Қазақтың текті ұлдарының арасын жақсылыққа жалғастырған Дулат торы атанған тұлпар ат жайлы, Сәбден мен Ақсақалдың қазаққа тән жомарттығын, кісілігін елге баяндап беру маған міндет болды да тұрды. Оны маған Камардін Бектұрсынұлы айтып берген еді.
«Бөріжар» совхозының жайылымдық жерінде 1968 жылы 1-2 мамыр күндері найман Нәметай әкесіне ас берді. Бәйгесі, көкпары болды. 1 мамыр күні бәйгесі болды. Шәуілдірден үш ат қосылды.
Бірінші орында Жақсылықтың күрең аты, шабандозы – Есенхан. Екінші орында Жарылқаптың сұр аты, шабандозы – Керімбай. Үшінші орында Мақсұтханның боз аты келді. Аттар келгенде бірінші, екінші орын алған күрең мен сұрдың бапкері Жарылқап қарияның сәлдесі мойнында, екі көзінен ақ су, екі езуінен көк су (насыбай атқан ғой) ағып тұр. Міне, адам жанын билеп алған ат құдіреті.
Бәйгеден кейінгі салым көкпарда Ақсақалдың көк аты мен бөгендік Қойшыбай шабандоз бір салды. 2 мамыр күнгі көкпарда көк атпен шәуілдірлік Бекен шабандоз бір салды. 4 мамыр күні Қарауылтөбе түбіндегі көкпарда Ақсақалдың көк аты мен бөгендік Қойшыбай шабандоз қатарынан екі рет салып, өкпесі күйіп, ат пышаққа ілінді. Аяушылықпен қараған көпшілікке Ақсақал: «Бір биенің қысыр қалғаны болар, адам аман болсын. Өздеріңіз келісіп, бөліп алыңыздар, адал бауыздалды ғой» деді. Осыны көріп, естіп тұрған Сәбден көкем: «Ей, жарқыным, менің үйім анау «Шұбарда», қасыңдағы жолдастарыңмен бүгін қонақ болыңдар, күтемін», деді.
Кешке Ақсақал бастаған шәуілдірліктер Сәбден көкемнің үйіне келді. Олар: Қадыр, Жақсыбек, Байғозы, Сейілхан, Ақсақалдың өзі.
Ақсақал «Қазақты көргің келсе дәл осы деп, көрсетсе дүниеге ұялмайтын» дегендей тұлғалы, сүйекті жігіт екен. Жасы қырықтар жобасында-ау шамасы.
Мал сойылып, дастарқан мәзірі түгел жасалып, таңды көрер көзбен атырып, ауыл-аймақпен тік тұрып күттік.
Түнде дастарқан басындағы әңгімеде Сәбден көкем: «Қарағым, сені еліңе жаяу жібере алмаймын» деді де, үйірдегі атты таңертең ұстап әкелуге баласы Қамбарға тапсырма берді. Соғыстан жалғыз аяқпен оралған Сәбден көкемнің сөзіне ел тоқтайды. Тарыққанға, жабыққанға жәрдем береді, айтқан сөзі бұзылмайды, елге сыйлы, беделді кісі еді.
Таңғы ас-су ішіліп, ұлы сәске болған шақта, «ат келді, ат келді» дегенге үдере сыртқа шықтық. Ұзындығы есік пен төрдей, аса биік шоқтықты, құлағы тас төбесінде, сәуірде үйірге жіберіліп, ай толмай қайта ұсталған торы дөненнің көзі шатынап тұр екен.
Атты көрген кезде Ақсақалдың іші жылып сала бергені реңінен байқалды. Ер салынып, қаумалап, аттың тізгінінен ұстап, қолтығынан демеп мінгізгенде, «қабырғалы, жоталы» торы дөненнің үсті Ақсақалдың тақымын толтыра керіп тұрды.
«Құтты болсын!» айтысты жұрт. Сәбден көкем үйірге түскен айғыр үйірін, туған жерін, әсіресе, көктемде ұмытпайды. Байлаудан босаса, қандай жағдайда да үйіріне жетеді. Сондықтан атты жүк машинасына салып, жолды бағдарлатпай алып кетуді ескертті.
Солай болды да.
Ақсақалдан арнайы шақырту келген соң, Шәуілдірге 1968 жылғы маусымның басында он адам болып бардық. Бұл құрамда Сәбден көкем, көкемнің әйелдері Тәжікүл, Ақкүміс, мен және анам Қатша, Тілеубек жиен, немере інісі Ілесбек, Ескендір қожаның анасы, Қамбар шопыр болып барды. Әбжаппар бала қиғылықпен ол да қосылды.
Қамбардың үсті жабық жүк машинасын кісі отыруға жабдықтадық. Қалыңдата шөп салып, киіз төсеп, көрпешелер салдық. Көлігіміз жайлы болды. Сөйтіп Шәуілдірге, Отырар ауылына жолға шықтық.
Ақсақал үйінің алдына үлкен киіз үй тігілген. Ауыл ағалары, ағайындары, достары, күтуші жігіттер: Ақсақал бастап Байғозы, Бескемпір, Жақсыбек, Кенжебек, Сейдахан, Қасымбек, Жүсіп, Әбдірахым, Дүйсен, Әшірбай, Пернебай, Алдабергендер бізді қарсы алды.
Біздің күтімімізде мін жоқ. Қағазымен тұрған ұсталмаған ыдыс-аяқ, көрпеше, жастық. Астың не түрі. Шәуілдірден басқа елден мұндай күтімді көрген емеспін. Ән салған жігіттер мен әйелдер «Шәуілдір аудан, Темірді-ай, Көтерші қалқа кеуілді-ай!» деп ән салады. Ақсақалдың әйелі Ұлбазар – керемет әнші. Бибігүл әндерін айна-қатесіз орындайды. Таң-тамаша қалдық. Айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің анасы. Қайтар сәтте Байғозы киіт қойып, мінт атады. Бір түйе, үш жылқы, бір сиыр, бес өгізше, барлығы он деді.
«Ақсақалға ат беріп, қыз берген құдасындай қона күтіліп, киіт киіп, мінт мініп ағасы Байғозының, інісі Бескемпірдің үйінде де болып, естен кетпестей ризалықпен қайттық-ау Шәуілдірден. Шәуілдір тік тұрып күтті бізді. Мұны қалай ұмытарсың?!» деді Камардін.
Шымкентте бір кездескенде, Камардінге Дулат торыны Ақсақалдың Әбдақпен құда болып, үлкен ұлы Уайске қызын алып, Әбекеңе мінгізгенін айттым. «Қазақтың осыншама ұлан-ғайыр жерге ие болуына жанын, қанын қиған – ат. Қазақтың бір-біріне бауыр болуына жұмсалған – ат. Қазақтың кісілігінің, адамдығының көрсеткіші болған – ат. Айналайын, айналайын» дегенде Камардіннің шәпекі бойы биіктеп, іріленіп кеткендей болды.
Шабандоз Айтуардың әңгімесі.
1970 жылғы 1 мамырда Аққұмда ағайынды Кеңесхан, Кемелхан ұлдарына сүндет той жасап, үлкен көкпар берді. Осы көкпарға Ақсақалдан келген Дулат торыны Әбдақ аға алып келді. Көрдік. Тұлғасында мін жоқ жануардың. Қалыңға еркін кіріп, тоқтаусыз шығады. Мисыз қашқыр екен. Осыдан бастап Дулат торының тұрақты шабандозы мен болдым. Үйірге де жіберіліп, Әбекеңнің жылқысының тұқымын жаңартты. Дулат торының арқасында қандай жиын-тойға барсақ та, төрден орын алып жүрдік.
Қазіргі кезде Сәбден де, Ақсақал да жарық дүниеден озған, алайда ұрпақтары бір-бірімен ағайын-туыс болып, пендеге тән жақсылығында да, жамандығында да қатысып отыр. Адамзаттың бақытты, баянды өмірі осы шығар.
Сабыр Оспанов,
зейнеткер
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Түркістан қаласы