Бәлкім, айтқан да шығарсыз. Содан соң «ақырзаманның баласы ғой» деп өз-өзіңізді алдаусыратқан да шығарсыз. Бірақ осы күнгі балалардың бойынан жеті атасында жоқ түрлі әдет-дағдының шығып жатқанын байқамауыңыз мүмкін емес. Бір сәт осының сырына үңіліп көрдіңіз бе?
Бүгіндері баланы құрсаққа біткеннен бастап тәрбиелеу керек дейтін тәмсіл жиі айтылады. Бойына бала біткен әйел ішіндегі тіршілік иесімен сөйлесіп, оған мейірім мен махаббатқа толы сөздерін арнап, сырласып, жақсылыққа үндеуі керек екен. Қым-қуыт тірлікте олай бола ма, жоқ па, ол арасын айырып айта алмаймыз. Дегенмен біздің жұрт бала дүниеге келгеннен оның өмір жолының даңғыл болуына, жақсыларға ұқсап өсуіне, жамандықтан бойын аулақ ұстауына бағыт-бағдар берген. Сондай дәстүрдің бірі «кіндік шеше» ұғымы еді. Ауылдағы беделді, өскен, өнген, бір әулеттің шырағын жағып, мәуелі бәйтерекке айналдырып отырған аналарымызға жаңа туған шақалақтың кіндігін кестіріп, сол кісінің жақсылығы жұғысты болсын деп ырымдап жататын.
Кіндік шеше – баланың екінші анасы іспеттес болады. Нәресте дүниеге келгенде ең алдымен осы кіндік шешесін көреді. Анасына ұл не қыз босанғанын сүйіншілеп айтатын да осы кісі. Жаңа босанған келіншектің есін жиып, өз-өзіне келгеніне дейін шақалақты кіндік шешесі бағуға көмектеседі. Содан бастап баланы бесікке салып, тұсауын кестіріп, сүндетке отырғызып, мектепке барып, оны бітіріп, азамат болып, отбасын құрған секілді барлық қызықшылығында кіндік шеше осы отбасының, баласының қасынан табылып, құрақ ұшып қызмет қылады. Баланың өмірде жолын тауып, қалыптасуына қал-қадірі жеткенше қолғабыс етеді.
Қазақы ырымда баланың мінезі кіндік шешесіне тартады дейтін де ұғым бар. Сондықтан бұл рөлді атқаратын адамға біздің жұрт аса ыждағаттылықпен, ұқыптылықпен қарап, таңдау жасаған. Қараша үйде бақан ұстап босану тоқтағаннан бері кіндік шеше ұғымы да үзіле бастады деген ойдамыз. Өйткені бұрын перзентханаға бөгде адамды кіргізбейтін. Баланың кіндігін босандырып алған дәрігер немесе акушер кеседі. Ал сіз ол адамның мінезі қандай екенін қайдан білесіз?
Ойымыз осылай өрілгенде, баланың бойындағы түрлі мінез бен әдеттің қайдан бастау алатынын аңғаратын сияқтымыз. Яғни кіндік шеше дәстүрі тоқтап, баланың кіндігін бейтаныс адам кескен соң, оның мінезі де соған ұқсап кетеді деуге толық негіз бар. Оның бойында жеті атасында жоқ дағдылар пайда болады. Ғасырлар бойына жалғасқан ғұрыптың жоғалуымен, біз бала тәрбиесінің тұнық бастауынан айырылып қалғандаймыз. Әйтпесе кіндік шеше ұғымына аса үлкен құрметпен қарап, осы жолды қастерлеп ұстанған ата-бабаларымыз ақымақ емес қой. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенімізбен, бұл – заман өзгерсе де тозбайтын, ғасырлар аунап түссе де ескірмейтін есті ұғым деп білеміз. Себебі бала тәрбиесіне қатысты қаншама уақыттан бері қалыптасқан дүниенің өзгеруі екіталай.
Кіндік шеше ұғымын әр қазаққа тәптіштеп түсіндіріп отырудың өзі ұят шығар. Енді не істемек керек? Осы күні бұрынғыдай перзентхананың есігі жабық емес. Ана босанарында енесін, әпкесін, құрбысын кіргізіп, оның өміріндегі ең маңызды сәтінде қасында болып көмектесуіне, толғағының жеңіл өтіп, дүниеге ұрпақ әкелуіне қолғабыс ететін көмекші адамды алып кіруіне рұқсат. Кейде мұндай көмекшілікке жұбайлары да барып жатады. Қазақы ұғымда өте ерсі, біздің санамызға сыймайтын нәрсе болса да, ондай жағдайлардың барын жасырып қайтеміз? Міне, жаңа босанатын ана мұндай кезде баланың кіндік шешесін көмекке шақырып, өзімен бірге алып кіруі керек. Баланың кіндігін әркім кеспей, өзі білетін, танитын, сенетін, сондай болсын дейтін кісі кесуі қажет. Біз бұл арада дәрігерлердің жұмысына, ол кісілердің мінез-құлқына күмән келтірейік, сенбестік танытайық деген ниетте емеспіз. Бабалардан қалған дәстүрді жалғап, бала тәрбиесінің бастауындағы салт қазақ ортасына қайта оралса деген ниетпен ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, өзіміз де кіндік шешеміздің нақты кім екенін білмейтін ұрпақтың санатындағы адамбыз ғой...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА