспарлап отыр. Кооператив меншігінде мал азығын дайындайтын екі су жаңа трактор мен шөп маялағыш секілді ортақ техникалары да бар. Жақын уақытта мұнда тұрақты қызметке ветеринар, қасапшылар және басқа да жұмысшылар қабылданбақ.
– Біз өткен жылы қожалық құрып, қой малын өсіруге бет бұрдық. Алғашында қолда бар 50 бас ұсақ малды өсіре бастадық. Бүгінгі таңда қожалық меншігінде 350 бас қой бар. Кейін осы бағдарлама арқылы «Николай и Ко» кооперативіне мүше болып кіріп, төменгі пайызбен 4 миллион теңге несие алуға қол жеткіздім. Сол қаражатқа 19 бас ірі қара малын және жем-шөп сатып алдым. Біздің қожалық екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Кооператив жанынан ашылған мал сою бекеті біз секілді қожалық иелеріне тамаша мүмкіндік. Ендігі уақытта өз малдарымызды алысқа апармай-ақ осы жерге тапсыратын боламыз, – дейді «Оразбеков» шаруа қожалығының жетекшісі, жоғарыда аталған АӨК мүшесі Мәлік Оразбеков.
Батыс Қазақстан облысында бүгінде 1200-ден астам ұсақ шаруашылықты біріктірген 26 кооператив құрылған.
– Өңірдің шекараға жақын орналасуы кооперативтер үшін тамаша мүмкіндік қой. Мемлекет ұсынған несие қаржының көмегімен кооператив мүшелері мал басын арттырады, өндіріс көлемін ірі тауар партиясына дейін жеткізеді, сөйтіп ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, сыртқы нарыққа шығады. Ұсақ шаруашылықтарды біріктірген кооперацияның шығындары азаяды, субсидия және жеңілдікті қаржы алу мүмкіндігі артады. Батыс Қазақстан облысында Қордың қатысуымен құрылған кооперативтердің басым көпшілігі бүгінде ет бағытында жұмыс істеуде, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Арыстан Арсланбаев.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласын қолдауды жүзеге асыру жұмыстары «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүргізілуде.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ